қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
28.06.2018

Аманатқа адалдық

 



Мәлік Ғабдуллин туралы «Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі» деп тамсанған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Серік Негимов туралы сөз қозғағанда батырдың ­«...Ай артынан ай туып, жыл соңынан жыл да келер. Бүгінгі ауырлық, сұрапыл соғыстың дәуірі ертең-ақ шаттық, алтын нұрын шашқан сәулет күніне жеткізер. Сол кездерде өткен уақыттың оқиғаларына көз салармыз. Адам тарихынан ғасырлар бойы өшпестей орын алған талай-талай белестерді, мақтаныш етерліктей болып жасалған мазмұнды істерімізді, халқымыздың абырой-атағы, даңқы, намысы үшін жас өмірін қаза еткен батыр бауырларымызды еске түсірерміз. Олардың ерлік істерін, олардың бізге қосқан аманатын «қасықтай қаның қалғанша халқыңа қызмет ет» деген тапсырмаларын еске алармыз» деген сөзі мен «Сұрапыл жылдар» атты майдан хикаялары еске түседі.

 

Өйткені С.Негимов 2001 жылы М.Ғабдуллиннің «Майдан дәптерінен» бастап, хаттары мен күнделіктерінен, тұрмыстық жазбаларынан, аспирант­тың оқу жоспарынан, жеке журналынан көптеген тамаша мысал келтіре отырып, оның қайраткерлік, санаткерлік істері, ұлттық әдебиеттану, фольклортану, педагогика, психология ғылымдарын дамытуға қосқан зор үлесі, ұшан-теңіз эпистолярлық мұрасы, шығармашылық өмірбаянын архив деректері мен замандастарының естеліктері негізінде «Мәлік Ғабдуллин» атты зерттеу еңбек жазып шықса, 2015 жылы бұл филологиялық-деректанулық зерттеуді екі есеге кеңейтті. Сондай-ақ батыр шығармаларын құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемесін жазуға да елеулі үлес қосты. Осы жұмыстардың барлығы Мәлік ағамыз айтып кеткен аманатқа адалдықты аңғартатын секілді.


«Қасықтай қаның қалғанша хал­қыңа қызмет ет» деген батыр аға­мыз­ға айтылған тапсырма М.Ғабдул­лин­ге арналған монографияны оқып отырғанда, мүлтіксіз орындалғанына көз жеткізесіз.


«Жаны - жібек, жүрегі - от, қа­дамы - құт баһадүр» ұстазын ерекше ықы­ласпен еске алатын С.Негимов бұл тақырыпқа кездейсоқ келмеген. 1966 жылы лекциясын тыңдаған студентке 1971 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ді бітірген кезде М.Ғабдуллинмен қоян-қолтық араласудың сәті түседі. Осы жылдардан бастап, ол ұстазының бүкіл өмір өткелдерін өз аузынан естиді және соны көңілге тоқи жүріп, кезегі келгенде айна-қатесіз қағаз бетіне түсіре білді.


Бұл кітапта Кеңес Одағының Батыры, қоғам қайраткері, КСРО Педагогика ғылым академия­сы­ның академигі, филология ғылымының докторы, профессор, халық әдебиетінің білгірі, әскери мемуарист, ержүрек батыр Мәлік Ғабдуллиннің балалық шағы, өсу жолдары мен майдан жылдары, қоғамдық қызметі, ғылымға қосқан үлесі нақтылы сөз болады.


1941-1945 жылдары Кеңес Ода­ғының аумағын шарпыған екінші дүниежүзілік соғыста батыр атағын иемденген М.Ғабдуллиннің соғыстан кейінгі 1946-1951 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және Әдебиет институтының директоры, 1951-1963 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің ректоры, 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА Тіл және Әдебиет институтында фольклор бөлімінде меңгеруші болып жүрген кездегі өмір жолы кітапта толық көрініс береді.


Бір атадан тараған жеті ұл, үш қыздан жалғыз өзі тірі қалған Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы қиын да күрделі. Аяулы шешесі қайтыс болғанда Алматыда оқып жүрген Мәлікке хабар кеш тиіп, топырақ салу бұйырмайды. 1935 жылы 20 жасында қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-ді тамамдайды. Әди Шәріповке «Бөрінің бөлтірігі» деген жала жабылып, бой тасалап жүргенде, 1937 жылы «Әди Шәріпов пен Байдабек Әлимановпен ауыз жаласқан» деген айып тағылып, комсомолдан шығарылады. Бұл кезде яғни 1935-1937 жылдары Ферғанадағы атты әскер полкінде әскери қызметін өтеп, мергендігімен көзге түскен болашақ батыр арыздана жүріп, 1938 жылы «халық жауы» еместігін дәлелдеп, құжатын қайтарып алады. Осы жылы өзі оқыған ҚазҰПУ-дің аспирантурасына түседі. 1941 жылы 22 маусымда кеңес-герман соғысы басталған кезде ол өзі сұранып, 15 шілдеде қан майданға аттанады. Міне, осының барлығы зерттеу барысында нақтылы құжаттар мен деректер арқылы жүйелі тәртіппен сарапталады. «Сөз өнерін ардақтап кие тұтқан, қазақ баласына деген өлшеусіз құштарлықтың, ізгілік-адамгершілік қасиеттің, рух-жігері асқақ қайраттың иесі Ер Мәлік лапылдаған оттың, «көкала түтіні бұрқырап» гүрсілдеген оқтың ішінде жүріп, өнімді, өрнекті еңбектеніп телегей шығармалар туындатқанына қайран қалмасқа болмайды» деп жазады ғалым.


Осы орайда Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы мен Баянның немерелес ағасы Сары батыр еске түседі. Шоқан Уәлиханов «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыз-әңгімелер» деген еңбегінде: «Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла да береді» деп жазған. Тәтіқара жырау толғауында: «Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы» деген жолдар кездеседі. Осы Сары батыр жауға шапқанда көзінен қан сорғалайтыны сонша, атының шылбыры Баянның тақымында болып, тек жаудың оншақты адамын құлатқанда ғана көзі ашылады екен. Мұны айтып отырғандағы себеп - Мәлік Ғабдуллиннің әскери газетіндегі мақаласында «Қызып кеткенде, екі көзге қан толғанда» деген сөзді тегін айтып отырмағандығы. Сары батырдай көзінен қан сорғаламаса да, жаудың сесін қайтаратындай соған ұқсас айбат Мәлік батырда да болғандығында шәк жоқ. Мұны С.Негимов мысалға келтіріп отырған Борис Полевойдың «Елдің ері» атты очеркінен де көруге болады: «Мәлік батыр, әрі күшті, әрі ержүрек. Қыр түлкісіндей айлакер, ақбөкендей саққұлақ, жау дүрсілін қырымнан біледі. Ақ тұйғындай қырағы, бұққан жауды қиядан көреді. Темірдей қатты білектері неміс төбеттерін қырудан қалжыраған емес: қанша қырса, сонша күшейе береді, үрейі ұшқан немістер Мәлікті көрген жерде-ақ зыта бастайды».


Міне «...ар-намыстың найзасын емен­нің иір бұтағына саптаған» оқ пен оттың өтінде, дүлей ажалдың аузында, ұрыс даласында атой салып жүрген еңіреген ердің айбынды кейпін көз алдыға әкеледі» деп ғалым дәл сипаттама береді.


«Жау қамалын жалғыз бұзған ­Қо­быландыдай қаймығуды білмейтін Ер Тарғындай қимыл жасап» қапияда мерт болғанда Төлеген Тоқтаровтың қа­һармандық тұлғасы толық, жарқын түрде Мәлік Ғабдуллиннің күнделіктері мен хикаяттарында сипатталып сақтал­ғанын» ғалым ерекше атайды.


1075-ші атқыштар полкінде ­Т.Тоқ­таровпен бірге болған компо­зитор Рамазан Елебаев туралы да ғалым ыстық ықыласпен жазады. Ол 9 ақпан 1942 жылы 22 жастағы Төлеген Тоқтаров ерлікпен қаза тапқанда, оған арнап «Жас қабір басында» деген ән шығарады. Көршілес Калинин майданының жауынгерлеріне өнер көрсетуге келген халық артисі Жүсіпбек Елебековке түнделетіп шаңғымен жеткен Рамазан: «Өзіңіздің орындауыңызда болса, арманым жоқ» деп әннің нотасын тапсырады. Р.Елебаев Мәскеудегі В.А.Луначарский атындағы театр өнері институтында оқыған сауатты ­маман болған. Рамазан өтінішін мүл­тіксіз орындаған Жүсіпбек ­Елебеков жолшыбай қасындағы Ғабиден Мұстафинге сөз жазғызып, 1943 жылы 6-қарашада Абай атындағы опера және балет театрындағы салтанатты жиында «Қар жамылған кең дала, қанға бөгіп, Күркіреді сұр аспан өлім төгіп» деп басталатын атақты «Жас қазақ» әнін жаңа мәтінмен тұңғыш рет орындайды. Рамазанның өзі бұл әнді гармонға қосып, орыс, қазақ тілінде тамылжыта орындағанда, бүкіл жауынгерлердің көзіне жас толады екен. Қайран талант 1944 жылы 33 жасында жау қолынан оққа ұшады.


1970 жылы М.Ғабдуллиннің 60 жылдығы аталып өткенде, батырдың үйіне Әлкей Марғұлан, Ғайнетдин Мұсабаев, Жүсіпбек Елебеков, ­Бауыржан Момышұлы, Шапық Шөкин, Әди Шәріпов, Серік Қирабаев, Өмірбек Жолдасбеков, Шерхан Мұртаза, т.б. қатарында Серік ­Негимов те болады. Сонда Б.Момышұлы өзі отырған орынға шақыру билетін қойып кетіпті. Билетте «Сегіз қырлы, бір сырлы ардагер» деп жазыпты да, «азамат, батыр, білімпаз, ұстаз, жазушы, ақын, аудармашы, қоғам қайраткері» деген М.Ғабдуллиннің сегіз қырын есептік сан есім бойынша жазып шығыпты. Осы сияқты өз көзімен көрген жайттарды айта отырып, Мәлік пен Бауыржанның өзгеше рухани жақындығын сөз етеді. Екеуінің айшықты сөз оралымдарынан, қанатты сөздерінен алма-кезек мысал келтіреді. М.Ғабдуллин 1941-1942 жылдары «Бауыржан Момышұлы» атты мемуарлық повесть, 1943 жылы «Қазақ ма­қалының күші» атты эссе, 1944 жылы Баукеңнің ерлік, батырлық, азаматтық тұлғасын ашатын көлемді арнау өлең жазды.


1943 жылы М.Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенде Б.Момышұлы:
Ел күйзелген кезінде,
Ерлік еткен бауырым.
Жау жағадан алғанда,
Батырлық еткен бауырым.
Ел намысын құрметтеп,
Ер намысын ардақтап,
Құтты болсын айтамын,
Шын жүректен, Мәлігім, - деп жазған екен .
Жүз жасаған Жамбыл атамыз да 1943 жылы демалысқа келген батырмен дидарласқанда:
Бауырым - Мәлік беренім,
Жүйрігім, озған өренім.
Халқы сүйген қалауым,
Жырымды саған төгемін, - деп толғапты.


