қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
19.12.2018

Мемлекеттік наградалармен марапатталды

 


 

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Мемлекет басшысы салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл аса маңызды тарихи оқиға жаңа Қазақстанның дамуына жол ашып, бірегей мүмкіндіктер туғызғанын атап өтті.

 

- Біз әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен қуатты әрі орнықты мемлекет құрдық. Біз даму жолын ұстана отырып, түрлі салалар мен бағыттар бойынша зор табысқа жеттік. Бұл жетістіктерге барша қазақстандықтардың күш-жігері мен жасампаз қуатының арқасында қол жеткіздік, - деді Елбасы.

 

Қазақстан Президенті мемлекетімізде жыл сайын еліміздің гүлденуіне зор үлес қосқан азаматтар наградалармен мара­пат­талып, мұндай марапаттар ең үздік­терге, кәсіби тұрғыдан биік белесті ба­ғын­д­ыр­ған және қоғам тарапынан мо­йын­далған тұлғаларға тапсырылатынын атап өтті.

 

- Сіздер өскелең ұрпақ пен еліміздің барша азаматтарына аянбай қызмет ету­дің, айрықша еңбексүйгіштіктің және нағыз патриотизмнің жарқын үлгі­сін көрсетіп келесіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің ең жоғары бағасына және халықтың құрметіне лайық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төр­айымы Құралай Базарбайқызы Бәй­менова­ға беріп, оның өмір қиыншы­лық­­тарына мойымай, тағдыр тауқыметін тартқан адамдарға көмек көрсетіп жүр­генін атап өтті. Қазіргі кезде Қ.Бәйменова мүм­кін­дігі шектеулі жандарға қолдау көр­сету жөніндегі жобаларды іске асыруда. Жиында сөз алған марапат иесі бар­ша қауымды Тәуелсіздік күнімен құт­ты­қтап, қоғамға қосқан үлесінің баға­лан­ғанына, еңбегінің еленгеніне алғысын білдірді.

 

- Әрбір қазақстандық секілді мен де халықаралық ахуалды қадағалап жүремін. Осыған байланысты бейбіт­шілік, тұрақтылық үшін, балаларды тәр­биелей алатынымыз үшін және ертең­г­е сеніммен қарай алатынымыз үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Сізге үлкен ана­лық алғысымды айтқым келеді, - деді Құралай Бәйменова.

 

«Қазақстанның Еңбек Ері» мәртебелі атағын ұлағатты ұстаз, өз өңіріндегі білім беру жүйесін дамытуға мол үлес қосқан Алина Робертовна Соловьева иеленді. Сонымен қатар Елбасы «Қазақ­станның Еңбек Ері» атағымен Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаевты марапаттай отырып, оның ірі шаруа қожалығының басшысы ретінде адал еңбек етіп, туған жерінің дамуына және өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын айтты.

 

- ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Абай Қабатайұлы Байгенжин марапатталады. Оның бүкіл кәсіби қызметі медицина саласымен байланысты. Ол еліміздің денсаулық сақтау саласының жетекші мекемелерін құру және дамыту ісіне зор үлес қосты, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Елбасы Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділді ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттап, оның тарихи романдары мен шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылғанын және қазақ әдебиетінің алтын қорына енгенін атап өтті.

 

- ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Олег Владимирович Даниленкоға табыс етіледі. Ол ширек ғасырдан астам уақыт бойы еліміздің ауыл шаруашылығында жеміс­ті еңбек етуде. Олег Дани­ленко бас­қара­тын аргофирма асылтұқымды мал шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ауылдың әлеуметтік саласына лайықты қолдау көрсетіп келеді, - деді Мемлекет басшысы.

 

Қазақстан Президенті ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін «Kazakhmys Smelting» жауапкершілігі шектеулі серік­­тестігі мыс қорыту зауытының бал­қы­ту­шысы Теміржан Сабыр­жанұлы Бек­жановқа табыс етті.

 

Келесі кезекте Елбасы Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жол-пат­рульдік по­лициясының инспекторы Азамат Қанат­ұлы Балтабаевты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттай отырып, қаһар­ман­дық­қа баулитын мамандық иелері азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен ты­ныш­тығын қамтамасыз ету жолында әр­дайым ерлік көрсетуге әзір екенін айтты.

 

- Қиын жағдайда, өзіне қауіп төніп тұрса да, Азамат төрт адамның, соның ішінде бір баланың өмірін құтқарып қалды, - деді Елбасы.

 

Мемлекет басшысы адам өмірін құтқа­рып, ерлік пен батылдық танытқаны үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ішкі істер ми­нистрлігінің Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің №2 өртке қарсы мамандандырылған бөлім­шесінің командирі Ермекбек Пазлиевті марапаттады.

 

Сонымен қатар Қазақстан Президенті марапатталушылар қатарында ғылым, мәдениет және өнер қайрат­керлері, білім беру және денсаулық сақтау саласы­ның қызметкерлері, кәсіп­керлер мен өнді­ріс­шілер, әскерилер мен құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлері, еңбек ардагерлері, спортшылар мен мемле­кет­тік қыз­мет­шілер бар екенін атап өтті.

 

- Бүгін біз ең үздіктерді, соның ішінде елінің гүлденуі мен халқының әл-ауқатының артуы үшін бар білімін, қуаты мен күшін жұмсауға әзір өз Отаны­ның нағыз пат­риоттарын марапаттап отырмыз. Сіздер өз істеріңізге адалдық танытып, еңбекті қадірлеп, ерлік көрсету ар­қылы әріптестеріңіздің ара­сын­да беделге ие болып, қоға­мы­­мыздың құрметіне бөлен­діңіздер, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Елбасы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Тыныштықбек Әбдікәкімовке, Ақұштап Бақтыгерееваға және Өте­ген Оралбаевқа табыс етіп, аза­маттарымыздың рухани тұрғыдан жаң­ғыруы мен шы­ғар­машылық әлеуетінің дамуы еліміздің маңызды ба­сымдығы болып саналатынын айтты.

 

Бұдан бөлек рәсім барысында І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендері еңбек ардагері Ж.С.Кәрібжановқа, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.М.Мың­баевқа, «Қазақ ұлттық өнер уни­­верситеті» РММ профессоры С.Ш.Ора­залыға, Орталық сайлау ко­мис­­сия­сы­ның төрағасы Б.М.Имашевқа табыс етілді.

 

«Парасат» орденімен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.І.Ақса­қалов, Қорғаныс және аэро­ғарыш өнер­­кәсі­бі министрі Б.Б.Атамқұлов, Мемле­кет­тік қызмет істері және сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі ап­паратының жетекшісі С.Қ.Ахмет­жанов, «Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық уни­вер­ситеті» РМК ректоры Т.О.Балықбаев, «Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ бас директоры Е.Қ.Бекхо­жин, Премьер-Министрдің орын­басары Е.А.Досаев, Жамбыл облысының әкімі А.И.Мырзахметов, «Uniserv» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Н.Сәт­баев, Маңғыс­тау облысының әкімі Е.Л.Тоғ­жанов марапатталды.

 

«Құрмет» орденімен ма­ра­патталғандар қатарында Денсаулық сақтау ми­нистрі Е.А.Біртанов, «Қазақ ұлттық хореография академиясы» КЕАҚ оқыту­шысы Л.В.Макарцева, Ұлт­тық экономика ми­нистрі Т.М.Сүлейменов, Н.Ті­лен­диев атын­дағы акаде­мия­лық фольклорлы-этно­графиялық оркестрінің бас дирижері Д.Н.Тілендиева бар.

 

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері» атағы кино әртісі С.І.Есләмоваға және «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерватория­сы» РММ аға оқыту­шысы Я.С.Рудковскийге берілді.

 

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заң мен құқық тәртібін қам­тамасыз ету, елдің ұлт­тық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажыр­лылығы үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен әскери қыз­мет­шілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы, атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы А.А.Ақшаев, Қор­ғаныс министрінің орынбасары М.М.Алтынбаев, Алматы қаласы­ның прокуро­ры Б.Қ.Жүйріктаев, Қазақ­­стан Республикасы Қару­лы Күштері Әуе қор­ғаны­сы күштері Әскери-әуе күш­тері­нің қолбасшысы Д.Ж.Қо­санов, Мемлекеттік күзет қызметі Нысандарды қор­ғау қызметі «Айбын» Прези­дент полкі» рәсімдік батальо­ны құр­мет қа­рауыл ротасы­ның бө­лімше ко­мандирі Ә.А.Төре­беков марапатталды.

 

Сонымен қатар рәсім барысында Қазақстан Рес­публикасының әдебиет пен өнер саласындағы 2018 жылғы мем­лекеттік сый­лық «Абай» операсы үшін Т.Н.Әлпиев, С.Ә.Байғожин, Ғ.А.Ах­ма­дияров енген авторлар ұжымы­на және «Анаға апарар жол» толықметр­лі көр­кем фильмі үшін А.Қ.Сатаев, Ә.Н.Назар­баева, А.Б.Нөгербек, Т.Қ.Жақ­сы­лықов, Ә.Е.Ахметов енген авторлар ұжымына табыс етілді.

 

Соңында Қазақстан Пре­зи­денті мем­лекеттік наградалар мен сыйлық­тар­дың бас­ты мерекеміз - Тәуелсіздік күні қарсаңында берілуінің символдық мәніне тоқталды.

 

- Сіздер мемлекеттің осы жоғары бағасына ла­йық­ты болып, Қазақстан хал­қы­ның игілігі жолында қыз­мет ете береді деп сене­мін. Жас­тарымыз өздеріңіз салған жол­мен жүріп, жаңа белес­тер­ді бағындыратын болады. Отанымыздың қауіпсіздігі мен бақуаттылығы сіздердің қолдарыңызда. Осы жоғары әрі мәртебелі миссияға әрқа­шан лайық болыңыздар - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

Авторы: Еркежан Айтқазы

19.12.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz

 



220

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler