қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
11.02.2021

Мұқағалиға арналған кеш

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көрнекті ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің?» тақырыбында әдеби кеш болып өтті. Оны ашқан университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің өміршеңдігіне, көркемдік ерекшелігіне тоқталды.

 

Кешке арнайы шақырылған Қазақстан кинематографистер одағы мен Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі, белгілі актер әрі ресиссер, мұқағалитанушы Шаяхмет Имашұлы М.Мақатаев поэзиясын жарты ғасырдан бері зерттеп келеді және ақынның 600-ден астам өлеңдерін жатқа оқиды. Оның айтуынша, Мұқағали 45 жылдық қысқа ғана ғұмырында 2000-нан астам өлең-жыр, 16 поэма жазған екен. Проза, аударма, драматуригия салаларында да азды-көпті қалам тербеген. «Бүкіл поэзиялық шығармаларын біріктірсе ол Мұқағалидің өмірі туралы бір ұзақ өмір-дастан болып шығар еді», - деді Ш.Имашұлы. Сондай-ақ ол Мақатаев шығармаларындағы көркемдік бояу азаматтық асқақ үнмен астасып, үлкен адамгершілік, адамзаттық құндылықты құрайтынын атап көрсетті. Дарынды актер мәнерлеп оқыған Мұқағали жырлары тыңдаушылардың жанарына жас үйіріп, жүректерін тебірентті.

 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Мырзахан Ахметов Мұқағалимен кездесіп, әсерлі әңгімесін, өміршең өлеңдерін өз құлағымен тыңдаған 1975 жылғы желтоқсан айында өткен жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесінен естеліктер айтты. Университет студенттері Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық қойылымдар көрсетті.

 

Қаңтар айының 11-і мен 31-і аралығында оқу орында Мұқағалидің 90 жылдығына арнап ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан, ақынға арналған шығармалар мен өлең жырлардан конкурс өткізілген еді. Осы кеште конкурс жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

 

 

Авьоры: Шоқан Құттыбаев,

Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғамман байланыс бөлімінің қызметкері

11.02.2021 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz

 



9

Кері оралу