қазақша · русский · english
 
 
 
15.01.2020

Ұлы ойшыл өнегесі

 


Президентіміз Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде (9 қаңтар, 2020 жыл) «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбында терең мағыналы мақала жариялап, ұлы тұлғаға деген жүрекжарды ойларымен елді елең еткізді. Мемлекет басшысы Абай мұраларына терең үңілу, оны ой-санадан өткізу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ой-тұжырымдарға сәйкес келетінін айтты.

 

«Жаңғыру - өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл - ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үдерістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған». Осылай деп жазған Президент Қ.Тоқаев Абайдың үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғаны, осы идеяны барынша дәріптегені оның шығармаларынан анық байқалатынын айтады. Ал ілгері­леудің негізі білім мен ғылымда. Сондықтан Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін жан-тәнімен қалады.

 

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

 

Пайдасын көре тұра тексермедім.

 

Ержеткен соң түспеді уысыма,

 

Қолымды мезгілінен кеш сермедім», - деп кезінде жаңа мектептен білім ала алмағанына өкінген дала данышпаны бұдан кейін Семей өңіріне жер аударылып келген Е.П.Михаэлис, М.Ф.Достоевский сияқты орыс зиялыларымен араласып, достасу, өз бетінше оқып, іздену арқылы орыс және Еуропа әдебиетінің жауһарларымен терең сусындап, білімін жетілдіргені ақиқат. Орыс поэзиясының көрнекті өкілдері А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, И.А.Буниннің өлеңдерін, неміс ақындары И.В.Гете мен В.Шиллердің, поляк ақыны А.Мицкевичтің, ағылшын Дж.Байронның орыс тіліндегі жырларын қазақша сөйлеткен хакім Абайдың өз бетінше алған білімі де ұшан-теңіз екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондай-ақ оның Үндістанның патшасы, әскери қолбасшысы болған Бабыр Захиреддин Мұхаммедтің (1483-1530) түркі тілінде жазылып, 1493-1523 жылдар арасындағы тарихи оқиғаларды қамтитын «Бабыр-наме» кітабын ыждағаттап оқу арқылы қазақ тарихы туралы білім-білігі өсе түскен еді.

 

Ол өзінің терең философиялық толғамдарға толы «Қара сөздерінде» де ілім-білімнің өмірдегі мән-маңызы туралы ой тербейді. Мысалы, «Ғылымды үйренгенде, ақиқатты білу мақсатымен үйрену керек, біліміңді біреумен керісіп, біреуді күндеу үшін пайдаланба. Білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттен... Адамның білім-ғылымды көбейтуге екі қаруы бар, бірінші - ойласу, пікір алысу, екінші - барлық күшті жұмсау, алған білімін сақтау, қорғау» (32-сөз), деген Абай ұлағаты бүгінгі жастар үшін де өте маңызды. Абайдың «Толық адам» туралы ілімі де қазақ жастарынан зор адамгершілік иесі, әдепті, мәдениетті, жан-жақты білімдар азамат болуын талап етеді. Сондықтан данышпан Абайдың жастарды ілім-білімге шақырған ойлары қазір де аса өзекті. «Себебі, - дейді Президент Қ.Тоқаев, - ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу. Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек»... Президенттің бұл сөзі шынымен-ақ бүкіл зиялы қауымға, оның ішінде білім саласының қызметкерлеріне терең ой салуы тиіс.

 

Абай есімін 85 жылдан бері берік ұстап келе жатқан еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - біздің университетіміз арадан қаншама қилы-қилы кезеңдер, алай-бұлай замандар өтсе де, Абай өсиеттеріне адалдығынан танған емес. Көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, Абай мұрасының ресми түрдегі ғылыми-зерттеу нысанасына алынуы 1934 жылы ҚазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында М.Әуезовтің ұстаздық ету кезеңімен тұстас келеді екен. Абайтанудың ғылыми негізі де осы жылдары қалана бастаған. 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының 11-12 сандары түгелдей Абайға арналып жазылған мақалалармен жарық көрген. Бірақ мұның басым көпшілігі үстірт жазылған дүниелер еді. Осындағы М.Әуезов пен Қ.Жұбановтың мақалаларының ғылыми деңгейі биік, келешек абайтанудың бағыт-бағдарын анықтап берген мақалалар еді.

 

Тағы да М.Мырзахметұлының келтір­ген деректеріне қарасақ, 1944 жылы ҚазПИ-дің Ғылыми кеңесінде Абайдың 100 жылдық мерейтойына даярлық мәселесі М.Әуезовтің арнайы жасаған баяндамасында көтерілген. М.Әуезовтің «Абай мұрасы нәр алған үш бұтағы» туралы ғылыми-теориялық конференциясы да осы жылдан бастау алған. 1954 жылы академик Қ.Жұмалиевтің ұсынысымен оқу орнында «Абай кабинеті» ашылуы да хакім Абай мұраларын зерттеуге мол мүмкіндік берді. Міне, бұл айтылғандардың бәрі, жалпы, абайтану ғылымын қалыптастыруда және дамытуда еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орын - бұрынғы ҚазПИ-дің, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің орны зор болғанын көр­сетеді.

 

Ал 2008 жылы университетте «Абай­тану» ғылыми-зерттеу орталығының ашы­луы Абай мұраларын зерттеуге соны серпін бергені сөзсіз.

 

Біздің университетімізде Абай мерей­тойына дайындық өткен жылы бастал­ған болатын. Ғылыми кеңестің шеші­мімен 2019-2020 оқу жылын «Абай жылы» деп жариялап, бүкіл оқу-тәрбие жұмы­сын және ғылыми іс-шараларды осы атаулы жылмен байланыстырып отырмыз.

 

Президент Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы мақаласында: «Абайды тану - адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі кемелдіктің көрінісі», деген еді. Сондықтан университетіміздің әрбір студенті Абай ілімімен терең сусындап, одан өмірлік тәлім алуы үшін қажырлықпен еңбек етудеміз.

 

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

 

Сонда толық боласың елден бөлек...

 

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз

 

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», - деп жас қауымды білім-ғылымға үндеген хакім Абай өнегесі өз халқын әлі де өркениетке жетелей бермек.

 

Авторы: Такир Балықбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

15.01.2020 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz

 




Кері оралу