қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
02.05.2018

«Абай әлемі» дәстүрілі республикалық жастардың өнер фестивалі

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы аясында 2018 жылдың 24-25 сәуірі күндері аралығында Хәкім Абайдың өмірі мен шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Абай әлемі» дәстүрлі республикалық студент жастардың өнер фестивалі өтті.

 

Фестивальдің ашылу салтанатында арнайы сөз сөйлеген университетіміздің ректоры, профессор Такир Балықбаев білім ордамызда Хәкім Абайдың мұрасын насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы тілге тиек етіп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

Салтанатты шараның шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «М. Әуезов Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Жалғас Толғанбай «Абай монологымен» ашып, еліне тыныштық пен бейбіт өмірді, адамзатқа бақытты ғана тілейтін күрескер ақынның бейнесін көрсетті. Одан әрі шара университет өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Екі күнге созылған білім мен өнер фестивалі «Абай өлеңдері», «Абайдың қара сөздері», «Абай әндері» байқаулары бойынша ұйымдастырылып, республикамыздың 22 жоғары оқу орнынан 106 үміткері бақтарын сынады.

 

Фестиваль байқауларына елімізге белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіби әнші-сазгерлер мен тәжірибелі ғалым-ұстаздар әділ қазылық етті. «Абай өлеңдері» байқауы бойынша «Хәкім Абай» ҒЗО аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., академик Мекемтас Мырзахметұлы, «Абайдың қара сөздері» байқауы бойынша «Хәкім Абай» ҒЗО директоры, доцент Жабал Шойынбет, «Абай әндері» байқауы бойыншаҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, продюсер, композитор Арман Дүйсенов қазылар алқасына төрағалық етті.

 

Байқау қатысушыларының бірі Хәкімнің сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын аша түссе, бірі өлеңдерін нақышына келтіріп оқып, әуезді әндерін тебіренте орындады. Қызықты әрі тартысты өткен байқау нәтижелерінде «Абайдың қара сөздері» бойынша Сүлеймен Демирел университетінің студенті Серғалы Мәліке ІІІ орын жеңімпазы, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан техникалық универсиетінің студенті Мұратов Иса ІІ орын жеңімпазы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Асан Толқын І орын жеңімпазы атанды. «Абай өлеңдері» бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Әбдиева Шаттық ІІІ орын, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Зархат Ақерке ІІ орын, Шәкәрім мемлекеттік университетінің студенті Сайлаубекова Алина І орын иегері атанды.

 

«Абай әндері» байқауы «кәсіпқой» және «әуесқой» орындаушылар арасында өткізіліп, нәтижесінде «Абай әндері» бойынша әуесқой орындаушылар арасындағыбайқаудың ІІІ орны қазылар алқасының шешімі негізінде екі қатысушыға берілді. Осылайша, ІІІ орын иегерлері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Тәжмина Даниярқызы және Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің студенті Нұрғазиева Ақмарал, II орын иегері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Олеся Хоменко,Іорын иегері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Дарын» дуэті атанды.

 

Кәсіпқой орындаушылар арасындағы байқау нәтижесі бойынша ІІІ орын қазылар алқасының шешімі негізінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Асан Сүндет пен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «А-capella» тобына берілсе, ІІ орынды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық корнсерваториясының студенті Суюнишов Саясат, I орынды Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Тұрлықожа Алмат жеңіп алды.

 

Жалпы әрбір байқаудың І орын иегері 150 000 теңге, II орын иегері 100 000 теңге, III орын иегеріне 50 000 теңге сыйақымен марапатталды. Екі күн бойы қатысушылардың өнерін әділ бағалап, қазылық жасаған әділ қазылар мүшелеріне де сый-құрмет көрсетіліп, университет басшылығы тарапынан ақашлай сыйақы табысталды.

 

Сонымен қатар, әрібір байқау бойынша ерекше көзге түскен қатысушыларға 10 арнайы номинациялар тағайындалып, олар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Фестивальдің жабылу салтанында әрбір байқау жеңімпаздары көрермен қауымына өз өнерлерін паш етіп, «Абай әндері» байқауының төрағасы, сазгер-әнші Арман Дүйсенұлы әнін тарту етті.

 

Шара соңында барлық қатысушылар арнайы алғыс хаттармен, ал фестиваль жеңімпаздары ақшалай сыйақы және дипломдармен марапатталды.

 

Дәстүрге айналған жастардың өнер мен білім додасына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерлі жастар университет басшылығына үлкен алғыстары мен дән ризашылығын білдірді.

 

         

 

         

 

         

 

         

 

         

 

         

 

           

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

жастар саясаты жөніндегі департамент

 




Кері оралу