қазақша · русский · english
 
 
 
08.09.2020

Түлектер үшін онлайн оқытудың тиімді және тиімсіз тұстары

 


 

«Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында онлайн оқытудың түлектер үшін тиімді және тиімсіз тұстарын жазды.

 

«Бүгінгі таңда қашықтан білім алу мәселесі қоғамда әртүрлі пікір туғызып, қызу талқылануда. Ендеше бұл оқу әдісінің болашақ түлектер үшін қаншалықты ұтымды немесе ұтымсыз болатынын талқылап көрейік.

 

Әуелі ұтымды тұстарына тоқталайық.

 

Қашықтан білім алу оқушының өз бетімен жұмыс істеуіне ықпал етеді. Қазіргі таңда кез келген оқушы жүктелген тапсырманы өзі дер кезінде орындап тапсыруы тиіс. Бұл оның болашақта білікті де білімді мамандық иесі атануына әсер ететін дағдылардың бірі. Сонымен қатар егер бұрын цифрлы технологияларды бәрі жаппай меңгере алмаған болса, енді әрбір студент игеретін болады.

 

Алайда, қашықтан оқу әдісінің тиімсіз жақтары да бар.

 

Әсіресе, жоғары курс студенттері үшін оңай болмайын деп тұр. Осы уақытқа дейін олар университет қабырғасында теория жүзінде жан-жақты білім алған болса, енді соңғы курста өтуі тиіс тәжірибе жұмыстары ақсайды. Мәселен, өткен жылы төртінші курс студенттері аптасына төрт күн мектепте сабақ беріп, мол тәжірибе жинап жыл соңында толыққанды маман иесі атанып шыққан болатын. Дегенмен, бірінші тоқсаннан кейін мектептер қалыпты жұмысқа көшетін болса мәселе шешімін табады.

 

Сондықтан да біздің ойымызша қашықтан оқыту әдісі жаппай жүргізілмеу керек. Қазіргі таңда аралас оқыту мәселесі де талқыланып жатыр, яғни жартылай онлайн, жартылай оффлайн. Әрине, қашықтан оқыту қазіргі заман талабы, біз одан толықтай бас тарта алмаймыз және оның айтарлықтай артықшылықтары да бар. Бұрынғыдай ұзақ уақыт аудиторияда отырудың қажеті болмайды» деп жазды Қазақстандағы тұңғыш университеттің ректоры.

 

 

08.09.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com




Кері оралу