қазақша · русский · english
 
 
 
15.04.2019

«7М01-Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша магистранттардың Республикалық олимпиадасы

 

Педагогикалық ғылымдар саласындағы ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындаудың сапасын арттыру, талантты жас зерттеушілерді анықтау мен оларға қолдау көрсету мақсатында және ҚР БжҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің 11.03.19 жылғы №14-5/337 хатына сәйкес 2019 жылдың 10-12 сәуір аралығында Педагогика және психология институтында педагогика және психология кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамының ұйымдастыруымен педагогика ғылымдары бойынша магистранттардың ІІІ Республикалық олимпиадасы өтті.


Мақсаты - қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында педагогикалық ғылымдарды дамытуға бағытталған талантты жас педагог-зерттеушілерді айқындау және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды жетілдіру.

 

Олимпиадаға педагогикалық мамандықтар бойынша магистратураның білім беру бағдарламаларын іске асыратын республиканың барлық университеттерінің 5 адамнан тұратын 16 топтың магистранттары қатысты.

 

Магистранттардың ІІІ Республикалық олимпиадасының салтанатты ашылуын Абай атындағы педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев ашты. Ректор олимпиаданың Жастар жылына орай ұйымдастырып отырғанын атап өтті.

 

«Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша магистранттардың ІІІ Республикалық олимпиадасының салтанатты ашылуына университетіміздің оқу ісі жөніндегі проректоры Асан Сәтмырзаев, педагогика және психология институтының директоры Берікжан Әлмұхамбетов, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтоты Ақжолова, директордың ғылыми істер және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары Бағдат Мажинов, кафедра профессор-оқытушылар құрамы, білім құмар жас қатысушылары мен қадірлі қонақтары қатысты.


Республикалық олимпиадаға қатысушылардың жұмысын профессор Тұрсынбек Баймолдаевтың төрағалығымен өткен қазылар алқасы тарапынан бағаланды.

 

Олимпиада алауын жағу былтырғы жылдың олимпиада жеңімпазына берілді. Сонымен қатар, білім додасының бәйгесі олимпиада символы «Данышпан үкі» тарихы көрсетілді.

 

Қазақстанның 18 жоғарғы оқу орындарының магистранттары олимпиада аясында ұйымдастырылған әртүрлі сайыстарға қатысу барысында өз білімдері мен дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алды. Олимпиада күндері дөңгелек үстел, университеттің профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен жобалық сессия ұйымдастырылды. Тәуелсіз қазылар алқасының шешімі бойынша командаларға жүлделі орындар берілді. Гран - при Абай атындағы ҚазҰПУ-дың командасы иеленді.

 

Олимпиаданың барлық командаларына сертификаттар табыс етіліп, әр командадан ерекше көзге түскен магистранттарға ҚР БҒМ грамоталары, команда жетекшілеріне - Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының Алғыс хаты берілді.

 

Олимпиада қорытындысы бойынша 1-ші орынға ие болған университет 2020 жылғы Олимпиаданы өткізуге ресми құқылы.

 

«7М01-Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша магистранттардың Республикалық олимпиадасын кафедра меңгерушісі Айгерім Көшербаева қорытындылап, сәттілік тіледі.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

  




Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler