қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
10.12.2020

Такир Балықбаев: «Әрқайсымыз еліміз бен оның азаматтарының игілігі үшін тамаша нәтижелерге қол жеткізуіміз керек»

 


 

Өткен айда «Qazaq» газетіне «Біздің шаңырақ - ұстаздардың үйі болғандықтан ба, кез келген уақытта оқушылар үйге келіп, бірге математикадан есеп шығаратын, әкем оларға ән айту мен би билеуді де үйрететін, осылайша мұғалім мен оқушы арасындағы жақындықты көріп өстім. Бойыма ұстаздыққа деген ниет-қабілеттің сол кезде оянғаны да даусыз» деп сұхбат берген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында азаттықтың арқасында еліміздің жеткен жетістіктеріне қатысты ойларымен бөлісті.

 

«Мен Қазақстанның оңтүстігінде, Жамбыл облысында мұғалім отбасында дүниеге келдім. Сол жерде мектеп бітіріп, жоғары білімді Алматыда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алдым. Содан кейін Мәскеу мемлекеттік университетінде аспирантурада оқуымды жалғастырдым. Мәскеуде жүрген кезімде мен өз елімде алған білім деңгейінің өте жоғары екенін түсіндім. Мен кандидаттық диссертациямды Мәскеу мемлекеттік университетінің түлектерімен тең дәрежеде - КСРО-ның ең беделді университетінде қорғадым.

 

Кейін жұмыс барысында да Қазақстандағы білім мен ғылымның жоғары сапасына бірнеше рет көз жеткіздім. Біздің студенттер шетелдік университеттерде оқиды және үлкен нәтижелерге қол жеткізеді, ал жас ғалымдарымыз өздерінің зерттеулері үшін гранттарды ең беделді халықаралық ғылыми қорлар мен оқу орындарынан жеңіп алады. Менің ойымша, бұл мақтанарға тұрарлық жетістік.

 

Тәуелсіз кезеңдегі Қазақстанның дамуы - ерекше оқиға. Қазақстан экономикасы әлемнің жетекші 50 елінің қатарына енді. Жаңа Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы әлемдік озық идеялар мен маңызды бастамалар шоғырланған орынға айналды. Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Еуропаның қауіпсіздік пен ынтымақтастық саммиті өтті, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесі әлемдегі елеулі оқиға болды. Осындай кезде мен Қазақстаным үшін зор мақтанышта боламын. Сондықтан мен Қазақстанда туылғаныма, білім алып, білім және ғылым саласында жұмыс істегеніме және еліміздің болашақ жастарының білім алуына өз үлесімді қосқаныма мақтанамын. Мен де өз елімнің дамуына үлес қостым деп айтамын. Біздің әрқайсымыздың еңбегіміз бен жеңісіміздің арқасында біздің еліміз осындай үлкен жетістіктерге жетуде. Менің жастарға айтатыным: Қазақстанның мәртебесін арттыру үшін әрқайсымыз өз деңгейімізде жақсы білім алып, еліміз бен оның азаматтарының игілігі үшін тамаша нәтижелерге қол жеткізуіміз керек», - деп жазды ректор Тәуелсіздік күні қарсаңында.

 

 

 

10.12.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com