Осы сияқты Нүрпейіс Байғанин, Доскей Әлімбеков, Шашубай, Қайып Айнабеков сияқты халық ақындарының арнауларынан бір-бір шумақтан мысал келтірген ғалым Мәлік батыр бейнесін Жақсыбай мен Қалқа, Нұрлыбек пен Иса, Жақан мен Ғалым, Қалмақан мен Қажым, Асқар мен Дихан, Қалижан мен Қапан, Қаллеки мен Тайыр, Сапарғали мен Әбділда, Секен ­Дайырбеков, Төкен Әбдірахманов, Әлжаппар Әбішев, Есмағамбет ­Ысмайлов, Сәбит Мұқанов, Бейсенбай Кенжебаев секілді ақын, жазушы, әдебиет зерттеушілері әр қырынан толықтыра сомдағанын атап көрсетеді. Соғыс кезінде аспирантурада жетекшілік еткен ұстазы Мұхтар Әуезовпен жазысқан хаттары болғанмен, 1950 жылдары қайтадан күш алған солақай саясат кезінде М.Ғабдуллинге ұлы жазушы суреттеген, зерттеген кезеңді айыптап баяндама жасауға тура келеді. Ғалым архивтік құжат негізінде бұл баяндамадан біршама үзінді келтірген. 1956 жылы 28 қазанда «Қазақ әдебиеті» газетіне «М.Әуезовке хат» деген мақаласында М.Ғабдуллин Абай поэзиясының келелі мәселелеріне тоқтала келіп: «Бір кезде сын деп, сынасу деп сыңаржақ кеткен, асыра сөйлеген жеріміз болды. Ондайы­мыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын» деген екен. Ғалым «Қазақтың педагог оқымыстылары арасында Төлеген Тәжібаев пен Мәлік Ғабдуллин - асқан мәдениетті нағыз ғалым-педагогтар» деген орыс академигінің сөзінен мысал келтіріп, кезең тайталасын объективті бағамдауға негіздейді.


Сондай-ақ еш жерде жарияланбаған Б.Момышұлының, І.Кеңесбаевтың мазмұнды хаттары мен басқа да архив деректері зерттеудің ауқымын кеңейтіп, құжаттық нақтылыққа арқа сүйеуге септескен.


Жинақтай айтқанда ғалым Мәлік­тануға байланысты бірде-бір затты ­назардан тыс қалдырмаған. Бұл - әрине ты­нымсыз ізденісті, сарыла, сарғая отырып еңбектенуді қажет ететін үлкен шаруа.


Кітаптың тағы бір ерекшелігі Кеңес Одағының Батыры Төлеген ­Тоқ­таровтың жерлесі, жан досы, соғысқа бастан-аяқ қатынасқан Жұмажан Батталовтың 1946 жылы М.Ғабдуллинге тапсыр­ған шағын да болса маңызды күнделік-дәптерін жариялауы дер едік. Мұнда майдандас ­достар арасындағы Мәлік ағаның болмысы одан әрі ашыла түспесе, кемімейді. Мәліктің өлеңдері мен жарияланбаған әңгімелері кітап құндылығын арттыра түскен.


700-дей ғылыми, әдеби-сын мақа­ла­­лардың авторы С.Негимов «Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы», Шашубайдың, Доскейдің, ­Мә­ліктің шығармаларын және «Ардақ», «Ақ бата», «Ақ бата - ақ тілек­тер» жинақтарын құрастырды. Әде­­биет­­тану терминдерінің сөздігін құрас­тырушылардың бірі болды. Сондай-ақ «Өлең өмірі» (1980), «Ақын-жы­раулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Ақын-жыраулар поэзия­сы: Генезис. Стилистика. ­Поэтика», «Қазақтың сал-серілері», «Әдебиет әлемі», «Қазақ өлеңдерінің көркемдігі», «Таным мен пайым», т.б. сияқты сандаған ауқымды теориялық еңбек жазған Серік Негимовтың бұл кітабы Мәліктанудың тарихи шежіресі іспетті.


Салқын сана мен сарабдал ақылдың иесі Серік Нығметоллаұлы Негимовтің ұлттық сөз өнерінің бейнелігімен адамгершілік-ұждандық, тұлғалық мәселелерді жаңашылдықпен тал­даудағы жетістіктері, жалпы ғылыми-зерттеушілік ой-пікірге қосқан өлшеусіз үлесі әдебиеттану ғылымында мәңгі жасай бермек.

 

 

Авторы: Руда Зайкенова,
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің
профессоры, филология ғылымының докторы

28.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz