қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / Жаңалықтар
31.10.2018

Педагогикалық білімді модернизациялау бойынша республикалық конференция

 

  

 

2018 жылдың 30 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Педагогикалық білімді модернизациялау» тақырыбында республикалық конференция өтті.

 

Конференцияға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары, оқу ісі жөніндегі проректорлар, педагогикалық колледждердің ди⁠ректорлары мен орынбасарлары, Білім басқармасының басшылары, Назарбаев Зияткерлік мектебінің және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері қатысты.

 

Конференция жұмысын ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жүргізді. Асхат Аймағамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған адами капиталды жақсартудағы білімнің ерекше рөліне тоқталды. Вице-министрдің айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қолданыстағы әдістемесі жалпы білім беру жүйесінің негізі ретінде қабылданады. Сонымен қатар, ол экономикадағы сұранысқа ие мамандықтарды ескере отырып, орта мектептердегі балаларға кәсіптік бағдар берудің маңыздылығын атап өтті.


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова «Заманауи мұғалім: мектеп пен жоғары оқу орындарының байланысы» тақырыбында баяндама жасады. Конференция қатысушыларының назарын мектептегі білім беруді жаңғырту, педагог кадрларын қайта жандандыру, оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыру мәселелеріне аудара отырып, практикалық сабақтардың, оқыту әдістері мен технологиялардың, педагогикалық кадрларды даярлауда білім мен технологияны жүйелеудің маңыздылығына тоқталды.

 

«Мұғалім мектептегі басты тұлға. Сондықтан болашақ маманның табысқа жетуі үшін педагогтың болашақта пайдаланатын ақпаратты беруге қабілетті болуы өте маңызды. Оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыру қажет. Заманауи мектептер жоғары оқу орындарына қарағанда зертханалық құралдармен жақсы жабдықталған. Материалдық база көмегімен мұғалімнің тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыруына мүмкіндік жасалған. Мұғалім өзі сабақ беретін пәнін, әдістемесін және оқыту технологиясын өте жақсы білуі керек. Педагогикалық қызметтің жоғары стандарттары үнемі білім саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қажет етеді», - деді Күләш Шәмшидинова.

 

Баяндама барысында жас оқытушылар арасында жүргізілген мониторинг нәтижелерімен бөлісті: олардың 92,7%-ы білім алушылардың шығармашылық, ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған практикалық сабақтарды өткізуге тілек білдірген, сондай-ақ, оқушыларға арналған әртүрлі деңгейдегі күрделі тапсырмаларды әзірлеп, сабақ барысында ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру қажеттілігін атап өткен.


«Жаңартылған білім беру мазмұнын трансляциялау, бастауыш және негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын апробациялау» тақырыбында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Алмагүл Мұхамедханова баяндама жасады. Ол жоғары оқу орындарының жаңартылған бағдарламасының алғашқы талдауларының нәтижелерінде кездескен мәселелерге назар аудару керектігін айтты. Вице-президенттің айтуынша, жеке модульдердің атаулары білімнің негізгі мазмұнын көрсетпейді, ал педагогикалық мамандықтардың модульдік бағдарламалары түлектердің оқу нәтижелерін және құзыреттіліктерін нақтылау үшін қайта қарауды қажет етеді. Түлектердің жаңартылған бағдарламадағы оқу нәтижелері мен құзыреттілігі орта мектепте оқытудың жаңа формасына сәйкес келмейді, модульдер мен пәндер тақырыптары ескірген. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарының жаңартылған бағдарламаларының модульдеріне тоқталып, Алмагүл Мұхамедханова зерттелген бағдарламалардан қойылған мақсаттарға жету үшін маңызды рөл атқара алатын құжаттардың табылмағандығын айтты.


Алматы қаласындағы Білім беру басқармасының бастығы Гүлнар Ходжабергенова бағдарлама бойынша кәсіби-бағытталған білім беруді енгізу туралы ақпарат берді. Ол педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігін атап өтті. Қазақстанның Білім беру альянсының болжамына сәйкес, 5 жылда Қазақстандағы мектеп оқушыларының саны 3,5 миллионға дейін артады. Сәйкесінше мұғалімдер мен мектепке жүктеме 30% -ға артады.


ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің ди⁠ректоры Әділет Тойбаев «Педагогикалық білімді модернизациялауға арналған Жол картасындағы индикативтік көрсеткіштер» тақырыбында баяндама жасады.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев білім беруді дамытудағы педагогикалық кадрларды даярлауда туындайтын өзекті мәселелерді шешуге байланысты өз ойымен бөлісіп, республикадағы білім беруді жаңғырту үдерісіне барынша қолдау көрсетілетіндігін айтты. 


Конференция қорытындысын шығара отырып, Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов министрлікте білім беру саласында анықталған кемшіліктерді жою үшін педагогикалық кадрларды тиісті жүйеде даярлау жөнінде қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Вице-министрдің айтуынша, әрбір педагогикалық жоғары оқу орны түлектерінің, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін, сонымен қатар цифрлық сауаттылықтарын бағалау үшін сертификаттаудан өтетін болады.

 

«Министрлік түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі төмен жоғары оқу орындарына қатаң шаралар қолданып, университеттерден лицензиялар қайтарып алады. Педагогикалық мамандыққа түсетін талапкерлер үшін шекті балл көбейтіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім



122

Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler