қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
30.03.2020

Ақтолқын Құлсариева: Ғылыми жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілуде

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті зерттеу бағытына бет бұрды. Мақсат - зерттеу университеті болу. Бұл мәселенің жүзеге асырылуы, магистратура мен докторантура кезінде жұмыс істеудің заңдылығы және жас ғалымдардың белсенділігі туралы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызымен сұхбаттасқан едік.

 

- Ақтолқын Тұрлыханқызы, көлемді сұхбатымыздың алдында ғылымға құштар жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп өтсеңіз.

 

- Жарайды.

 

- Университетте ғылыммен айналысам деген жастарға қандай қолдау көрсетіледі?

 

- Ғылыммен айналысуға ниет қойған студенттер мен оқытушыларға жас ерекшеліктеріне қарамастан қолдан келген жағдайдың барлығы жасалуда. Университеттің саясатына сəйкес, мемлекеттік ғылыми гранттар немесе университеттің ішкі жобалары бойынша зерттеулер жүргізу жұмыстарын атқаратын 30%-ы - студенттер. Студент деп жалпы атау ретінде бакалавр, магистратура және докторантура бағдарламаларында оқитындарды айтып отырмын.

 

- Магистранттар пен докторанттарға оқудан тыс университет қабырғасында немесе басқа жерде жұмыс істеуге болады ма?

 

- Болады. Егер олар академиялық кезеңіне және ізденістеріне кедергі келтірмейтін болса. Магистранттар мен докторанттар оқып жүріп жұмыс жасамасын деген шектеу жоқ. Еуропалық сапаны анықтайтын нұсқаулық (ESG, European standard guideline) бойынша, студентке сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуге оқу орны жағдай жасау керек. Дегенмен ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналысатын студенттерге толық жүктемемен жұмыс істеудің қиын тиетіні анық. Мұның барлығы студенттің қарым-қабілетіне, жұмыс ырғағына, психологиялық күйзеліске төзімділігіне, уақытын дұрыс жоспарлай алуына байланысты.

 

- Шəкіртақы туралы сұрақтарды көп қояды...

 

- Біз ұлттық университетпіз, сондықтан шəкіртақы көлемін мемлекет бекітеді. Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша, студенттердің шəкіртақысы 2020 жылдан бастап 25%-ға өсті. Мемлекеттік білім гранты бойынша оқитын магистранттар 66 913 теңге, ал докторанттар 102 498 теңге көлемінде шəкіртақы алады. Бұдан бөлек ғылым саласындағы, университет қабырғасындағы белсенділігі мен жұмыстарының нәтижесін көрсете білген студенттерге ақшалай сыйақы, басқа да қаржылай қолдау көрсетіледі.

 

- Енді негізгі сұрақтарға көшейік. Абай атындағы ҚазҰПУ ғылым саласында қандай жетістіктерге қол жеткізді?

 

- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Web of Science халықаралық ақпараттық-талдамалық платформасының соңғы 5 жыл аралығындағы басымдылық көрсеткіштері бойынша Қазақстан Республикасының педагогикалық университеттері арасында көшбасшы атанды. Бұл марапатқа 2019 жылдың күзінде ие болдық.

 

2018 жылы Қазақстанда өткен Scopus Award Ceremony барысында «Әлеуметтік ғылымдар саласында үздік зерттеулер» («Best Researcher in Social Sciences») аталымындағы беделді марапат әлемдік ғылымның дамуына үлес қосқаны үшін Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары құқық ғылымдарының докторы, профессор Жанна Хамзинаға және құқық ғылымдарының докторы, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ермек Бөрібаевқа табысталды. Ал 2019 жылы ғалым Е.Бөрібаев Scopus туралы үздік мақала иегері ретінде марапатталды.

 

Ғылыми-зерттеу жұмысы университеттің дамуының маңызды саласы және қызметінің басым бағыты болып табылады. Абай атындағы ҚазҰПУ-да ғылымның педагогика, филология, тарих, философия, әлеуметтік ғылымдар, физика-математика, жаратылыстану сияқты бағыттары бойынша ғылыми мектептер қалыптасқан.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың екі профессоры Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы үздік елу профессордың (ТОП-50) бас рейтингісінде Е.А. Бектұров 8-ші орында, В.Н. Косов 24-ші орында тұр. Бұл да университетіміздің жоғары ғылыми-зерттеу әлеуетін танытады.

 

Университетіміздің ғалымдары Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері болып табылады.

 

1. Бердышев А.С. - «Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулері» ҰҒК;

2. Косов В.Н. - «Энергетика және машина жасау» ҰҒК;

3. Купчишин А.И. - «Табиғи, оның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалану, геология, қайта өңдеу, жаңа материалдар мен технологиялар, қауіпсіз құрылғылар мен конструкциялар» ҰҒК;

4. Абылкасымова А.Е., Даутова С.Б. - «Мәңгілік ел» ғылым негіздері (ХХІ ғ. Білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) ҰҒК.

 

2019 жылы оқытушылар 4 патенті, 85 авторлық куәлік алды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты.

 

2019 жылы университет бойынша 3255 ғылыми мақала, монография, оқу құралдары жарияланды. Импакт-факторлы шетелдік журналдарда барлығы - 123 мақала, оның ішінде Thomson Reuters шкаласы бойынша - 20, Scopus - 103 мақала. Атап өтерлік жайт, «жыртқыш журналдардағы» жарияланымдар саны 3 есеге кеміген.

 

Шетелдік баспаларда Абай атындағы ҚазҰПУ ПОҚ 10 монографиясы шығарылды. Мысалы: Австрия - 2, Ресей - 1, Ақш - 1, Германия - 1, Польша - 1, Түркия - 1, Латвия - 1, Украина -1. Отандық баспадан ағылшын тілінде 1 оқу құралы басылды.


- Зерттеу университеті болуды мақсат еткен ҚазҰПУ-да бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 

- Біз 2019 жылдың ақпан айында университет басшылығы алдында трансформациялану жолдары бойынша өз жоспарымызды таныстырдық. Зерттеу университеті болу - ол күрделі шешім. Сондықтан «Жол картасын» дайындап, университеттің институттарына жібердік. Жоғарыдан келетін шешімді күтіп отырмай, жоспардың түпқазығын бүкіл университеттің ғалымдары мен оқытушылары арасында талқылап жинақтадық, басым ғылыми бағыттарды анықтадық.

 

Әлем бойынша педагогикалық ғылым саласындағы озық 500 университетпен (ТОП-500) тығыз қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Осы мақсатта ректор Такир Балықбаевтың тапсырмасымен педагогика ғылымы дамыған 10 университеттің арасында педагогикалық ғылым, пәндік рейтинг бойынша серіктестер таңдалуда. Олардың ішінде Қазан федералды университеті, Гумбольд университеті, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Томск мемлекеттік университеті бар. Бұл оқу орындар бізге педагогика саласындағы нақты зерттеулерімен қызықты. ҚР Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, профильді, ғылыми бағытқа бет бұрып отырмыз.

 

- Қазіргі таңда қандай ғылыми жобалар жасалуда?

 

- Ғылыми зерттеулер жүргізу үшін универсиеттің ғылыми-инновациялық паркі жұмыс жасайды, оның құрамына енетіндер:

 

1. «Тұлға психологиясы және ҚР жоғары оқу орындары үшін инклюзивті білім беру бойынша ресурстық кеңес беру орталығы»;

2. «Зияткер ұрпақ» ҒО;

3. «Қолданбалы зерттеулер мен функционалды технологиялар» ҒО;

4. «М.Ғабдуллин атындағы Тұлғатану» орталығы;

5. «Ауызша авторлық әдебиет» ҒО;

6. «Хакім-Абай» ҒО;

7. «Ауызша тарих» ҒО;

8. «Педагогикалық білім беруді дамыту» ҒО.

 

Ғылыми-инновациялық парктің қызметі ғылыми зерттеуді қаржыландырудың жобалық тәсіліне көшірілді. 2018 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында университет 10 жобаны қаржыландарды, 2019 жылдың қаңтарынан бастап Ғылыми-инновациялық паркте жұмыс істейтін ғалымдардың 7 жобасы жүзеге асуда.

 

Ғылыми-зерттеу жұмысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласындағы тұжырымдалған мәселелерді шешуге бағытталған. Университет үшін «Мәңгілік ел» мемлекеттік идеясы тұрғысынан педагогика және білім беру саласындағы зерттеу; ұлттық тәрбие және психологиялық-педагогикалық білім; «Туған жер»; білім беруді цифрландыру; инклюзивті білім беру; оқытудың инновациялық әдістемесі; сонымен қатар, көптілді білім беру, латынша оқыту және педагогикалық білімнің басқа да бағыттары басымдыққа ие.

 

«ҚР жоғары оқу орындары үшін инклюзивті білім беру бойынша ресурстық кеңес беру орталығы» жобасы жүзеге асырылуда. Ресурстық орталық мүгедектерді зерттеуді жүргізеді және ҚР ЖОО үшін оқыту семинарларын ұйымдастырады.

 

2018/2019 оқу жылында жаңа құрылымдық бөлімдер құрылды: STEM-парк (роботтық техника зертханасы, өлшеу құрылғыларының зертханасы, мехатроника зертханасы) білім алушылардың зерттеу және құрастыру жұмыстарын жүргізу үшін; CLIL оқытушыларды дайындау және қайта оқытудың инновациялық орталығы.

 

ҚР БжҒМ гранттары бойынша қаржыландырылатын жобалардың саны 2 есеге артты: егер 2017 ж. университетте республикалық бюджеттен 90 млн 200 мың теңгеге 12 жоба жүзеге асса, 2019 ж. 179 млн теңгеге 23 жоба және Ғылым Қорының бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру бойынша 39 млн теңгеге 2 жоба жүзеге асырылуда. Оған қоса университет оқытушылары өз бетінше басқа да ҚР басты ұйымдары-ның 19 жобаның (Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР БжҒМ зерттеу институттары), 14 шетел ұйымдары жобаларының қатысушылары болды. 2019 ж. гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландырылатын ҒЗЖ орындау мақсатында 10 шетел ғалымы шақырылды.

 

3 жылдық үзілістен кейін университеттің қаржысынан жобаларды қаржыландыру қолға алынды (2018 ж. - жалпы 70 млн теңге сомадағы 35 жоба; 2019 ж. - 55 млн 609 мың теңге көлемінде 30 жоба).

 

Дүниежүзілік банктің инновацияларды коммерциялау конкурсы бойынша 2018 ж. қараша айында 83 млн. 750 теңге көлемінде «Жылулық және электр энергиясын өндіретін микро-гидравликалық және жел стансаларының кешенді технологияларын құрастыру» жобасы бастау алды.

 

«Трансферт кеңселерін таңдау / Қазақстан Республикасы университеттерінде технологияларды коммерциялау бойынша тиімді инновацияларды ынталандыру» жобасын іске асыру мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірге Қазақстан Республикасы білім министрлігі ғылым комитетінің конкурсы аясында Абай атындағы ҚазҰПУ 105 млн теңге көлемінде грант жеңіп алды.

 

Оған қоса университет шетелдік серіктестерімен ортақ бірнеше жобаларды жүзеге асыруда:

 

1. «Кәсіби білім берудің дуалды бағдарламаларына өту және логистика, мехатроника мен Қазақстандағы тұрақты энергетикалық технологиялар» (Германия, 45 мың евро).

 

2. «Біртұтас Азия - Біртұтас Әлем» жобасының аясында «Біртұтас Азия курсы» (Біртұтас Азия қоры, 26 мың АҚШ доллары). Бұдан бөлек 11 адам 300 доллар көлемінде стипендия алды.

 

3. «ХХ ғасыр әлемдік контексіндегі орыс әдебиеті» Сусуму Нонако профессорының жобасы, Саитам университеті, Жапония. Жоба Жапон жәрдемдесу қоғамдастығымен қаржыландырылады.

 

4. 2018/2019 оқу жылында ҒЗУ «Жоғарғы экономика мектебімен» (Мәскеу қ. РФ) біріккен жобаларды құрастыру бойынша жұмыс жасалды. Жетекшілері ҒЗУ ЖЭМ ғалымдары, орындаушылары - Абай атындағы ҚазҰПУ ғылыми мектептерінің өкілдері. 5 жоба Абай атындағы ҚазҰПУ жеке қаражатымен қаржыландырылады.

 

Бұл жобалардан бөлек университеттің профессор-оқытушылар тобы бірнеше халықаралық жобаларға қатысады.

 

 

30.03.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilim.expert