қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
02.12.2025

АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫНА АРНАЛҒАН АПТАЛЫҚ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

  

Бүгін қасиетті қарашаңырақта ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Азамзаттың алыбы – Абай» апталығы жалғасын тапты. Апталықтың екінші күнінде өзге ұлт өкілдері арасында «Абай әлем тілдерінде» қалалық байқауы мен волейбол жарысы ұйымдастырылды.


Түркімен, дүнген, орыс, қытай,  ұйғыр секілді т.б. өзге этнос өкілдері арасында түске дейін болған байқаудың негізгі мақсаты – хакім Абайдың мол мұрасын түрлі аудитория арасында кеңінен таныту, өзге ұлт өкілдерінің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген ықыласын күшейту, сондай-ақ дарынды жастардың шығармашылығын қолдап, олардың қабілеттерін шыңдау.


Байқау ережесіне сәйкес, әрбір үміткер хакім Абайдың таңдаулы өлеңдерін алдымен қазақ тілінде, кейін өз ана тілінде мәнерлеп жеткізді. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған апталық аясында болып жатқан шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш, Абай ұлттық мектебінің мұғалімі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Гүлбану Махамбетова, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Дәурен Мухамадиев, әдебиеттанушы, жазушы, драматург, сыншы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлібек Байбол қазылық етті.


Үміткерлер шеберлігі бағаланып жатқанда, сахна төрінде университет пен колледждің белсенді студенттері өнер көрсетіп, концерт қойды.


Байқаудың қорытындысында бас жүлде – Гран-приді түркімен қызы Гулай  Ягмырова жеңіп алды. Бірінші орын Гулбахар Баллыеваға (түркімен) бұйырса, екінші орынды Дидар Реджепов (түркімен) пен Чжао Ди (қытай) өзара бөлісті. Ал үшінші орынға Амангелди  Ширмедов пен Узукджемал Юсыпдурдыева лайық деп танылды. Сонымен қатар Фарида Твоз «Көркем орындау», Ясмина Мансурова «Үздік мәнерлеп оқу» арнайы номинацияларын иеленді. Байқауға қатысқан барлық үміткер мен олардың жетекшілері арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.


Апталық түстен кейін «Спорт – кемелдену биігі» атты волейбол турнирімен жалғасты. Оған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті құрамалары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері Амангелді Шабдарбаев, Амандық Баталов, Алик Шпекбаев бастаған  «Буревестник» құрамасы қатысты. Ғылым-білім саласы мен сан саладағы ардагерлер және мамандар өзара мықтыларды анықтап, жеңімпаз командалар қаржылай сыйлықтарға ие болды.


 Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

  alt=