қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
04.07.2018

Ана тілін, атажұртын әспеттеген

 


 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы аясында көп жұмыс атқарылды. Соның қатарында Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен 2004 жылы шетелдерде тұратын қазақ диаспорасы балаларының арасынан ана тілін білетіндерге арналған «Қазақстан - атажұртым, қасиетім - ана тілім» атты халықаралық олимпиада өткізіліп келеді. Сол игі іс биыл Қарағанды қаласында өтті.

 

Оған 6 мемлекеттен 60-қа жуық оқушы қатысты. Олим­пиаданың ашылу рәсімінде қазылар алқасының төрағасы, Халық­аралық «Қазақ тілі» қоға­мының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы «Мем­лекеттік тілдің ендігі тағдыры саған байланысты, жас ұрпақ!» деп жастарға салмақ сала тіл қатып үмітін үкілеп келген шет­елдік бауырлардың ұл-қы­зына сөз арнап, «Елім, же­рім, атажұртым, тілім деп алға ұмтылған сендердей құлды­раңдаған құлын­дарыма, сүй- к­імді ботала­рыма дән ризамын» деді. Үміткерлер бірінші кезең­де шығарма жазып, одан кейін ауыз­ша тест тапсырып, өнер­лілері туған елге деген са­ғы­­ны­шын өлеңмен, әнмен жеткізді.

 

Оқушылар сынақтан кейін өңірдің киелі жерлеріне сая­хаттады. Нәубет жылдарынан мол дерек беретін КарЛаг мұражайын аралап көрді. С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында Р.Отарбаевтың «Мұқағали-Фа­риза» атты шы­ғар­масы бойынша қойылған қойылымды тамашалады.

 

Қорытындысында, Иран, Өзбек­стан, Қырғызстан, Моң­ғолия, Қытай және Ресей Феде­рациясының Самара, Ом­бы, Алтай өлкесінен келген оқу­шылар әртүрлі аталымдар бойын­ша марапатталды. Сондай-ақ бес оқушы Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, бір талапкер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры тағайындаған гранттарын алды. Олимпиаданың жабылу сәтінде Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Е.Иманғалиев облыс әкімі Ерлан Қошановтың шеттегі аға­йын­дардың балалары тек қана әдебиет пен тіл маманы бо­лып қоймай, техникалық ма­мандықты да меңгеру керектігін ескеріп, Қарағанды техникалық университетіне екі грант бөле­тінін, Н.Нұрмақов атындағы об­лыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа 9-10 сынып оқушыларын келісімшартпен білімін жалғастыруға мүмкіндік туғызатынын жеткізді. Он бес жыл қатарынан өтіп келе жатқан олимпиадаға мыңнан аса оқушы қатысқанын, 130-ы жоғары оқу орындарын бітіріп, еліне қызмет етіп жүр. Шет­елден келген қандастардың өтінішін айта кетер болсақ, әсіресе көршілес Ресейдегі отан­дастарымыз оқулық пен мұға­лімдердің жетіспеушілігі барын айтып, Қазақ елінен келген оқулықтар тек қазақ сыныптарына арналғанын, бұл көп жағдайда қиындық туғы­затынын, сондықтан орыс сыныптарына арналған қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты құралдар болса деген тілектерін атажұрттағы азаматтар ескерсе екен дейді. Бір құптарлық игі іс Омбы қаласындағы №130 мек­тепте қазақ тілі шет тілі ретінде оқытыла бастапты. Ал Иран елінен келген Аида Көрпе аталған елде 5 мыңнан аса қазақтың өмір кешіп жатқанын айтты.

 

«Осындай байтақ елге ата-анам бұрын неге әкелмеген, енді қимай аттанайын деп тұрмын» деген сөзі жүректі шымырлатты. Халықаралық олимпиаданы ұйымдастыруға «Сарыарқа - Дарын» өңірлік ғылыми-тәжі­рибелік қосымша білім беру орталығы, Н.Нұрмақов атын­­дағы мектеп-интернаттың ұжы­мы үлкен үлес қосты.

 

Авторы: Сүлеймен Мәмет

04.07.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz

 

 

 

 

 



98

Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler