Главная /
СМИ о нас
15.10.2019 Өнер, мәдениет және спорт институтының мерейтойына арналған көрме
11 қазан күні Мемлекеттік орталық музейінде «Ұлы дала қыры: заманауи кезеңдегі шығармашылық тәжірибелер мен көркем білім беру» халықаралық өнер арт-форумы аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Өнер, мәдениет және спорт институтының 50 жылдығына арналған «Мерейтойлық палитра» көрмесінің ашылуы өтті. Аталмыш көрмеде институттың түлектері мен профессор-оқытушылар құрамының туындылары ұсынылған.
«Мерейтойлық палитра» экспозициясы қазіргі заманғы отандық көркемөнер білімінің шығармашылық әлеуетін, қажымас ізденістер мен көркемдік эксперименттердің нәтижелерін, қазақстандық суретші-педагогтардың тәжірибесі мен жетістіктерін көрсетуге арналған.
Көрменің ашылуында ректор Такир Балықбаев жиналған қауымды еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғамен құттықтады.
«Бүгінгі «Мерейтойлық палитра» шығармашылық көрмесінің мақсаты біздің көркем-педагогикалық мектептің жетістіктерін көрсету ғана емес, сонымен қатар, ол бейнелеу өнері призмасы арқылы заманауи қазақстандықтардың ой-арманын білдіретін тақырыптарды бөлісуге тамаша мүмкіндік беріп отыр. «Мерейтойлық палитра» экспозициясы отандық және халықаралық арт сахнада белсенді жұмыс істейтін суретшілердің шығармашылық жұмыстарынан құрылған. Ол әлемдік эстетикалық және рухани ұлттық дәстүрлерді Еуропалық бейнелеу өнері мектебінің тәжірибесімен және заманауи жаһандық бейбітшілік мәдениетінің инновациялық жетістіктерімен үйлестіреді.
Бүгінгі көркем экспозициясы арқылы сіздер Қазақстан бейнелеу өнерінің жаңа қырларымен, еліміздің көпсалалы мәдениеттер әлемімен танысасыздар», - деді Такир Балықбаев.
Іс-шара барысында қонақтар мен көркемсурет факультетінің алғашқы түлектері құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ, көрмеде ҚазҰПУ-дың Өнер, мәдениет және спорт институтының профессор-оқытушылар құрамының жұмыстары жинақталған «Мерейтойлық палитра» каталог-антологиясы ұсынылды.
Бұрын Көркемсурет және графика факультеті деп аталған Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Өнер, мәдениет және спорт институты мәдениеттің, өнердің әртүрлі салалары үшін жоғары білікті кадрларды даярлап, ұзақ және даңқты жолдан өтті. Аталған әрбір шеберлердің өздерінің танымал және жарқын стилі бар.
Бұрынғы КГФ-нің түлектері - белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, әйгілі графикалық суретшілер мен кескіндемешілер, мүсіншілер мен педагогтар: Ерболат Төлепбай, Нэлли Бубэ, Владимир Власюк, Шоқан Төлеш, Дәркембай Шоқпаров, Аркен Зульфикар, Вячеслав Люйко, Батима Заурбекова, Темірхан Ордабеков, Тоққожа Қожағұлов, Анарбек Нақысбеков, Жолаушы Турдугулов, Болат Атамқұлов және тағы басқалар - біз мақтан тұтатын есімдердің бір бөлігі ғана.
Қазіргі таңда институтта профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары, доценттер, еңбек сіңірген қайраткерлер, еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, еңбек сіңірген жаттықтырушылар, спорт шеберлері, Суретшілер одағының және Дизайнерлер одағының мүшелері және басқа да шығармашылық бірлестіктер жұмыс істейді. Олар өздерінің дарынды студенттерімен бірге Қазақстан мен алыс-жақын шетелдердегі көрмелерге, концерттерге, фестивальдерге, байқауларға белсенді қатысады.
Авторы: Римма Жанбаева 15.10.2019 ж. Ақпарат көзі: kazgazeta.kz
|