қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
21.02.2018

А.Құлсариева: «Жаңа әліпби - пайдалануға тиімді, эстетикалық тұрғыдан тартымды»

 



Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқазақ тілініңлатын графикасына негізделген, апострофты акутқа (әріптің төбесіндегі белгі тіл ғылымында «акут» деп атайды) ауыстырған әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті.

 

Апостроф қолданғанда екі таңбамен бір әріпті белгілеп, жазылған (басылған) сөздердің ұзарып қана қоймай, тілім-тілім болып бөлініп қалатындығын көргенде «латынға көшетін болдық!» деп өрекпіген қуанышымыз су сепкендей басқанын жасырып қайтеміз. Бұл жайында әлеуметтік желілерде де, өзара бас қосуларда да көп айтылып жүргенін бәріміз білеміз.

 

Тіліміздің дыбысталу ерекшелігіне сай тым көбейіп кететін үтірлерге қарап, қуақылау әріптестер түрлі теңеулер тапты. Сөйтіп«әттеген-ай» деп қысылып жүргенде жаңа әліпбіи бекітіліп «уһ!» дегендей болдық.

 

Алдыңғы нұсқа бойынша 9 әріпті бір теріп, қасына үстіңгі үтірді (апострофты) бір теріп, біртұтас сөзді жұлым-жұлым еткенше 6 акутты (ноқатты) әріпті және де жаһандық тіл - ағылшыннан үйреншікті болып кеткен «ш», «ч» әріптерінің қосақ таңбасын пайдалану әлдеқайда тиімді әрі эстетикалық тұрғыдан алғанда тартымды болғанын байқадық.

 

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың пікірінде айтылғандай, әліпбидегі апостроф арнайы белгі ретінде барлығын бөліп тұрып, интернеттегі іздеу мен қаржы қызметінде қиындықтар тудыратындығы өз алдына бір мәселе.

 

Әріптердің екеуін есептемегенде қалған 30-на бір дыбыс, бір таңба келіп тұрған соңғы нұсқа көпшілік пікірінің ескерілгендігінің айқын көрінісі ретінде де халыққа жағымды жаңалық шығар деп ойлаймын.

 

Ендігі жерде мәселе сөзден іске тезірек көшіп, жаңа әліпби нұсқасының тиімді өміршеңдігін дәлелдейтіндей бағдарламалар жасап, оны көпшілікке түсіндіріп, тарату қажет. Жалпы жұрт болып талқылаған әліпби нұсқасы болашақтың әсем де қолайлы тілтаңбасына айналып, көптің керегіне жарайтына сенімдімін.

 

Авторы: Ақтолқын Құлсариева,

профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры

21.02.2018 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz