қазақша · русский · english
 
 
 
23.08.2020

Такир Балықбаев: Депутат бірінші кезекте халықтың мүддесін қорғауы керек

 

   

 

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір расымен де халықтың талабы жоғары әрі биліктегі адамдарға деген сенімсіздігі көбейіп барады. Оның бәрі неліктен? Менің ойымша, биліктегі немесе депутат, басшылықта жүргендер халық алдына шығып, өз ой-пікірлерін, өздерінің не істеп жатқанын дұрыс түсіндіре білмеуінен болды деп ойлаймын. Президентіміз ести білетін билік құрамыз деп жатыр. Расымен де билік ести білу керек және айта білетін, түсіндіре білетін жағдайға жету керек. Сонда халық түсінеді. Бұл туралы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев сұхбат барысында айтты.


Биыл Nur Otan партиясы өз кандидаттарын праймериз форматында іріктеп жатыр. Партияның белсенділері праймеризге қатысатынын мәлімдеп, елдің даму жолына үлес қосқысы келетінін білдіруде. Праймеризге қатысып жатқан азаматтың бірі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев. Назараларыңызға ректормен болған сұхбатты ұсынамыз.

 

Тахир Оспанұлы, осы праймеризге қатысудағы басты мақсатыңыз жайлы айтып берсеңіз? Сіз, университетте ректорсыз, білім саласында және жастармен жұмыс істегендіктен осы салада қандай мәселелер бар екенін жақсы білесіз. Егер сайланып жатсаңыз осы салаға қандай өзгеріс енгізер едіңіз?


Өз басым біраз ойлана келе осы праймеризге қатыссам деген шешіге келдім. Өйткені осындай мүмкіндік беріп отырғанда оны тек пайдалану ғана емес, сол мүмкіндік арқылы елге қызмет көрсете білген абзал. Менің өмірде де, партияда да тәжірибем мол. Мәселен, әлі де болса шешімін таппаған, қордаланған мәселелер бар, соларды шешу үшін өзім қатыссам ба деген тоқтамға келдім. Бұл жерде қандай мәселелер бар дегенде, біріншіден, ол қазіргі адами капиталды дамыту. Жетекші елдерде адами капиталдың орыны да, рөлі де ерекше. Олардың экономикасының кейде 60-70%-на дейін адами капитал береді. Біздің экономиканы да сондай деңгейге көтеруіміз қажет. Ол үшін не істеуіміз керек? Ол үшін жастарымызға білім беруіміз керек, олардың әрі қарай дамуына мүмкіндік беруіміз қажет. Өздерінің кәсіпкерлік болсын немесе басқа идеясы болса солардың барлығын іске асыруға жағдай жасау керек. Ол үшін арнайы инфрақұрылымдар жасау қажет.

Екіншіден, мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орынның ректоры болған соң ЖОО-дың бүгін істеп отырған ісін ары қарата дамытуға, оның ішінде қалаға пайдалы етуге атсалысқым келеді. Қазіргі ЖОО-дың әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, осы жағынан біз қалаға қандай пайда тигізе аламыз деген оймен осы қалалық мәслихаттың депутатын іріктейтін праймеризге қатысып жатырмын. Жаңа ғана айтып кеткенімдей менің негізгі мақсатым, идеям адами каптиталды дамыту. Ол дегеніміз білімді арттыру, денсаулық сақтау жүйесіне қатысты және мәдениетке байланысты мәселелер.

 

Сонымен қатар, біз университет арқылы қаладағы ересек адамдарға арнайы оқыту жүйесін енгізсек деген ойымыз бар. Қазір баяғыдай емес, 60 жасқа келген адам зейнеткерлікке шыққан соң үйінде жай отырмайды. Олардың әлеуметтік және басқа жағынан болсын белсенділіктері жоғары. Біз олардың белсенділігін, тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік беруіміз қажет. Оның бір жолы оларға арналған сертификатты курстар ұйымдастыру. Толық мамандық болмаса да, жаңа бір бағытты ашып беретіндей курстар өткізсек дейміз. Бұл бір бағыт, екінші бағыт қазір әлемде Лайф лонг лернинг деген жүйе бар. Ол өмір бойы білім алу дегенді білдіреді. Бұрын біз бір білім алсақ сонымен жүретінбіз, қазір адамдар ақпараттық технологиялардың өзгеруіне қарай өмір бойы білім алып отыруы керек. Сол жүйені біз енгізсек деп отырмыз.

 

Қазір жастарға стартап, кәсіпкерлікті оқыту керек деп жатырмыз. Бұл жере оларды тек оқытып қоймау керек, идеяларының іске асуына жағдай жасауымыз қажет. Осының бәрі адами капиталға жатады.

 

Биыл партияішілік сайлау ерекше форматта өтейін деп жатыр. Жылдағыдай емес осы сайлауда бәсекелестік те жоғары әрі тартысты өтетін сияқты? Бәсекелестіктен қорықпайсыз ба?


Бәсекелестіктен қорықпаймын, керісінше оның жоғары болғаны жақсы. Бәсекелестік неғұрлым көп болса, сапа соғұрлым жоғары болады. Бәйгеден озып шыққандар шынында нағыз жетекші, депутат бола алады. Өміріміздің өзі бәсекелестікке толы деуге де болады. Өзім көптеген жоғары лауазымды жерде істедім. Еш жерде кабинетке кіріп, креслода шалқайып отырып басшы бола алмайсың. Әр уақыта өмір талабына сай болуың керек. Жаңа тосын жағдайлар болса соған бейімделе білуің керек. Осы уақытқа дейінгі еңбек тәжірибем, біліктілігім бар, сондықтан бәсекелестіктен қорықпаймын. Оның үстіне осы жолғы бәсекелестікке шынымен қызығушылық танытып, қосылып жатырмын. Өзіме сенімдімін әрі осы жолғы бәйге мені жақсы қырымнан ашыла түсуіме мүмкіндік береді деп ойлаймын.

 

Кіл мықтыларды сұрыптап шығарғалы отырған праймериз форматының ерекшелігі, маңызы жайлы не айтар едіңіз?


Праймериз жақсы бастама болды. Партияның төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бұл бастамасы өте құптарлық. Неге десеңіз бұл бастаманың негізгі идеясы- праймериз арқылы партия ішіндегі белсенді, өз ойы бар, ұмтылысы бар, елдің арасында көтере білетін идеялары бар, талапты да таланты адамдардың ашылуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл қазір айтып жүрген меритократия жүйелерінің негізі десек болады. Біріншіден, талапты адамдарды табу болса, екіншіден солардың идеясы Nur Otan партиясының дамуына серпін береді деп ойлаймын, сол себепті бұл ерекше оқиға болып отыр.

 

Пандемияға байланысты биыл өткізу жағы сәл ыңғайсыз болып тұр. Шындап келгенде халықтың алдына шығып, қатысып жатқандармен, оның ішінде жастармен пікір-талас өткізіп жатсақ барлығымызға үлкен сабақ болар еді. Дегенмен алдағы уақытта сондай дебаттар болады деген ойымыз бар.

 

Қазір халықтың билікке, депутаттарға деген көзқарасы өзгерген, олардан көп нәрсені талап етеді. Өзіңіз сайланып жатсаңыз халықтың үдесінен шығамын деп ойлайсыз ба?


Қазір расымен де халықтың талабы жоғары әрі биліктегі адамдарға деген сенімсіздігі көбейіп барады. Оның бәрі неліктен? Менің ойымша, биліктегі азаматтар немесе депутат, басшылықта жүргендер халық алдына шығып, өз ой-пікірлерін, өздерінің не істеп жатқанын дұрыс түсіндіре білмеуінен болды деп ойлаймын. Президентіміз ести білетін билік құрамыз деп айтып жатыр. Расымен де билік ести білу керек және айта білетін, түсіндіре білетін жағдайға жету керек. Сонда халық түсінеді. Өз басым университетте немесе бұған дейін жұмыс істеген Тест орталығында жүргенде әрдайым халық ортасынан табыла білетінмін. Ол жердің бәрінде сұрақ қоятын халық көп, кейбір нәрсені дұрыс түсінбей жататындар да болады. Сонда еш қорықпай олардың алдына шығып, ойларыңды батыл айтып, оларды алаңдатқан мәселеге жауап беріп отырсаң халық түсінбейді емес, түсінеді.

 

Праймеризден кейін елдің алдына шығып өз ойын айта алатын, партияның саясатын дұрыс түсіндіре алатын азаматтар шығатын болса билікке деген сенімділік те артады. Өзімде сол жағдайға жеткізу үшін атсалысамын.

Пандемия еліміздегі көптеген олқылықты көрсетті. Мәселен, ауылды жерде интернеттің болмауы, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі деген сияқты. Оның үстіне карантин де халықтың әлеуметтік жағдайына оңай тимеді. Осы пандемия кезінде көкейіңізде қалған бір әттеген-ай, бұны түзетпесе болмайды екен деген мәселе болды ма?


Бұл жерде мен бірнеше мәселе бойынша әттеген-айды айтып, оны алдағы уақытта қалай шешсе болатынын ойланып жүргенмін. Біріншіден, білім саласында жұмыс істегендіктен өзіме таныс мәселелерді айтсам. Мына қашықтан оқыту кезінде біз көп нәрсені түсініп қалдық. Оның бірі интернет мәселесі. Студенттер ауылға кетті де, ол жақта интернеттің жоғын көрдік. Қазір ақпараттық қоғам, ақпараттық технология әлемде дамып жатыр. Сондай кезде бізде әлі де ауылды жерде интернеттің жетпей жатқаны қынжылтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын әрбір ауылда интернет желісі болу керек деген үлкен жоба басталған. Соның аяғына дейін жетпегеніне өкіндім және ренжідім. Нәтижесінде балаларымыз көптеген білім ақпараттарын ала алмады, білім беру жүйесіндегі кейбір мәселелерді орындай алмады.

 

Екінші үлкен мәселенің бірі медицина саласына қатысты. Маусым, шілде айында өкпесі қабынған адамдардың саны күрт көбейген тұста ауруханада адамдар жататын орынның жетіспеушілігі, сол жердегі қажетті аппараттардың жетпеуі, дәрі-дәрмектің жетіспей қалғаны мені қатты қынжылтты. Тіптен маскаға дейін табылмай қалды. Бұл жүйедегі кейбір қызметтердің дұрыс жұмыс істемей жатқанын көрсетті.

 

Одан кейін халық жаппай ауырып жатқанда дайын технологияларды пайдалана алмадық. Бізде телемедицинаның аты бар да, заты жоқ екені білінді. Көптеген адамдар үйінде отырып емделді және оларға ақпарат беретін жүйе болмады. Ауырғандарға кеңес беретін бір портал болмады. Елдің бәрі естігендерін уатсап арқылы бір-біріне жіберіп жатты. Шындығында COVID-19 деген портал болып, онда дәрігерлердің ем қабылдау жөнінде ұсыныстары болса және нақты сұрақтарға онлайн жауап беріп жатқанда көптеген мәселе шешілер еді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекке қатысты да дау шықты, мен де оған қосыламын. Меніңше, жоспарлау, қамтасыз ету жүйесі белгілі бір жағдай орын алғанда тез қимылдап, соған бейімделу керек. Сол бейімделу жағы бізде өкінішке қарай өте төмен болды. Соның кесірінен біраз уақыт жоғалтып алдық. Бір жүйенің сәл жұмыс істемей қалғаны адамдардың өмірден өтуіне себеп болса, әттеген-айдың ең негізгісі сол.

 

Праймериз ережелерінде партия тізімінде кемінде әйелдердің 30% және 35 жасқа дейінгі жастардың 20% болу керектігі жазылған. Осы ережемен келісесіз бе?


Негізі праймериз болған соң ондай шектеу болмау керек. Бұл жерде кім озады, солар іріктеліп шыққаны жөн. Бұның негізінде жатқан бір мәселе бар. Бұл партияның ішкі праймеризі, яғни партиядан шығатын кандидаттар. Қазақстан әлемнің бір бөлшегі. Мәселен, мен министрлікте жүрген кезде Қазақстанның әйелдер және отбасы комиссиясының мүшесі болдым. Сонда Қазақстанның халықаралық міндеттемелері бар. Оның ішінде билікте және депутаттар құрамында 30 пайызға дейін әйелдер болса деген ұсыныс болатын. Содан Қазақстан бізде 30% әйел азаматтар болу керек деген міндеттеме алғанбыз. Егер таза праймериз болса оның қажеті жоқ. Тек ертең Мәжіліске немесе Сенатқа сайланған кезде сол міндеттемені ұстану керек, бұл сол үшін жасалған ұсыныс деп ойлаймын.

 

Алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстары басталады. Оған дайындық қалай жүріп жатыр? Карантин шаралары оған кедергі келтірмей ме?

 

Әрине, мұндай кезде арнайы штаб құрылады. Штабта менің өз әріптестерім, сенімді адамдарым бар. Сол кісілермен қазір арнайы жоспар жасап жатырмыз. Қазір карантин болғандықтан халықпен жүздесуге көп мүмкіншілік бола бермейді. Оның үстінде елдің көбі қашықтан жұмыс істеп жатыр. Соны ескере келе әлеуметтік желі, жаңа технологиялар арқылы халықпен байланысамыз деп жоспарлап отырмыз.

 

Праймериздің мақсаты - тиімді депутаттар корпусын қалыптастыру үшін шынайы көшбасшыларды таңдау ғой. Биыл осы форматты Nur Otan партиясы енгізіп жатыр, алдағы уақытта басқа партиялар да енгізуі мүмкін бе?


Менің түсінігім бойынша енгізу қажет. Өйткені партиялық тізімді құрған кезде біреу шешім қабылдау керек. Сол шешім бірнеше адамның ғана көзқарасымен құрылса ондай кезде субективті факторлар әсер етіп кетуі мүмкін. Одан кейін партияның барлық мүшесін білу мүмкін емес. Кімнің қандай дарыны, мүмкіндігі барын біле бермейсің. Оның бәрін шығарудың бірден-бір жолы осы праймериз. Егер өзге партиялар да осы тәжірибені енгізсе, депутаттыққа кандидат болатындардың сапасы артады.

 

Праймеризге қатысып жатқан шәкірттеріңіз бар ма?

 

Қатысамын деп жатқан бірнеше жасты білемін. Олардың көбісімен қызметтес те болдық, қатар жұмыс істеп жүрміз. Біреуі ініміз, біреуі баламыз сияқты. Бірақ тікелей қолымда тәрбиеленіп өспеген адамды шәкірт деп айтуға ыңғайсызданамын. Жастардың талпынысы мені қатты қуантады. Талантты жастар өте көп. Jas Otan қатарында болған мықты жігіттер қатысып жатыр. Олардың қатысқаны дұрыс, өйткені жаңа серпін, жаңа мүмкіндік береді.

 

Бүгінгі депутат қандай болу керек?

 

Біріншіден, ол халық пен мемлекеттің мүддесін қорғайтын адам болу керек. Яғни халықтың мүддесін қорғауды бірінші кезекке қоюы қажет. Депутат болғанда халықтың мүддесін қорғаймын, осындай мәселелерді шешемін деп бару керек. Одан бөлек депутат болған адамның тәжірибесі бар және қандай жағдай болса да талдау жасап, дұрыс түсіне білгені жөн. Депутат өз қызметімен ғана айналыспайды, басқа саладан да сұрақтар келеді. Ол кезде әртүрлі ойлар айтылады. Сол кезде айтылған ойлардың артына ілесіп кетпеуі үшін көтерілген мәселені ара-жігін ажырата біліп, ары қарай нені қолдаймын дегенді түсіне білуі керек. Сондай-ақ, өз ойы, пікірі бар және өз ұстанымын білдіре алатындай адам болу қажет. Ойын тек айтып қоймай, оның ары қарай іске асуына атсалыса білу керек.

 

Әңгімеңізге рахмет!

 

Әділет МҰСАХАЕВ

22.08.2020 ж.

Ақпарат көзі: baq.kz

 




Кері оралу