қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
12.07.2018

Қара шаңырақ

 



Еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне - 90 жыл

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны болып саналатыны белгілі. Отандық білім мен ғылым, оқу-ағарту саласына білікті мамандар даярлауда әрдайым алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан іргелі оқу орнының құрылғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осы мерейлі мерекеге орай дөңгелек үстел өткізіліп, университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында әңгімелескен болатынбыз. Басқосуға университет ректоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Такир Балықбаев, университеттің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ғабит Кенжебаев, ғылым департаментінің директоры, физика-математика ғылымының докторы, профессор Саябек Сахиев, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков, «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді, филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиев қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Газет көлемінің шектеулі болуына байланысты ортаға салынған ой-пікірлерді ықшамдап беріп отырмыз.

 

- Алғашқы сауалымызды универси­теттің тарихынан бастасақ. Ол қандай даму кезең­дерінен өтті?


Такир Балықбаев: Абай атындағы ҚазҰПУ - Қазақстандағы ең бірінші жоғары оқу орны. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университеті болып ашылған. Сол кездегі шешім қабылдаған ел басшыларының ойы бойынша, университет педагогика, ауыл шаруашылығы және медицина деген үш бөлімнен құралуы керек болатын. Бірақ сол жылы тек педагогика бөлімі ашылды. 1929 жылы басқа бағыттарда жеке институттар ашу туралы шешім қабылданып, сол жылы зоотехникалық-ветеринарлық институт, 1930 жылы ауылшаруашылық және медицина институттары ашылды. Содан бастап университет Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болды. Сол кезде мұнда Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Халел Досмұхамедов, Байбен Алманов, Ілияс Қабылов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, Әлімхан Ермеков және т.б. қазақтың көптеген зиялылары жұмыс істеген. Бірінші ректорымыз - Санжар Асфендияров. Ол кісі университетімізді 1928-31 жылдары басқарды. Медицина институты ашылған соң сол жаққа ректор болып ауысты. Бұл - оқу орнының бірінші даму кезеңі. Яғни университет болып қалыптасып, мамандар даярлау жағына көбірек көңіл бөлген шағы.


Екінші кезеңі ретінде 40-жылдардан бастап, 80-жылдардың соңына дейінгі уақытты айтуға болады. Бұл кезде мектептердің саны көбейіп, ұстаздарға деген қажеттілік артты, жоғары білім алатын жастардың саны еселенді. Сонда еліміздегі жалғыз педагогикалық институт қазіргі ҚазҰПУ еді. Кейін облыс орталықтарында пединституттар ашыла бастады. Сол кездің барлығында кадрлардың негізгі дайындалатын орталығы осы жер болды. Дәл осы жылдары бізде педагогика ғылымының негізгі дамуы басталды. Сол кезде институтты Жүнісбек Жұмабеков, Мәлік Ғабдуллин, Асқар Закарин, Серғали Толыбеков деген ректорлар басқарды. Біздің математик, физик, тарихшы, әдебиетшілер - тек қана педагогика ғылымы емес, Қазақстандағы тұтас ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан кісілер. Университетіміздің атақты ҚазПИ болып дүркіреп тұрған кезі сол еді.


Тағы бір үлкен кезең - еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыт. Ол кезде білімнің диверсификациясы басталып, оқу орындары әртүрлі бағытта дами бастады. Біздің университет Алматы мемлекеттік университеті болып өзгеріп, жай ғана педагогикалық деңгейден көп салалы оқу орны деңгейіне ауысты. Құқықтану, жаратылыстану ғылымдары, қоғамдық ғылымдар, экономика, халықаралық қатынастар, саясаттану тәрізді көптеген салалар пайда болды. 2001 жылы ұлттық педагогикалық университет атанып, ерекше мәртебе алған соң, қайтадан педагогика саласын дамытуға ден қойылып, Болон үдерісіне көшуге байланысты мамандарды дайындаудың, оқу бағдарламаларының құрылымы өзгерді. Ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлінді.


Бүгінгі таңда QS әлемдік университет рейтингінде ҚазҰПУ үздік 500-дің ішіне кіреді. Соңғы жылдары Болон үдерісіне байланысты бакалавриат, магистратура, докторантура - үш деңгейлі оқыту жүйесіне көштік. 2014 жылы Елбасының ұсынысымен Франциядағы әлемге аты әйгілі Сорбонна университетімен бірігіп Сорбонна-Қазақстан институтын аштық. Онда халықаралық қатынастар, менеджмент, халықаралық құқық секілді мамандықтар оқытылады. Сорбоннаның мұғалімдері сабақ береді. Біздің студенттер сонда барады. Соңында екі жоғары оқу орнының дипломын алады. Бүгінгі таңда университетіміз әлемдік үдерістердің талаптарына сай даму жолына түсті деп айта аламыз. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын қабылдадық. Ондағы негізгі идеяларымыз бойынша, ТМД елдеріндегі озық педагогикалық, зерттеу және цифрлық университет болуды мақсат етіп отырмыз.


- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Осы бағдарлама аясында қандай іс-шаралар атқарылуда? Сондай-ақ қоғамда ұстаз мәртебесін биіктету туралы ойларыңызды білсек.


Такир Балықбаев: Елбасының өткен жылы сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы біздің қоға­мымызға тың серпін берді. Оның ішінде «100 оқулық» жобасының мақсаты - әлемдегі алдыңғы деңгейлі жүз оқулықты қазақ тіліне аудару. Бұл - тамаша бастама. Ғылыми жаңалық ашылған кезде жаңалық болса, біраз уақыттан кейін оқулыққа айналады. Себебі оны студенттерге сабақ ретінде беруіміз керек. Өйткені ол жаңалықты студенттер игеруі керек. Игеріп жатса, ертең өздері ғылыми жаңалық ашуға талпынуы мүмкін. Жобаның негізгі идеясы не? Ол - кітаптардағы білім ескіріп қалмай тұрғанда ұстаздарымыз бен студенттерімізге жеткізу. Сондықтан біз бұл бастаманы жақсы қабыл алдық. «Ұлттық аударма бюросымен» байланысымыз бар. Ғалымдарымыз оқулықтарды ғылыми редакциялауға қатысуда.


Кітаптарды аудару - өз алдына бір жұмыс та, ол оқулықтарды бағдарламаға енгізу - екінші жұмыс. Елбасы 12 сәуірде өткізген жиналысында: «Ең негізгі мақсат - осы оқулықтар қалып қоймай, оқу үдерісіне енуі қажет» деген. Соған байланысты біздің проректор Ғабит Қапезұлы бастаған топпен ақылдаса келе, төрт жеке пән шығардық. Ол пәндер 1 қыркүйектен бастап элективті курс ретінде енгізіледі. Олар төрт оқулыққа негізделген. Екінші мәселе, біздің оқытатын пәндерде басқа оқулықтар міндетті оқу құралы ретінде енгізілді. Алдағы күзден бастап студенттеріміз «100 оқулық» аясында шыққан 18 оқулықты оқу процесінде оқитын болады. Бұл - өте үлкен жетістік.


Ұстаз мәртебесі жайында айтар болсақ, Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұстаз мәртебесін көтеру керек» деп атап өтті. Оны бекер айтып отырған жоқ. Қоғамда ұстаздың мәртебесі өте биік болуы керек. Бізде «жақсы ұстаз», «жаман ұстаз» деген сөздер бар. Дұрыс емес. Балаңыз мектепте оқып жүр ме, ал ұстаз мектепке өмірін арнап жүр ме, демек, одан жақсы ұстаз жоқ. Қоғамда осы пікірді қалыптастыруымыз керек. Бизнеспен айналысып жүрген, ақшасы, байлығы барлар «Мен ұстаздан мықтымын» демеуі керек. Өйткені ол сөйтетін болса, балалардың психологиясын бұзады. Бала да, ата-ана да ұстазды сыйлауы керек. Қараңыздаршы, ұстаздың мәртебесі өте жоғары елдердің білім жүйесінің орны қандай? Корея, Жапония, Сингапур, Тайвань - олардың барлығында ұстазды құдайдай санайды. Білім беру жүйесінде PISA, TIMSS талдауларын қарасаңыздар, алдында жүрген елдер - осылар. Неліктен? Өйткені онда ұстаздың беделі өте жоғары.


Екіншіден, ұстаздың да біліктілігі жоғары болуы керек. ЖОО-да сапалы оқыту керек, мектепте жұмыс істеп жүрген күннің өзінде біліктілігін арттыру қажет және заманауи жаңалықтарды дер кезінде меңгеруге мүмкіндік беру керек. Шындап келгенде, бұл жүйенің бәрі бар. Біз оқытамыз. Ұстаздар заң бойынша бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға келеді. Соның бәрі сапалы болуы тиіс. Бірақ сапаны кім қалай түсінеді, мәселе сонда. Мысалы, осы жерде үш ғалым отыр. Сол үшеуі де өздерін мықты маман санайды. Дұрыс. «Мен сапалы білім беремін» дейді. Бұл да дұрыс. Біздің республикада сабақ беретін 40 мыңға тарта ғалымның бәрі осындай пікірде. Онда жаман түлек қайдан шығады? Сондықтан әрбір оқу орнында сапалы сабақ беру жүйесін: оқу үдерісі, оқу бағдарламасы, ұстаздардың берген сабағы және соның сапасын бақылау жүйесін дұрыс жолға қою керек. Сонда сапалы маман даярлап шығамыз.


- Университеттің құрылу жылына қатысты ол 90 жыл емес, 100 жыл болуы керек деген тәрізді әртүрлі деректер айтылып жүр. Осы сауалдың нақты жауабы бар ма?


Мәмбет Қойгелді: Жалпы, бұл - негізі жоқ дискуссия. Оны көтеріп жүрген тарихшылар емес, журналистер мен филологтар. Егер біз тарихты есептеуді Ташкентте 1918 жылы ашылған педкурс­тардан бастасақ, онда одан ары кетуіміз керек. 1889 жылы Ыбырай Алтынсариннің қазақ қыздары үшін Ырғызда ашқан педучилищесінен бастауымыз қажет. Онда Қазақстандағы жоғары оқу орнына 100 емес, 140 жыл болады. Бұл логикаға сыя ма? Әрине, жоқ. Бұл педкурстар мен педучилищенің оқу бағдарламасы мүлдем бөлек. ЖОО-ға қойылатын талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан бұл жерде өлшемді, критерийді дұрыстап алуымыз керек. Тарихшы ретінде бұл мәселемен арнайы айналысқан, тарихи құжаттармен танысқан маман ретінде айтайын: бірінші тұңғыш Қазақ жоғары оқу орны - педагогикалық институттың ашылғанына биыл 92 жыл болды, 90 жыл емес. Ол - Ташкентте ашылған Қазақ педагогикалық институты. Оны ашуға тікелей қатысып, сөз сөйлеген сол кездегі Оқу-ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов. Алғашқы ректоры - Темірбек Жүргенов. Екеуі де ашылуында сөйлеген сөздерінде: «Бұл қазақ қоғамының тұңғыш жоғары оқу орыны» дейді. Оны қалай жоққа шығарасыз? Бұл - бір. Екіншіден, 1928 жылы Оқу-ағарту Халық Комиссары Ораз Жандосов пен Халел Досмұхамедов оны осында көшіріп алып келді. О.Жандосов: «Бұл - қазақ топырағындағы тұңғыш университет» дейді. Себебі Қазақ педагогикалық институты Өзбекстанда ашылған еді, ал мынау - қазақ топырағында университет болып ашылды. О.Жандосов ашылу салтанатына сол кезде қудалануда жүрген Ахмет Байтұрсынұлын шақырады. Сонда А.Байтұрсынұлы да «алғашқы қазақ мемлекеттік университетінің» ашылуы­мен құттықтады. С.Сәдуақасовтың, А.Байтұрсынұлының, О.Жандосовтың, сол кездегі бірінші проректор Х.Досмұ­­хамедовтың айтқан сөздерін сызып тастап, жоқ бұл оқу орнына 100 жыл деп айту этикаға жата ма? Жатпайды.


Менің қолымда Мәскеудегі архивтен табылған «Протокол совета народных комиссаров РСФСР от 15 мая 1928 года об утверджений постановления малого совета народных комиссаров РСФСР от 10 апреля 1928 года» деген құжат бар. Кіші кеңестің төрағасы Тұрар Рысқұлов болған. Хаттамада «Алматы қаласында мемлекеттік университет ашу туралы» деп жазылған. Мұнда 1929 жылдан бастап университетті, онда педагогика факультетін ашуға рұқсат етілгені айтылады. Менде осы Педуниверситеттің төлқұжаты бар. Онда 1928 жылы Қазақ­стандағы тұңғыш жоғары оқу орны - Қазақ мемлекеттік университеті ашыл­ғаны жазылады. 1931 жылы оның Қазпединститут болғаны, 1935 жылы институтқа Абай есімі берілгені, 1942 жылы қазіргі атауы берілгені айтылады. Осы паспортты жауып тастап, 100 жыл деуге бола ма? Жоқ.


Біздің 100 жыл деп отырған оппоненттеріміз неге сүйенеді? Олар батыстың тәжірибесіне сүйенеді. Батыс­та жоғары оқу орындары колледжден бастау алатынын алға тартады. Ал батыс пен бізде жоғары білімнің қалыптасу жолы, тарихы екі бөлек. Мәселен, бізде білім жүйесі революциялық, ал батыста - эволюциялық жолмен қалыптасты. Бізде мемлекеттік патернализм әдісі үстемдік етті, батыста білімді мемлекет пен бизнес қатар қолдады. Үшіншіден, бізде білім мазмұны мен идеологиясын мемлекет бекітті, батыста оған жеке тұлғалар мен бизнес әсер етті. Бізде қазір қалай? Бизнес пен білімнің ортасында байланыс жоқ. Ал батыста бұл байланыс әлдеқашаннан бар. Бизнес білімнің дамуына мүдделі. Төртіншіден, бізде білімнің мазмұнын анықтау және білім ошақтарын қалыптастыру ісінде орталықтандыру принципі басым болған. Батыста ел көлемінде жеке білім және ғылым орталықтарын қалыптастыруға, жеке тұлғалардың осы тұрғыдағы бастамаларына жол ашық болды. Осының нәтижесінде батыста білім жүйесі мүлдем басқа жағдайда пайда болды. Сол себепті батыспен салыстырудың қажеті жоқ.


- Баршамызға белгілі, университеттің тілші-ғалымдарды, филолог мамандарды даярлаудағы еңбегі ерен. Көптеген белгілі тұлғалар шықты. Қазіргі таңда филология мамандығының тыныс-тіршілігі қандай? Осы ретте ұлттық педагогика, ұлттық тәрбие үдерістерін тілге тиек ету де маңызды болар деп санаймыз. Сонымен қатар қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты қандай жұмыстар атқарылуда?


Балтабай Әбдіғазиұлы: Жалпы, университеттің құрылған күнінен бастап оның басы-қасында тіл мен әдебиеттің қайраткерлері өте көп болды. Өздеріңіз білетін А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, т.б. сол кезеңнің зиялы оқығандарының барлығы оқу орнының қалыптасуына зор үлес қосты.


Университетте тіл-әдебиет мамандары 1928 жылдан оқытыла бастады. Алғашқы жылы филология мамандықтарына 49 талапкер қабылданды. Қарап отырсаңыздар, өткен ғасырдың 30-50-ші жылдарында әдебиет әлеміне шыққан қазақ қаламгерлері мен ғалымдарының барлығы дерлік осы оқу орнының дәрісханасынан түлеп ұшқандар еді. Сол дәуірдің куәгері болған аға-апаларымыздың қай-қайсысы да сол жылдардағы филология факультеті қазақ қоғамындағы айрықша мәдени орталық болғанын айтады. Яғни зиялы азаматтардың негізі шоғырланған жері осы оқу орны болған. Факультетте М.Әуезов, Қ.Жармағанбетов, Қ.Жұбанов сынды атақты ұстаздар еңбек етті. Студенттер қатарында болған Мәлік Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, қазір ортамызда жүрген Серік Қирабаевтар факультетті үздік бітіріп, кейінгі өмір жолдарында ғалымдық пен ұстаздықтың биігіне көтерілді. Өздерімен бірге ҚазПИ дайындаған мамандардың даңқын өсірді. Олардың туған тіліміз мен әдебиетімізді дамытуға, сол бағытта маман даярлауға қосқан үлестері ерекше.


Факультет түлектерінің бір шоғыры ұлтымыздың шығармашылық интеллигенциясын қалыптастырды, ақын-жазушы ретінде танылды.


Бүгінгі күнге келсек, әрине, уақыт өзгерді. Біз айтып отырған Алаш қайрат­кер­лерінің дәуірінен кейінгі белгілі-бір кезеңдерде ұлттық тіл мен әдебиетті оқытуда түрлі кедергілер пайда болды. Алайда университет ұжымы филолог мамандар даярлау ісін бір сәтке де төмендеткен жоқ. Мамандыққа деген халықтың сұранысына мейлінше жауап беруге ұмтылды. Қазіргі таңда бұл салада маман даярлаудың да жаңа бағыттары, тың технологиялық әдіс-тәсілдері қолданылуда. Тілді деңгейлеп оқыту, сатылай кешенді оқыту технологиялары бойынша бүгінгі талап деңгейіне неғұрлым толық жауап бере алатын тіл мамандары даярлануда.


Болон процесінің шарттарына байланысты кейбір пәндеріміздің мазмұны өзгерді. Кейбір тұста жоғалтқанымыз да бар. Мысалы, бір кездері жазғы демалыс кезінде студенттерімізді ел арасына тәжірибеге жіберіп, халық аузында жүрген, жазбаша-ауызша сақталған түрлі аңыз, әңгімелерді жинататынбыз. Бұл ұлттық құндылықтарымызды жинау арқылы барымызды бағалай білуге баулитын маңызды мәселе еді. Қазір, өкінішке орай, одан айырылып қалдық.


Филология және көптілді білім беру институтында бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті мамандықтарына қоса шет тілдерінің, атап айтқанда, ағылшын, қытай, түрік, араб тілдерінің мамандары даярланады. Бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша 18-19 мамандықты оқытамыз.


Алдағы уақытта тілді деңгейлеп оқыту бағытында республика педагогтарының арасында «А.Байтұрсынұлы оқуларын» өткізіп тұруды қолға алып отырмыз. Сонымен қатар, сатылай кешенді оқыту технологиясы бойынша оқу-әдістемелік орталығын ашу жоспарымызда бар. Мұның барлығы болашақ тіл мен әдебиет мамандарын даярлаудың сапасын көтеруге елеулі үлес қосатыны сөзсіз.


Филология және көптілді білім беру институтында студенттердің көркем әдеби шығармашылығын көтеруге айрықша мән беріледі. Студенттеріміз бен магистранттарымыздың арасында шығармашылықпен айналысатын талантты жастар аз емес. Өлең шығаратын, проза жазатын талапкерлерді Институт кафедраларының жанындағы түрлі клубтарға тартып, шығармашылығын шыңдауға атсалысамыз. Талантты деген жастарымыздың шығармашылық кештерін университет көлемінде, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының шәкірттерінің қатысуымен өткізіп тұру дәстүрі жолға қойылған. Атап айтқанда, бүгінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің қатарында жүрген Кәдірбек Құныпияев, Бақыт Беделхан, Саят Қамшыгер, Дәурен Мұқанов сынды түлектеріміз - осындай мектептен өткен таланттар. Айтыстың дүлдүлі болған «Құлмамбеттің құлыны», өмірден ерте өткен Оразалы Досбосынов та осында оқыды, ақын екенін көрсетті, айтыс айдынында танылды.


Латын әліпбиіне көшуге байланыс­ты сауалға тоқталатын болсақ, ұлттық көлемде жүргізіліп жатқан жұмыстарға біздің де қатысымыз бар. Ұлттық комиссияның құрамында біздің екі профессорымыз - Т.Аяпова мен Ж.Әбуов бұл іске тікелей атсалысуда. Комиссияның секциялық жұмыстарындағы түрлі салаларға да мамандарымыз жиі шақырылады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесе отырып, университетіміздің бастамасымен латын графикасына көшу және оқыту жөнінде әдістемелік орталық құрылып, жұмыс жоспары жасалды.


- Осы ретте ауыл мектептері, сол мектептерде оқып жүрген талантты балаларға назар аудару жайында сөз қозғаудың реті келіп тұрған сияқты. Бұл мәселе жөнінде ойларыңыз қандай? Ауыл мектептерімен байланыстарыңыз бар ма?


Ғабит Кенжебаев: Бүгінгі күні ауыл мектептерінің проблемасы өте өзекті болып отыр. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «...барлығы да мектептен, ал Қазақстан үшін - ауылдық мектептерден басталады емес пе?» деп атап көрсеткеніндей, ең алдымен, ауыл мектептеріне заманға сай тeхнoлoгияларды тарту, мeктeптeрді жабдықтаудың мүмкін бoлатын баламаларын іздестіру, жоғары оқу орны түлектерін тарту, қашықтықтан oқыту жүйeсін енгізу арқылы мектептерді мүмкіндігінше сақтап қалуымыз керек.


Жалпы, ауыл мектептері, соның ішінде шағын жинақты мектептердің көптеген мемлекеттерге тән екендігін атап өтуімізге болады. Мысалы, ТМД білім беру кеңістігінде ауылдық шағын жинақты мектептер басты орында, олар маңызды әлеуметтік фактор болып отыр және бірқатар артықшылықтарға ие, сондай-ақ жай мектептермен салыстырғанда өзіндік қиыншылықтары да бар. Француздар бір ғана сыныбы бар ауылдық мектепті «республика идеалы» деп атайды, Норвегияда шағын жинақты мектептің жартысы біріктірілген сыныптар жүйесінде жұмыс істейді, Австралияда жергілікті тұрғындардың шашыраңқы орналасуына байланысты білім беруде радио маңызды рөл атқарады, ал Аляскада - теледидар, Финляндияда ауылдық мектептерді құтқару үшін «Ауылдық қозғалыс» деп аталатын ұйым құрылған және жұмыс істейді.


Өзімізге келсек, бүгінгі таңда елі­міздегі шағын жинақы мектептердің үлесі 42%-ды құрайды екен, бұларда барлық оқушылардың 7%-ы оқып жатыр. Біз қалалық жерлерде шағын жинақты мектептер болмайды деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, қаланың айналасындағы мектептерде де оқушылар саны аз екен. Біз педагогикалық оқу орны болғаннан кейін ауыл мектептерімен байланыс жасауға қатты мән береміз. Бүкіл оқу процесі осы ауыл мектептерімен тікелей байланыс жүргізу арқылы жүзеге асады. Ол үшін арнайы ғылыми жобалар, педагогикалық шеберлік сыныптары құрылған. Еліміздегі шағын жинақты мектептермен байланыс­ты дамыту үшін 14 облысқа арнайы хат жазып, өзара ынтымақта қызмет етуге ұсыныс жасадық. Соның нәтижесінде Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Алматы облыстарының бірнеше мектептерімен арнайы келісім-шартқа қол қойдық. Біздің мұғалімдер сол мектептермен онлайн түрде тікелей байланысқа шығып, оқушыларына сабақ береді. Ауыл­да отырған баланың Алматыдағы профессордан, доценттен дәріс алуы оның шабытына шабыт қосып, ынталандырады деп ойлаймыз. Осы процессті тұрақты жолға қою үшін университетімізде ҚР шағын жинақты мектеп академиясының порталы құрылған. Сол порталға бүкіл оқу-әдістемелік кешендері, бұрын «Білім» телеарнасы үшін ұстаздарымыздың түсірген 112 сабағы жинақталған. Оны республиканың бүкіл шағын жинақты мектептерінің, ауыл мектептерінің ұстаздары пайдалана алады. Бұл - ашық портал. Әрине, бұл жерде тағы да бір қиын мәселе - материалдық-техникалық жағдайға байланысты туындайды. Кейбір ауылдарда интернет жоқ. Бірақ бұлардың барлығы уақыт өте келе түзетіліп жатыр. Шағын жинақты мектептер - қазақтың шағын ауылының іргесі, ұйытқысы, оның әлеуметтік экономикалық дамуының өзегі екенін естен шығармауымыз керек.


- Университет қабырғасында даярланатын мамандардың бәсекеге қабілеттігіне қан­шалықты мән беріледі? Түлектердің жұ­мыс­қа орналасу мәселесі қалай шешілуде?


Хайрулла Жанбеков: Университетте жыл сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Биыл Атырау облысы, Ақтау қаласы, Ақмола облысы бойынша және Алматы қаласы бойынша - 47, Алматы облысы бойынша 28 мектеп, «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығы, Қазақстан-Ресей медициналық колледжі және жалпы саны 72-ден астам балабақша мен жекеменшік мекемелердің қатысуымен ұйымдастырылды. Жәрмеңке нәти­жесінде 200-ден астам студент, атап айтсақ, Физика, математика және информатика институты бойынша 63 бітіруші, Педагогика және психология институтынан - 110, Филология және көптілді білім беру институтынан - 67, Жаратылыстану және география институтынан - 27, Өнер, мәдениет және спорт институтынан - 11, Тарих және құқық институтынан 8 бітіруші жұмыс берушілермен келісім-шартқа отырды. Одан бөлек бітірушілер өз таңдауымен де жұмысқа орналаса алады. Өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік грантта оқыған азаматтардың барлығы бірдей 100% жұмыспен қамтылуы керек. Қазіргі кезде бакалавр бітірушілердің 91%-ының, магистранттар мен докторанттардың 100%-ының жұмысы бар. Себебі PhD бітіретін азаматтар мен азаматшалардың барлығы тапсырыс берген оқу орындарына барады, болмаса университетте қалады. Биылғы жылы 38 азамат бітірейін деп отыр, барлығы біздің университетке жұмысқа қабылданды. Магистранттарға 2-курста жүргенде қызмет жасауға рұқсат беріледі. Сол себепті барлығы бірдей жұмыс орындарын тапқан. Мысалы, биылғы оқу жылында 1933 түлек оқу бітірді. Оның 1264-і бакалавр, 631-і магис­трант, 38-і докторант. Алдағы қыркүйек айында олармен байланысқа шығып, қызмет жасап жатқан орындарынан анықтама мен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы арқылы мәлімет жиналады. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс бойынша бітірген азаматтарды Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығы қатаң түрде есепке алып, жұмысқа орналасуын әрдайым бақылауда ұстап отырады.


- Ғылымға қаншалықты көңіл бөле­сіздер?


Саябек Сахиев: Жоғары білім мен ғылым егіз қозыдай, бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. 2015-2017 жылдары Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің іргелі және қолданбалы зерттеулерге жариялаған конкурсына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары қатысып, барлығы 200 млн. теңгеге жуық 12 ғылыми жобаны жеңіп алды. Ал 2018-2020 жылға жарияланған конкурста біздің 22 ғалымымыз 23 жобаның жеңімпазы атанды. Аталған үш жылдағы зерттеулерге бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 590 млн. теңгені құрайды. Байқау ережесіне сәйкес жобаға қатысушылардың 30 пайы­зы 35 жасқа толмаған жас зерттеушілер болуы керек. Сол жеңімпаз болған ғалымдарымыз осы жарты жылдың ішінде 12 мемлекетке барып, тәжірибе алмасып, өздерінің және шетелдік әріптестерінің жетістіктерімен бөлісіп қайтты.


Одан бөлек, Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының ұсынысын Ғылыми кеңес мүшелері қолдап, 35 жасқа дейінгі жас ғалымдарымыз арасында Университеттің меншік қаражатынан 25 млн теңгелік конкурс жарияланды. Конкурсқа қатысқан жобалардың саны 39 болғанымен, жетекші ғалымдардың сараптауынан оң баға алған 25 жоба қаржыландырылып жатыр. Ол жобаларға 45-тей жас ғалым қатысуда. Оның барлығы тек іргелі не қолданбалы зерттеулер емес, арасында стартаптар да бар. Енді жеңімпаз ғалымдар Жас ғалымдар кеңесі құрамын толықтырып қана қоймай, оның жұмысын жандандыратынына сеніміміз мол.


Ғалымдардың шығармашылық жетіс­тіктеріне келсек, мектептегі оқулықтардың 80%-дан астамы - біздің ғалымдардың еңбегі. 2-12 сәуір аралығында университет қабыр­ғасында Ғылым онкүндігі өткізілді. Онда университетіміздегі барлық институттар мен ғылыми-инновациялық парк құрамындағы зерттеу орталықтарында қыз­метін атқарып жүрген ғалымдар бар­лығы 72 іс-шара өткізді. Оған еліміздегі жетекші ғалымдармен бірге шетелден де көрнекті ғалымдар шақыртылып, өздерінің зерттеулерін таныстырды. Студенттеріміз басқа университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарына барып, ондағы ғылыми жетістіктер мен соңғы нәтижелермен танысып қайтты. Оған қоса, Жоғары экономика мектебі Білім беру институтынан (Мәскеу, Ресей) жетекші бес ғалым ҚазҰПУ ректорының шақыруымен келді. Олармен пленарлық және секциялық жұмыстар жүргізіліп, онда келешекте бірге жүргізілуі мүмкін болатын ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары талқыланды.


ҚазҰПУ ректоры Т.Балықбаев 2019 жылдан бастап ғалымдар (әрине, жас ғалымдарға да қатысты) арасында әр үш жылдыққа ғылыми жобаға ақша бөлуге ұсыныс білдірді. Неге үш жыл? Себебі магистратураны бітірген азамат докторантураға түсу үшін мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс атқаруы керек. Үш жылдың ішінде ол ғылымға деген қызығушылығын жоғалтуы мүмкін, қазақша айтқанда, «көзі қарайып қалуы» мүмкін. Сондықтан біз үш жылдың ішінде зерттеулеріне ақша тауып беріп, ғалымдарымыздың ғылымға көңіл бөлуіне жағдай жасауды көздеп отырмыз.


- Салиқалы әңгімелеріңізге рақмет!

 

Дөңгелек үстелді жүргізгендер: Дәуіржан Төлебаев, Әсел Сарқыт

12.07.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz

 



243

Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler