қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / Жаңалықтар
13.02.2018

Надежда Лушникова: Мен қазақтың қызымын

 

2018 жылы 8 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90-жылдығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚазПИ-дің түлегі, ұстаз-педагог, айтыскер-ақын Надежда Андрейқызы Лушниковамен «Қазақтың бір қызымын» сырласу кеші болып өтті.

Кешті Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ректор өз сөзінде университетіміздің республикада тұңғыш ашылған жоғары оқу орны екендігін, қазақ халқының көрнекті өкілдері (О.Жандосов, С. Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Т.Жүргенов және т.б.) жұмыс істегендігі, сонымен қатар А.Асфендиаров, М.Габдулин, Ж. Жумабеков, К.Касымов, Т. Садыков ректорлар жұмыс істегендігі туралы айтып өтті. Сонымен қатар, биылға жылы университетке 90 жыл толу мерей тойына байланысты көптеген іс-шаралар жүргізіліп жатқандығына тоқталып, бүгінгі өтіп жатқан сырласу кешіне келген айтыскер-ақынның айтыс әлемінде алатын орны ерекше екендігін айтып, университет атынан Надежда Андреевна Лушниковаға айрықша еңбегі үшін «Абай» медалін тағып, шапан жапты. Алдағы уақытта да шығармашылық жетістіктерге жете беруіне тілек білдірді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор «Жамбылтанушы» Тілеухан Тебегенов жалпы айтыс тарихына шолу жасай келіп, ақынның қазақ айтысындағы орнына тоқталды. Кеш одан әрі дайындық факультетінің тыңдаушысы Әшімхан Балым ақынның «Қазақтың бір қызымын» өлеңін шабыттана оқыды. Филология және көптілді білім беру институтының 1 курс студенті Айдар Қисабаевтың ақын апасына «Арнау» өлеңі кешке қатысқан қонақтарды бір желпіндіріп тастады. Сөз кезегін алған айтыскер-ақын Надежда Лушникова өзінің өмір жолын, айтыс өнерінің киелі де қиын екендігін айта келіп, өз естеліктерімен бөлісті. Ақын жастарға арнап үлгі-өнегелі, тәлім-тағылымы мол жыр жолдарын оқып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Кеш қонақтарының бірі - ақын, сазгер, жыршы-термеші, «Таңбалы тас» мұражайының ғылыми қызметкері Жылбек Тоқтасынов жүз жасаған жыл алыбы Жамбыл мен Нүрилә ақынның айтысынан үзінді термелер орындады. Сонымен қатар, «Құлансаз» ансамблінің мүшелері, өнерлі жастарды тәрбиелеуші Алтын Әліпбаева, Гүлсім Кәренеева, Базаркүл Әжіқожаева халық әндерінен шашу шашты.

Кеш соңында Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінің деканы, п.ғ.к., доцент Ғалия Таубаева сөз алып, осындай әдемі сырласу кеші Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамалық бағдарламасы аясында ҚазҰПУ-нің 90 жылдық мерей тойына орай ұйымдастырылғанына тоқталды.

Кеш соңында ақын жастарға сапалы білім алу үшін ерінбей еңбек етіп, талмай оқу керектігін жеткізді. Сырласу кеші өте тартымды да қызықты өтті.

 

       

 

       

 

       

 

       



495

Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler