қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
13.04.2018

Ұлттық болмысты қалай сақтаймыз?

 


 

Қазақ ұлттық өнер академиясында Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына ар­налған халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференция өтті. «Қазіргі жаһандық әлем: ру­хани жаңғыру және ұлттық болмысты сақтау мәселелері» атты жиынның мақсаты - жас ғалымдар мен студенттер арасында «Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Жолдауды түсіндіру және насихаттау.

 

Конференцияға алыс-жақын шетелдің студенттері мен ғалымдары белсене атса­лысты. Атап айтқанда, Польшаның Лазар университеті, Оңтүстік Кореяның Хангук шетел тілдері университеті, Санкт-Петер­бордың Экономиканың жоғары мектебі ұлттық зерттеу университеті, Таш­кенттің Әлем экономикасы және дип­ломатиясы университеті, Белоруссия мемлекеттік уни­вер­ситетінің ғалым­дары қатысты. Қазақ­станнан А.Бай­тұрсынов атындағы Қостанай мем­лекеттік уни­верситеті, С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мемле­кеттік университеті, Алматы техно­логиялық университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы ме­неджмент университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Халықарарлық бизнес академия­сының ғалымдары ұлттық болмысты сақтау мәселелерін жан-жақты талқылады.


Биыл Темірбек Жүргеновтің 120 жыл­дық мерейтойы аталып өтуде. Оның қазақтың өнері, тілі мен әдебиеті, мәде­ниетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Мем­лекет қайраткерінің өмір жолын, ең­бектерін зерттеуші, педагогика ғы­лым­дарының кандидаты, доцент Айгүл Егін­баева жүргеновтану мәселелеріне ке­­ңінен тоқталды. «Темірбек Жүргенов - қазақ мәде­ниетінің қазығын қаққан тұлға. 1930 жылы Халық атқару ко­миссары қызметіне келген соң, мә­дени орталықтардың ашы­луына мұ­рындық болды. Атап айтқанда, 6 жо­ғары оқу орны, 18 орта мектеп, қоғамға ең қажетті мамандарды даярлайтын 80 техникум, ұлттық драма театрлар, респуб­­лика көлемінде 19 балалар мен жасөс­пірімдер театры, цирк, қуыршақ театры, филармония ашылды. Сонымен қатар Суретшілер одағы, симфо­ниялық және ұлттық оркестрлер құрылды. Му­зейлер ашылды. Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігіне 300-дей өнерпаз қа­тысқан. Қа­зақтың ұлттық өнері үлкен сах­нада наси­хатталды. Келешек жас­тарға Т.Жүрге­новтің еңбегін наси­хаттау жүйелі жүргізіліп жатыр. Бұған дейін бірнеше деректі фильм түсірілді. Оншақты кітап жарық көрді. Ғалымдар педагогика, тарих, филология сала­сындағы еңбектерінен диссертация қорғады. Бір өкініштісі, көзі тірісінде қолданған заттары сақталмаған. Архивтен тек қолжазбалары ғана табылды. Академияда қолжазбаларының көшірме­лерінен қабырға бұрышын жасадық. Келе­шекте мемлекет қайрат­кері туралы көркем­фильм түсіріледі» деді ғалым. Конференцияда жа­һандану заманында ұлттық мұраларды сақтап қалу мәселесіне айрықша назар ауда­рылды. Әсіресе, жас ғалымдардың қазақ­тың салт-дәстүрі, қазақ өнерінің ерекшелігін зерттеуге бағытталған жұмыс­тарының нә­тижелері талқы­ланды. Оның ішінде қа­зақтың дәстүрлі музыка өнері, сурет салу, ұлттық қолөнер туралы жан-жақты талқыланды.


Қазақ ұлттық өнер академиясының жас ғалымы Аружан Көркем жаһандану зама­нында ұлттың тарихы жады болуы үшін қазақ тілін білу маңызды деген пікі­рімен бөлісті. «Тіл - ұлттың тағдыры. Өйткені тілде мәде­ниет және ұлттық рух сақталады. Олай болса тілде халықтың өмір тарихы, жан дүниесі жатқанын ескеру қажет. Мәселен, Абай, Шәкәрім шығар­маларын түсіну үшін қазақ тілін білу аса маңызды. Дәстүр - мәдениеттің сұрыпта­лып, ғасырдан-ғасырға жетіп келе жатқан ұлттың өмір сүру салты. Дәстүрде ұлт өмі­рінің өзіне ғана тән табиғаты жатыр. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Тарихты қазақтың өткен өмірі ғана деп қабылдау қате түсінік. Тіл, тарих - ұлттың болашағы. Өткен­сіз келешек жоқ. Тарихты еске алу, оны оқып-үйрену арқылы біз қазақтың өмір жолын, болмысын танимыз. Тарихи жадысы жоқ, елдің тілі де, мәдениеті де жоқ» деген мәселе­ні қозғады.


«Театртану» бөлімінің студенті Ұлжан Құрманбай театрлардағы менеджмент мәсе­лесін жолға қоюды ұсынды. Театрда менедж­менттің дамымайтын себебі - ізденістің аздығы, «дайын асқа тік қасық» болу. Театрларда даму бөлімі бар. Бірнеше менеджер жұмыс істейді. Жаңалықтарымен бөліседі. Кейбірінің белсенді түрде жұмыс жасайтын фан-клубтары және әлеуметтік желідегі парақшалары бар. Бірақ аншлагпен өтетін спектакльдер саны сонда да аз. Менеджментті дұрыс жолға қойма­ғаннан көрермен аз. Облыстық театрлардың қарапайым әлеуметтік желілердегі парақ­шалары жоқ. Репертуарын интернеттен таба алмаймыз. Мәселен, Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы ака­де­миялық жасөспірімдер мен балалар театрылары көрерменді қызық­тыр­майтын, тартымсыз жарнамалық ролик­терді ұсынады. Қазіргі қазақ театрларына «трейлер» ұғымын қалыптастыру керек. Жақсы жарнама - көрерменді тартатын бірден-бір әдіс. Қазір адамдарды қызықтыру, сендіру өте қиын. Күннен-күнге дамып келе жатқан техно­логиялар арқылы түрлі эффектілі дүниелер жасауға болады. Оның үстіне қазіргі көрермен тек ерекше дүниелерге ғана елең етіп, назар аударады. Театрлар қойылым қойғанда, түрлі тәжірибелерге барып, тыңнан жол таба білсе екен» деді. Конференцияда бұдан бөлек шетелден келген ғалымдар соңғы үлгідегі технологияларды өнерде тиімді пайдалану жолдарын ұсынды. Оның ішінде, шетелдің әдісін қолданысқа енгізгенде әрбір ұлттың өзіне тән ұлттық ерекшелігін сақтап қалу маңызды деп түйіндеді.

 

Авторы: Майра Жанысбай

13.04.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz



195

Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler