қазақша · русский · english
 
 
 
10.08.2020

Абайға құрмет - ұлтқа құрмет

 

Үкіметіміздің 10 тамызды Абай күні деп жариялауы, «Қазақстан Республика­сындағы мерекелер туралы» заңға бұл жөнінде тиісті толықтыру енгізу туралы қаулы қабылдауы, енді жыл сайын 10 тамыз - Абай күні ретінде мерекеленетіні туралы хабар бүкіл қазақ елі сияқты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымын да зор қуанышқа кенелтті. Өйткені Абайға құрмет - бұл жеке тұлғаға емес, бүкіл қазақ халқына, қазақ ру­ханиятына көрсетіліп отыр­ған құрмет деп білуіміз ке­рек.


Қиырына көз түгілі сөз жетпес мұхиттай шалқыған айдын шалқар, түбіне әркім бойлай алмас терең ойдың иесі, ұлы ойшыл, гуманист ақын, сыршыл композитор, ел қамын жеген қазақтың біртуар перзенті хакім Абайдың ЮНЕСКО деңгейінде атап өтетін 175 жылдығы бүгінде бүкіл әлемді елеңдетуде. Оның өлеңдері мен қара сөздері жер-жаһанның ондаған тіліне аударылып, таралуы адамзат баласының Абай философия­сына деген қызығушылығын арт­тыра түсуде. Тұңғыш Пре­зиден­тіміз - Елбас Н.Ә.Назарбаевтың: «Абай қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болу жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен қайраткер. Абай - әлемдік деңгейдегі ойшыл­дардың қатарындағы ғажайып тұлға» деуі бекер емес. Абай ойлары Конфуций және басқа да әлемдік даналардың ой-тұжырымдарынан бір мысқал да кем емес. Кейде олардың көбінен асып түсетіні де байқалады. Бірақ Абай мұраларының аудармалары дәл түпнұсқадағыдай шықпауы хакім ойларының көмескіленіп қалуына себеп болуда. Теңіз түбіндегі інжу-маржанды жар­қыратып аршып ала алмаса, оның қасиеті бола ма? Абай мұралары да дәл солай, табиғи қалпын бұзбай аршып алуды қажет ететін асыл қазына. Айталық, кеңестік дәуірде Абай өлеңдері мен қара сөздері орысшаға сан мәрте аударылса да, соның бірде-біреуі хакімнің терең ойларын толық ашып бере алмағандықтан, бұл дүниелер орыстілді халықтың игілігіне айнала алмады. Тәуел­сіздік жылдарында орыс тілінде жазатын қазақ ақыны Бақыт Қайырбеков Абай мұраларын түпнұсқаға жақындатып аударып, Мәскеуден шығарып еді, мәскеулік жастар ду ете қалды. «Чистопрудный бульвары» алаңындағы Абай ескерткіші алдына жиналған олар Абай өлеңдерін кезек-кезек дауыстап оқып құрмет көрсетумен бірге: «Біздің заманның келбетін қазақтың Абайы бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен екен, енді билік ойлануы керек» деп билікке деген өкпелерін де айтып өткен. Міне, «жүректен шыққан сөздердің жүректерге жеткені» осы. Олай болса, Абай шығармалары қай тілге аударылса да оның мән-маңызы, көркемдігі жоғалмаса екен дейміз. Себебі Абайдың тек қазаққа ғана емес, күллі адамзат баласына арнаған жүрек үні төрткүл дүниенің төрт бұрышын түгел оятып, әрбір ойлы адамның санасына қозғау салатыны сөзсіз.

 

Президент Қ.Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында: «Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байы­та алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жал­пы­адамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері - әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл - классикалық үлгідегі өнегелі ойлар» деген сөзі көп жайды аңғартады. Десек те, данышпан Абай ең алдымен өз халқының қамын жеген ұлт перзенті болды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп тебіренген Абай білімнен, мәдениеттен жырақ, мал соңында көшіп-қонып жүрген қазақты өркениетті елдер қатарына қосуды армандады. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде жастарға дүниенің тұтқасы білім мен ғылымда екенін түсіндіріп, оларды оқу оқып, білім алуға шақырды. Ол «Толық адам» ілімі арқылы жас ұрпақты әрі білімді, әрі өнерлі, адамгершілігі жоғары, ақыл-парасаты биік, жан-жақты дамып-жетілген азамат етіп қалыптастыруды мақсат тұтты. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп әрбір жастың санасын оятқан Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп бұл ойын тереңдете түсті.

 

Жалпы, Абай туралы айты­лар сөз өте көп. Тіпті, оның бір ғана терең ойы туралы тұтастай монография жазып шығуға болады. Сондықтан біз бұл жерде сөзді көбейтпей, әлемге Абайымызбен мақтана­тынымызды, оған деген құр­метіміз бен сүйіспеншілігімізді білдіріп өтуді жөн көрдік. Айтпағым, Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - ұзақ жыл «ҚазПИ» аталып келген біздің университетіміз 1934 жылдан бері Абай атын жоғары ұстап келеді. Ұлы есімді иеленген қара шаңырақ өзі өмірге келген алғашқы күннен бастап шәкірттерін ұлы Абай өсиеттеріне тәрбиелеп, толқын-толқын мамандар даярлап шыға­рды. 1928 жылы оқу орны ашылғанда алғашқы дәрісін Абайдың қазақ жастарын білім, ғылымға шақырған ұлағатты өсиетінен бастаған ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы өзі ұсталып кеткенше дана ақынның мұраларын оқытумен болды.


1930 жылдан бастап осы оқу орнында ұстаздық еткен заңғар жазушы М.Әуезов те Абай туралы зерттеулерінен дәрістер оқи бастады. Сол жылдары профессор Қ.Жұбановтың бастамасымен оқу орнында Абай кабинеті ашылып, алғашқы зерттеулерін жүргізуді қолға алды. Абайтанушы ғалым­дардың бір шоғыры осы қара шаңырақта білім алды.

 

Абайтанудың жаңа кезеңі біздің университетте еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейінгі кезеңде басталды. 2008 жылы мұнда белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов басқаратын «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, кейін ол «хакім Абай» орталығына айналды. Бұл жерде көптеген зерттеу жүргізіліп, бірнеше монография, жүздеген мақала, студенттерге арналған «Абайтану» оқулықтары дүниеге келді. Осы орталықтың бастамасымен Жапонияда Абай өлеңдерін дыбыстап оқитын «сөйлейтін кітап» жарық көрді.

 

Университетте студент­тердің Абайдың өмірі мен шы­ғармашылығын білуге қызығу­шылығын арттыру үшін про­­­­­­­фессор, дизайнер Аманжол Найманбайдың безендіруімен «Абайтану» музей-кабинеті ашыл­ды. Бұл музей-кабинет бүгінгі күні бүкіл студенттің және мектеп оқушыларының тәлім алатын музейіне айналды. Біздің университетте Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен студенттердің республикалық «Абай әлемі» фестивалі өткізіліп келеді. Әр оқу жылының басында жаңа қабылданған студенттерге «Абай айтады» акциясы аясында университеттің «Ұлағат» бас­па­­сынан шыққан Абайдың на­қыл сөздерінен тұратын қалта кітапшасы таратылады.

 

Биылғы Абайдың 175 жыл­дығына байланысты университет абайтанушылары дайындаған жаңалығы мол ғылыми-көп­шілік, танымдық кітаптар шығаруды жоспарлап отырмыз. «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ж.Шойынбет, бас ғылыми қыз­меткерлері М.Мырзахметұлы, М.Бекбосыновтар Абайдың 175 жылдығына байланысты Өскемен, Семей, Ақтөбе, Шым­кент, Түркістан, Ақтау, Талдықорған тағы басқа қала­лардағы жоғары оқу орындары мен орталық кітапханаларымен бірге онлайн семинарлар өткізді. Сөзімізді академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің: «...Абайдай дана, даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін елу жылдан, жүз жылдан қайырмақ. Алтайдан Алатауға аттап түсерлік ертегі тұлпарындай боп сайлардан, сахаралардан ғана аттап өтпей, замандардың да талайынан аспандап асып өте бермек» деген аталы сөзімен аяқтамақшымыз. Ең бастысы, мемлекеттік деңгейде жыл сайын атап өтетін Абай күні құтты болсын. Абайдай данышпан ұрпағымыз өсіп-жетіле берсін. Халқымыздың әлемді жайлаған коронавирус індетінен аман өтіп, мамыражай өмір сүруіне тілектестігімді білдіремін.

 

 

10.08.2020 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz

 




Кері оралу