қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
01.12.2025

ҚАЗАҚСТАН АВТОРЛЫҚ ҚОҒАМЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАДЫ

 

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп «Қазақстан авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бас директоры Айнұр Есендікованы қабылдады. Іс-шара барысында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

Меморандумның мақсаты – зияткерлік меншікті жүйелі түрде қорғау, авторлық құқықтарды есепке алудың ашық инфрақұрылымын қалыптастыру. Университет студенттері мен оқытушыларының шығармашылық жобаларын қолдау. Аталған құжат студенттер мен оқытушылардың шығармашылық әрі ғылыми қызметінің нәтижелерін құқықтық қорғау саласында күш-жігерді біріктіруді, сондай-ақ академиялық ортада авторлық құқықты құрметтеу мәдениетін дамытуға бағытталған.

 

Іс-шараға универсиеттің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова, Өнер факультетінің деканы Кәрім Байғұтов пен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы туризм мен мәдениетті дамыту жөніндегі Құрметті елшінің кеңесшісі Сәкен Белгібаев қатысты.

 

Меморандум аясында тараптар студенттер, магистранттар мен докторанттар және оқытушы-профессорлар құрамы үшін авторлық құқық мәселелері бойынша бірлескен семинарлар, консультациялар мен тренингтер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл болашақ суретшілер, дизайнерлер, музыканттар, мен режиссерлер және арт-педагогтар мен зерттеушілерге оқу кезеңінде-ақ өз туындыларын қалай қорғауға болатыны жөнінде ақпарат береді.

 

Болашақта университет пен аталған қоғамдық бірлестік арасындағы кәсіби байланыстар нығайып, біліктілікті арттыруға бағытталған өзге де бастамалар жүзеге аспақ.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі      

    

  alt=  

  alt=