қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
09.10.2018

Абай атындағы Ұлттық университет 90 жылдық мерейтойын атап өтті

 


 

Өзінің 90 жылдық тарихында педагог мамандарды даярлау ісінің озық жетістіктері мен заманауи білім беру үлгілерін игерген оқу орны жаһандық білім беру кеңістігінде жоғары деңгейдегі университеттер қатарында аталады. Жақында мерейтойын салтанатты жағдайда атап өткен университет ұжымы бәсекеге қабілетті мамандар даярлау саласындағы озық жетістіктерін үлгі ете отырып, тағы бір ерекше кезеңге қадам басты.

 

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтауын оқыды. Отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихы еліміздегі жалғыз педагогикалық факультеттен бастау алып, жетекші оқу орнына айналып отыр. Оқу орнының қалыптасуында белгілі ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов және көптеген көрнекті тұлғалардың қосқан үлесі зор. Бүгінде университетте Қазақстанның қарышты дамуына қажетті мамандар даярлайтын 14 академик, 155 ғылым докторы және 380 ғылым кандидаты сабақ беріп келеді.

 

Шара аясында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтауын вице-министр Эльмира Суханбердиева оқып, мерекелік шараға тілегін білдірді. Ал өз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ сөз сөйлеп, университет ұжымына жетістіктер тіледі.

 

Ректор Такир Балықбаев мерейтойлық іс-шараның маңыздылығына тоқтала келе, Қазақстанның педагогика саласындағы жетекші ғылыми және білім беру орталығы ретіндегі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жыл сайығы әлемдік және ұлттық рейтинггі туралы атап өтті. Биылғы жылы QS World University Rankings рейтингсінің қорытындысына сәйкес Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің үздік университеттері арасында 481-ші орынға көтерілсе, Emerging Europe және Central Asia арнайы рейтингінде Еуропаның және Орталық Азияның 30 еліндегі 200 жоғары оқу орындары арасында 86 орынды иеленген. Қазіргі уақытта университет әлемнің 25 еліндегі 130 жоғары оқу орнымен ғылыми және академиялық байланыс орнатып, халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтіп келеді.

 

Ұлттық университеттің мерейтойлық салтанатына ҚР Парламент Сенатының депутаты Динар Нүкетаева, ғалым, қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Ұлттық ғылым академиясы және шетелден келген ғалымдар қатысты.

 

Университеттің мерейтойы аясында шетелдік әріптестердің қатысуымен бірқатар маңызды шаралар өтті. Францияның 8 университетімен меморандумға қол қойылуы оқу орны тарихындағы маңызды іс-шаралардың біріне айналды.

 

Мерейтой аясында университеттің тарихы мен жетістіктері туралы деректі фильм көрсетіліп, қазақ эстрада әншілерінің қатысуымен мерекелік концерт қойылды.

 

 

Авторы: Эльвира Серікқызы

09.10.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz

 

 



110

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler