қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
07.06.2020

Қашықтан оқыту бүгінгі күн талабынан туындады

 


 

Пандемия жағдайындағы қашықтан оқыту цифрлық, электрондық, мобильдік, компьютерлік құрылғылар негізінде әр түрлі виртуалды оқыту платформаларында теле конференциялар, video дәрістер, дербес онлайн жұмыс, онлайн курстар, веб сабақтар, чат сабақтар формаларында жүзеге асырылғаны баршамызға белгілі. Осыған байланысты MOODLE, Microsoft Teams, Univer автоматтандырылған жүйелерінің; ZOOM бейне байланыс платформасының, Google.Classroom электронды байланыс бағдарламасының, Bilim Media Group, Opik.kz. цифрлық оқыту өнімдерінің танымалдығы мен таралымдылығы жедел артты.

 

Skype, Eztalks, электрондық пошта, Telegram-чат, Whatsapp-чат қызметтерінің түрлері мейлінше кеңейді, қолданысы шексіз артты. Білім алушылармен тәрбие жұмыстарын жүргізуде Twitter, Facebook, Instagram, LinkedIn және YouTube сайттары да жаңа мағынадағы қолданысқа ие болды. Осы бағдарламалар мен құрылғылар,олардың қызмет түрлері негізгі білім беру көзіне айналды. Бір кереметі осы білім беру көздерінің жүзеге асуы интернетке келіп тірелді. Ал бұл болса, жаһандық желі жылдамдығының артуы мен таралымының кеңеюін сөзсіз талап етті. Мұны екі айға жуық уақыт бойы жүргізілген жауаты жұмыстарымыздың тәжірибесінің негізінде дәлелдегені даусыз.

 

Қашықтан оқытудың артықшылықтарында оқу кестесін, оқу процесін өзінің ыңғайына қарай жоспарлау мүмкіндігі, альтернативалық курстарды таңдау икемділігі басым. Білім алушылар оқу материалдарымен жұмыс істеуде еркіндікке ие. Уақытша шектеулер, жолға кететін шығын, уақыт және тағы да басқа себептердің болмауына байланысты білім алуға жылдам, оңай қол жеткізіледі және шығын мен уақыт үнемделеді. Оқып жүріп жұмыс істеу мүмкіндігі жоғары. Әлемнің кез келген нүктесінен білім алуға қосыла алу мүмкіндігі байланыстың масштабтылығын, білім алмасу кеңістігінің кеңдігін білдіреді. Әрине қашықтан оқытуды жүзеге асыруда кездескен техникалық, желілік қиындықтарды айтпағанда басқа да ойланатын жәйттер бар. Мәселен, оқытушы мен білім алушының жүзбе жүз жанды кездесуінің азаюына байланысты білімгерлердің бірқатар әлеуеттік құндылықтарының, практикалық дағдылары төмендеп, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту қиындайды.

 

Ал, балалар мен жастардың коммуникативтік құзыреттілігінің дамуы олардың жеке тұлғалық өсуінің, қоғамдық санасының қалыптасуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Олай болса, қашықтан оқытуда мұғалім мен оқытушының осы бағыттағы жұмыстары қиындап, проблемалар туындайды. Сондай-ақ, оқушының эмоциясын, көңіл күйлерін түгел көру, пәнді жетік түсінгенін толық сезіну күрделенеді. Бұл қиындықтардың ықпалы білім алушылардың тұлғалық-гумандық-патриоттық сапаларының, топтық, ұжымдық, командалық жұмыс істеу қабілеттерінің тиімді дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Қашықтан оқытудағы студенттер, магистранттар үшін аса тиімді болғанымен, мектеп оқушылары, соның ішінде жас ерекшеліктері мен физиологиялық дамуына сәйкес мінез құлықтарында ауытқулар мен қызығушылықтар, өзгерістердің басым шағындағы жеткіншектер үшін; оқуы мен тұлғалық дамуына мұғалімнің тікелей ықпалы қажет бастауыш сынып оқушылары үшін тиімсіздік танытады.

 

Қашықтан білім беруде технология, өнер, дене мәдениеті, әскери бастапқы дайындық және сол сияқты білім алушыға көзбе-көз көрсетіп, қолма-қол үйретуді, дер кезінде қайта жасатып, жаттықтыруды қажет ететін пәндерді оқытуда; мұғалім-оқытушының тікелей жетекшілігімен арнайы лабораторияларда жүргізілуге тиісті физика, химия және басқа да басым бағыттар бойынша практикалық зерттеу сабақтарында қиындықтар туындайды. Сондай-ақ, қазіргі жағдайда оқудың өзегіне айналған компьютерлік техникалар мен мобильдік, электрондық, цифрлық құрылғыларда балалардың ұзақ отыруынан олардың денсаулығына да зиян келмесе екен, деген ойды да жоққа шығара алмаймыз.

 

Қорыта айтар болсақ, бүгінде өзектілігі басым қашықтан оқыту интернетке тәуелді болғандықтан оның жылдамдығы мен таралымы елдегі жаппай қашықтан оқытуды қамтамасыздандыруы тиіс, бұл бірінішіден. Екіншіден қашықтан білім берудің ұлттық ұтымды платформасын жасау қажеттігі туындайды. Үшіншіден, оқытушының да, білім алушылардың да цифрлық құзыреттілігін дамыту өзекті. Болашақта қашықтан оқытудың жалғасын табуы білім беру ұйымдарының ішкі құрылымын онлайн оқыту режиміне бейімдеп, қайта құру қажеттігін болжайды. Сондай-ақ, әлемдік елдерде жақсы дамыған Massive Open Online Courses - Жаппай Ашық Онлайн Курстарын (ЖАОК) құрастыруға және қолдануға аса назар аударылғаны жөн.

 

Өйткені мұнда қатысушылар саны шектеусіз және интернет желісіне қосылған әрбір адам үшін ашық. Ал қашықтан оқытудағы байланыстың масштабтылығы бір курсқа (пәнге) республикадағы сол мамандықта оқып жатқан барлық білімгерлердің қатыса алатынын мүмкін етеді. Мұны қазіргі «Балапан» мен «Ел арна» телеарнасынан беріліп отырған телесабақтар дәлелдеп отыр. Болашақта мұндай тәжірибе колледждерге, жоғары оқу орындарына жаппай ашық онлайн курстары тұрғысынан ендірілуі мүмкін.

 

Авторы: Ұлжарқын Мүсілімқызы Әбдіғапбарова,
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика
ғылымдарының докторы, халықаралық педагогикалық
ғылымдар академиясының академигі, 2009 жылдың жоғары
оқу орнының үздік оқытушысы мемлекеттік грантының иегері

07.06.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz