қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
16.12.2020

«Байырғы түркі тілі мен әдебиетін зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті

 


 

Алматы қаласында «Байырғы түркі тілі мен әдебиетін зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми жиын өтті.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде белгілі түркітанушы ғалым Немат Келімбетовті еске алуға арналған «Байырғы түркі тілі мен әдебиетін зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми жиын өтті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы ұйымдастырған конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан Өзбекстан және Түркия елдерінің түркітанушы ғалымдары қатысты.

 

Жиында көне түркі тілі мен әдебиеті мәселелері талқыланды.

 

Онлайн-конференцияның ашылуында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Түркия мемлекеттік Tүрік тілі қоғамының президенті Гүрер Гүлсевин мырзалар қатысып, сөз сөйледі.

 

Жиын барысында Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ғылыми қызметкерлері Шерубай Құрманбайұлы мен Мәрлен Әділовтің «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

 

Кітапта Абай шығармаларындағы қазіргі қазақ әдеби тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын тілдік ерекшеліктер морфологиялық, фонетикалық және лексикалық айырмашылықтар тұрғысынан қарастырылған.

 

Халықаралық отырысқа Шәкір Ыбыраев ф.ғ.д., проф. (Қазақстан); Мехмет Өлмез проф., докт. (Түркия); Ташполот Садықов ф.ғ.д., проф. (Қырғызстан); Темірхан Тебегенов ф.ғ.д. проф. (Қазақстан); Журақузиев Нодирбек PhD докт., доц. (Өзбекстан); Елчин Ибрахимов PhD докт., доц. (Әзербайжан) сынды түрколог ғалымдар көне түркі тілі мен әдебиетінің мәселелеріне қатысты ғылыми баяндамалар жасады.

 

Еске сала кетейік, көрнекті түркітанушы ғалым, белгілі жазушы, талантты аудармашы, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Күлтегін, Франц Кафка сыйлықтарының иегері Немат Келімбетов бұдан он жыл бұрын 15 желтоқсан күні өмірден озған болатын. Алқалы жиын осы датаға орайластырып ұйымдастырылған.

 

 

 

16.12.2020 ж.

Ақпарат көзі: ultainasy.kz