қазақша · русский · english
 
 
 
30.12.2019

Педагог мәртебесі артады

 


 

Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы 2018 жылғы 5 қаңтардағы Жолдауында: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға тиіс», - деген болатын. Бұл, шын мәнінде, еліміздің мұғалімдер қауымын ғана емес, бүкіл қоғамды толғандырып отырған мәселе еді. Сонау кеңестік дәуірден басталған мұғалім беделінің құлдырауы тәуелсіздігіміздің алғашқы екі он жылдығында одан әрі жалғасқаны белгілі. Ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин: «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі» деп, ал Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп аса құрмет тұтқан мұғалім мәртебесінің құлдырап кетуі білім сапасының төмендеуімен қатар тәлім-тәрбиенің де босаңсуына әкеліп соқтырғаны жасырын емес.

 

Ашығын айтсақ, еліміз тәуелсіздігін жаңа алып, тәлтіректеп тұрған қиын кезеңде мектептен басқа жерде жұмыс қалмағандықтан, мектеп бітірген жастардың бәрі педагогикалық жоғары оқу орындарын жағалағаны әлі есімізде. Соның салдарынан мұғалімдік дарыны мен қабілеті жоқ көптеген мамандар мектепке мұғалім болып келді. Мысалы, заңгер, экономист сияқты мамандықтар бойынша әркім-ақ жұмыс істей беруі мүмкін. Ал жақсы мұғалім болу үшін мұғалім болып туылу қажет. Өйткені педагогқа да ақын, жазушы немесе композитор сияқты тума талант қажет.

 

Мұғалім мәртебесінің төмендеуіне жергілікті атқарушы биліктің мектеп қызметкерлерін басы артық жұмыстарға жегуі, мектептегі жүктеменің шектен тыс артуы, жөн-жосықсыз тексерістердің көбеюі, ұстаздардың әлеуметтік жағдайларының төмендеуі де себеп болғаны анық. Басқа факторлар да жетіп артылады.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен бүкіл ұжымы ҚР Парламенті Сенатында «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданғаны туралы хабарды зор қуанышпен қабыл алды. Еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы әрі мұғалім кадрларын даярлайтын бас оқу орны болғандықтан бұл Заңның біздің университетіміздің ұжымы үшін орны айрықша. Өйткені бұл құжаттың ең алғашқы жобасын Білім министрлігі мен біздің университетіміздің заңгер-ғалымдары даярлап, ұсынған болатын. Жоба жарияланғаннан кейін біз институттар мен кафедра ұжымдарында оны жан-жақты талқылап, ұсыныс-пікірлерімізді ҚР Білім және ғылым министрлігіне уақтылы жолдап отырдық. Ал енді ҚР Парламенті Сенатының 26 желтоқсан күнгі отырысында «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы еліміздің мұғалімдер қауымына жаңаша жұмыс істеуге кең жол ашатыны сөзсіз.

 

Аталған Заңда «Жалпы ережелер», «Педагогтың мәртебесі және оның педагогикалық қызметі», «Педагогтың құқықтары», «Педагогтың міндеттері мен жауапкершілігі» сияқты негізгі бөлімдер бар. Осындағы екінші бөлімде педагогтың статусы, этикасы, педагогтың ар-ожданын қорғау, мұғалімге өз кәсіптік қызметін жүзеге асыруға жағдай жасау туралы арнайы баптар енгізіліп отыр. Мұның ішінде педагогті кәсіптік міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, одан білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге, заңдарда көзделмеген тексерулерді жүргізуге, тауарлар мен көрсетілмеген қызметтерді сатып алу жөнінде міндет жүктеуге, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтарын мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына тартуға тыйым салынбақ. Енді мұғалімдер бұрынғыдай әкімшіліктердің «қолбаласы» болып, көше тазартуға, тал-дарақты әктеуге, халық санағын жүргізуге, сайлау алдында сайлаушылар тізімін алуға және тағы басқа да басы артық шаруаларға жұмсалмай, өз міндетіне сәйкес таза педагогикалық жұмыстармен айналысатын болады.

 

«Педагог мәртебесі туралы» Заңның үшінші бөлімінде педагогтың кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары айқындалуы да олардың құқықтық жағынан қорғалуына негіз болары сөзсіз. Мұғалімдерге материалдық қамтамасыз етілу атап айтқанда, еңбегіне ақы, сыйақы алу, Phd докторы, ғылым докторы және ғылым кандидаты атағына байланысты көтерме ақы алу құқықтары беріліп отыр. Сондай-ақ педагогтар Заң жүзінде бірқатар әлеуметтік кепілдіктерге де ие. Оның ішінде ұзақтығы 56 күнтізбелік жыл сайынғы еңбек демалысын алады, мұғалім балаларына мектепке дейінгі ұйымдарда (бала бақшаларда) бірінші кезекте орын беріледі. Педагогтерді тұрғын үймен, оның ішінде қызметтік пәтермен немесе жатақханамен қамтамасыз ету, ауыл мұғалімдеріне жергілікті өклетті органдардың шешімімен 25 пайыз үстеме ақы төлеу заңдастырылған.

 

Сонымен бірге заңда педагогтың міндеттері мен жауапкершілігі айқындалып, олардың кәсіптік дайындығын қамтамасыз ету, қайта даярлау, кәсіптік біліктіліктерін көтеру туралы арнаулы баптардың болуы да мұғалімнің өз ісіне жауапкершілігін арттыруға ықпал етері анық.

 

Жалпы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен бірге, еліміздің бүкіл ұстаздар қауымының мәртебесін көтеруге, ұстаз деген ардақты аттың абыройын арттыруға қызмет ететіні сөзсіз.

 

 

Авторы: Такир Балықбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің

ректоры, профессор

30.12.2019 ж.

Ақпарат көзі: bilim.expert

 




Кері оралу