қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
25.01.2021

Қапшағай қаласы "Балдәурен" РОСО - Абай атындағы ҚазҰПУ: меморандум аясындағы дөңгелек үстел

 


 

"Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығының Қапшағай қаласындағы филиалы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен меморандум аясындағы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұл басқосуға жергілікті құрылымның директоры Ренат Кульмагамбетов, ұжым басшысының оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Жанар Алгуатова, жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы, Абай атындағы ҚазҰПУ жергілікті филиалдағы үйлестірушісі Ерлан Бірталаев бастаған осы жоғары оқу орнының арнайы делегациясы қатысты.

 

Меморандум аясындағы дөңгелек үстел барысында 2019-2020 жылғы жұмыстарға есеп және 2021 жылға жоспарланған шаралар сынды мәселелер қарастырылды. Қапшағай қаласындағы филиалдың жетекшісі Ренат Серікұлының алғы сөзінен кейін Ерлан Қадырұлы мекемелер арасындағы келісім шартқа сәйкес 2019-2020 жылдар аралығында атқарылған жоспарлы жұмыстар бойынша есеп берді. Соңғы екі жыл аралығында республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулар, семинарлар ұйымдастырылып, сонымен қатар мекемелер арасында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.

 

Кездесу барысында республикалық оқу сауықтыру орталығында іс-тәжірибеден өтіп жатқан ҚазҰПУ студенттерінің атынан Тухпатуллина Саида мен Наренова Жансая ойларын ортаға салып, пікірлерін жеткізді. Болашақ жас мамандардың ұсыныстарына орай КазҰПУ өкілдерінде университетте білім берудің жаңа моделі бойынша «ұйымдастырушы-ұстаз» деген қосымша квалификация қосу туралы пайым жасалды. Ең бастысы - бұл жүздесудің шеңберінде биылғы жылға арналған жоспар талқыланып, мақұлданды.

 

Атап айтсақ, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудағы инновациялар» атты республикалық семинар-практикум, «Тарих пәнін оқытуда патриоттық тәрбие беру жолдары» атты республилық тәжірибе алмасу семинар, «Балдәурен білгірі - 2021» республикалық зерттеу жұмысы мен әлеуметтік жобалар байқауы, сондай-ақ, «Абай сыйы» республикалық олимпиадасы, «Жыл құсы» көрме байқауы, педагогикалық мамандықтар студенттері арасында жаратылыстану пәндеріне сәйкес халықаралық олимпиада, «Greenways» экотуризм бойынша жобалар байқауын ұйымдастыру жоспарға енгізілді.

 

 

 

Авторы: Адия Каиржанова,
"Балдәурен" республикалық оқу сауықтыру
орталығы Қапшағай қалалық филиалының
баспасөз хатшысы, Алматы облысы

25.01.2021 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz