қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
02.03.2021

Республикалық вебинар: Орта және жоғары білім беруде заманауи картография мен ГАЖ - технологиялардың өзекті мәселелері

 


Соңғы онжылдықта геоақпараттық жүйелерді (ГАЖ) қолдану өлшеусіз артып келеді. ГАЖ-технологиялары жаңарған сайын, өзінің қолданыс аясы да ұлғаюда. Қазіргі кезде, қоғамның кез-келген саласында ГАЖ технологисы қолданыс тапқан. Ал, жер туралы ғылымдарда ГАЖ технологиясынсыз зерттеу жүргізу мүмкін емес. Дегенмен, еліміздегі орта білім беру мекемелеріндегі жаңартылған білім беру мазмұнынына сәйкес, геоақпараттық технологиялар практика жүзінде қолданыс таппағаны және ЖОО-дағы жас зерттеушілер ғылыми зерттеу жұмысында сандық картографияның заманауи тәсілдерін қолдануда қиындыққа тап болып жататыны жасырын емес.

 

«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» - деп халық ақыны Абай Құнанбайұлы атап өткендей, еліміздің білімі мен ғылымы басқалардан озық болуы үшін осындай заманауи технологиялар қоғамның кез-келген саласында қолданыс табуы тиіс. Біздің жоғары оқу орнында осыған орай елімізде алғаш рет геоақпараттық жүйе (ГАЖ) технологияларының білім берудегі қолданбалы негіздерін талқылауға арналған «Орта және жоғары білім беруде заманауи картография мен ГАЖ - технологиялардың өзекті мәселелері» тақырыбындағы республикалық вебинар ұйымдастырылды.

 

Zoom платформасында online режимде ұйымдастырылған вебинарда елімізге танымал ГАЖ мамандары мен картографттар және жас ғалымдар баяндама жасап, ГАЖ технологиясын білім беру мен ғылыми зеттеу жұмыстарында қолдану бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Аталған шараға еліміздің орта білім беру мекемелеріндегі география пәнінің мұғалімдері, ЖОО оқытушылары және докторанттар мен магистранттар қатысып, ГАЖ технологиясының бағдарламалық негіздері, геоақпараттық онлайн планформалар және оларды пайдаланудың жолдары, ГАЖ технологиясындағы мәліметтер базасымен жұмыс, ғарыштық түсірілімдер және оларды дешифрлеу тәсілдері сияқты ақпараттармен танысып қоймай, олармен практика жүзінде жұмыс жасауды үйренді.

 

Ең алдымен, вебинардың ашылуында сөз алған Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми жұмыс және цифрландыру жөніндегі проректоры м.а., ф.-м.ғ.д. Сахиев Саябек Қуанышбекұлы ақпараттық-технологиялар ғасырында ақпараттарды жүйелеп ұсыну, деректер базасын құру және ғарыштық зерттеулердің маңыздылығына мән берді. Жаратылыстану және география институтының директоры, г.ғ.д., профессор Каймулдинова Күләш Дүйсенбайқызы: - Заманауи картография мен ГАЖ - технологиялардың орта және жоғары білім берудің бағдарламасына енгізілуі - географиялық білім берудің өзекті мәселелері ретінде қарастырылатынына тоқталды. Әсіресе, орта білім беру ұйымдарына картография мен геоинформатиканың кірігуі мектеп мұғалімдері үшін қиындықтар туғызатынын алға тартты. Сондықтан да, аталған веб-конференцияның қолданбалы мәселелерді шешуге бағытталғаны - мектеп мұғалімдері мен білім алушылар үшін өте тиімді, - деп санайтынын жеткізді.

 

Әлемге аты танымал ғалым Исаак Ньютон «Ғылымды танып - білуде ережеден мысал пайдалырақ» деп атап кеткеніндей, вебинар спикерлері ГАЖ технологиясында жұмыс жасау тәсілдерін өз зерттеу мысалдарында көрсетті. Атап айтсақ: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі, PhD Асылбекова Айжан Асылбековна Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі картография мен ГАЖ-дың заманауи жағдайына, профессор-оқытушылар құрамының жетістіктеріне, кафедраның білім бағдарламалары мен шетелдік серіктестер, картография мен геоинформатика мамандығы білім алушыларының жұмыспен қамтылуы және материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайымен таныстырды.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Картография және геоинформатика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Какимжанов Еркін Хамитович Географиялық мәліметтерді талдауға арналған қарапайым және қолжетімді бірнеше бағдарламалардың жұмысымен таныстырды. Соның бірі - QGIS құрал жабдығы. QGIS бағдарламасында растрлық-векторлық операциялардың орындалуы, қарапайым геомәліметтерді ғаламтордан жүктеп алу, оны 3D модельдеу сияқты тапсырмалардың орындалу жолдарын көрсетті. «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ-ның ғылыми қызметкері, Арыстанов Асет Амирханович, Sentinel_2 ғарыштық суреттерінің ArcGISГИС бағдарламасында өңделу жолдарын, яғни, ғарыштық суреттерді арақашықтан түсіруден бастап, оны спектралды каналдар арқылы дешифрлеу, кеңістіктік өзгерістерді бағалау және болжам жасау қадамдарын практика тұрғысында түсіндірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Жоғары технологиялар және инжиниринг кластері» бас директорының орынбасары Тәукебаев Өміржан Жалғасбекұлы орталықтың жалпы қызметімен таныстырып, университет ғалымдары құрастырған наноспутниктің ғарыш кеңістігіне ұшырылуы, оның қызметі, бүгінгі таңдағы орталықтың жетістіктерін баяндады. Өміржан Жалғасбекұлы таныстырған «Super Map» ГАЖ бағдарламасы вебинар қатысушыларының зор қызығушылығын тудырды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың постдокторанты, PhD Шахислам Ұзақбайұлы «Жерді арақашықтан зерделеу мәліметтерінің қолжетімділігі және оларды Іlwis 3.8 бағдарламасында дешифрлеу тәсілдері» тақырыбында баяндама жасады.

 

Ашық ғаламтор кеңістігіндегі USGS (United States Geological Survey) және SAS Planet мәліметтерін пайдалану арқылы географиялық білім беруді жетілдіру, ғылыми-зерттеулерде пайдалану жолдарын көрсетті. «Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты» ЖШС, Ақпараттық технологиялар қызметінің жетекшісі Машрапова Мөлдір Әбдімүсілімқызы ұзақ жылдардағы зерттеулер нәтижесінде Қазақстанның пайдалы қазбаларының мәліметтер базасының құрылуы, деректер базасының бірегейлігі, пайдалы қазбалардың типтері бойынша векторлық қабаттардың түзілуі тұрғысында баяндама жасады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «География және табиғатты пайдалану» факультеті деканының ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, PhD Шокпарова Дана Қанатханқызы «Орта білім беру ұйымдарында ArcGIS Online бағдарламасын пайдалану мүмкіндіктері» бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Мектеп мұғалімдері үшін өте тиімді саналатын ArcGIS Online бағдарламасында экспорт-импорт алмасуларды орындау, танымдық мақсаттағы анимациялық бейнероликтерді көру, география пәнінен картографиялық тапсырмаларды орындау жолдарын үйретті.

 

География және су қауіпсіздігі институты, Географиялық ақпараттық жүйелер зертханасының ғылыми қызметкері, Шарапханова Жанерке Мейрханқызы ЖОО-да веб-қосымшаларды (веб-портал) жасау, заманауи ГАЖ-технологияларды пайдалану мәселелері бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Корпоративтік серверлерде ақпараттық-танымдық веб-қосымшаларды құру, мәліметтерді енгізу, сақтау, оны басқару және тарату қадамдарын түсіндіре отрып, елімізде білім алушылар үшін салалық веб-қосымшалар құрудың қажеттілігіне ерекше мән берді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «География, қоршаған орта және қызмет көрсету» білім беру бағдарламалары тобының жетекшісі, PhD Алиасқаров Думан Тоқтарұлы «Жаңартылған мазмұндағы географиялық білім беруде ГАЖ (GIS) - технологияларын тиімді пайдалану» тақырыбында баяндама жасады. Әлемдік деректер Атласы (World Data Atlas) келтірген мәліметтерді орта білім беруде пайдалану, тұрақты даму индикаторлары бойынша сандық мәліметтерді салыстырмалы талдау, жаңартылған мазмұндағы мектеп географиясындағы тапсырмаларды орындау жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, gadm org., Гугл Жер ғаламшары сияқты веб-картографиялық сервистерінде шейп-файлдарды жүктеу, тақырыптық карталар құрастыру және т.б. комбинацияларды орындауға болатынын көрсетті.

 

Жалпы алғанда, алты сағаттан аса уақытқа созылған іс-шара ГАЖ мамандарын даярлайтын ЖОО-дары мен мектеп арасындағы әріптестікті арттыра түсті. Мектеп мұғалімдері мен білім алушылар баяндама жасаған спикерлерге зор ықыластарын білдіріліп, алдағы уақытта арнайы біліктілікті арттыру курстарын өткізуге ұсыныс жасады. Вебинарда қарастырылған мәселелерді шешуде білім беру ісінің қарашаңырағына айналған Абай атындағы ҚазҰПУ ұжымы да сүбелі үлес қосуда. Өздеріңізге белгілі, жаңартылған мазмұндағы география оқулықтарының авторлары: К.Д. Каймулдинова, Б.Ш. Абдиманапов, С. Абилмажинова, А.Абулгазиев Жаратылыстану және география институтында еңбек етеді.

 

Университетіміздің жас ғалымдары: Лайсханов Шахислам, Алиасқаров Думан және Бахыт Мөлдір университет қаржысы есебінен «Жаңартылған мазмұндағы мектеп географиясын оқытуда ГАЖ технологиясын пайдаланудың әдістемелік негіздерін жасау» атты ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Бұл ғылыми жобаның негізгі идеясы - ГАЖ технологиясының негізін құрайтын бағдарламаларын қолдану арқылы мектеп географиясындағы «Картография және картографиялық деректер базасы», «Картография және геоинформатика» бөлімдерін оқытуға арналған көмекші құралдарды әзірлеу және оларды оқу үрдісінде пайдалануды біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру арқылы үйрету болып табылады.

 

Авторлары: Шахислам Ұзақбайұлы ЛАЙСХАНОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУдың постдокторанты, PhD
Думан Тоқтарұлы АЛИАСҚАРОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың география,
қоршаған орта және қызмет көрсету білім
беру бағдарламалары тобының жетекшісі, PhD

02.03.2021 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz



5

Вернуться назад