қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
25.11.2020

Такир Балықбаев: «Жаңа Парламенттің өте қиын уақытта жұмыс істеуіне тура келеді»

 


 

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде парламенттік сайлауға үміткерлердің тізімі бекітілді. Партияның базалық 3 принципі айтылды: жауапкершілік, командалық бірлік және үміткерлерге өздерінің сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруға бағыттайтын ортақ міндеттер мен мақсаттарды ұстану. Бұл өте үлкен жауапкершілік. «Nur Otan» партиясынан кандидат болу, партиялық тізімге ену дегеніміз мемлекет үшін, оның бүгіні мен болашағы үшін жауапкершілікті бөлісу деген сөз. Бұл туралы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында жазды.

 

«Жаңа Парламентке өте қиын уақытта жұмыс істеуіне тура келеді. Пандемия бүкіл әлемдегі экономикалық проблемаларды ғана емес, барлық қызмет салаларын да ушықтырды. Оның ішінде қоғамда лайықты орын алуға, өмірдің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге көмектесетін білім саласы да бар. Бұл саланың алдында адами капиталды дамыту, білім беру сапасын және педагог мәртебесін арттыру, жас мамандарға арналған тұрғын үй, үштілділік, түлектерді жұмысқа орналастыру сияқты бірқатар маңызды міндеттер тұр», - деп жазды Такир Оспанұлы.

 

Ректордың пікірінше, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы қолжетімді білім беру және оның сапасы туралы идеялары елдің дамуына жаңа серпін береді. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар саны 50%-ға өседі. 2025 жылға қарай жастардың барлығы колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алады. 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша шаралары қолға алынады. Өмір бойы үздіксіз білім алу мүмкіндігі және білім берудің барлық кезеңдерінде цифрлық сауаттылықты арттыру қамтамасыз етіледі. Барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламалары жаңартылып, кәсіпкерлік, экологиялық және мәдени білім беру негіздері бойынша жаңа пәндер енгізіледі. Тиімсіз білім беру мекемелері жабылады. 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақылары 2 есеге, магистранттар мен докторанттардікі 1,5 есеге өседі. Жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлінеді. 2025 жылға қарай колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларында кемінде 50 мың жаңа орын пайдалануға беріледі. Формальді емес білім берудің баламалы нұсқаларын әзірлеу бойынша заңнамалық шаралар қабылданатын болады.

 

«Партияның саясаты білім саласында маңызды рөл атқарады, ал «Баршаға қол жетімді білім» бағдарламасы біздің еліміздің басты даму мақсаттарының бірі болып табылады. Қазақстанның жетекші педагогикалық жоғары оқу орнының басшысы ретінде білім және ғылым саласын дамыту мен өркендету үшін алдағы уақытта да жұмыс істейтін боламын. Еліміздің дамуына жан-жақты үлес қосып келе жатқан партияның барлық бастамаларын қолдаймын. Халықтың бірлігі мен мемлекетіміздің саясатын жан-жақты қолдау ғана барлық мәселелерді шешіп, елді өркендеуге жетелейтініне сенімдімін», - деп жазды ректор.

 

 

25.11.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com