қазақша · русский · english
 
 
 
25.03.2019

ҚазҰПУ оқытушылары мен студенттерінің МҚПУ-ға сапарының қорытындысы туралы

 

20 наурызда «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының мәжілісінде кафедраның екі оқытушысы п.ғ.к., доцент Асель Акпаева, п.ғ.м., аға оқытушы Екатерина Рябова және БОПӘ мамандығының 2-курс студенттері Ирина Роменских, Динара Сымбеттің 2019 жылдың 11-23 ақпан аралығындағы Мәскеу қалалық педагогикалық университетінде (Мәскеу қ.) болған іс-сапарының қорытындысы талқыланды.

 

Оқытушылардың іс-сапарының мақсаты - «Бастауыш білім берудің өзекті мәселелері (математикалық, жаратылыстану ғылыми, сөйлеу аспектілері)» (72 сағат) қосымша білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру курсынан өту. Жетекшісі: Марина Романова, педагогика ғылымдарының докторы, оқыту әдістемесі департаментінің профессоры.

 

Екінші курс студенттерінің сапарының мақсаты - «Кіші мектеп жасындағы оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мәселелері» тақырыбында қосымша кәсіби бағдарламасын (36 сағат) өту. Автор: оқыту әдістемесі департаментінің доценті Антонина Богданова. Студенттерге арналған бағдарламаны іске асырудың мақсаты: кіші мектеп жасындағы оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру бойынша тыңдаушылардың кәсіби білімі мен дағдыларын жетілдіру, болашақ педагогтарға сөйлеу контексінде бастауыш сынып оқушыларына тілді меңгерту әдіс-тәсілдері жүйесін игерту. Студенттер курсты сәтті аяқтап, жобаны қорғап шықты.


Сонымен қатар екі дипломдық білім беруді ұйымдастыру, халықаралық студенттік жобалар туралы келісімдер жасасу, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін - студенттерді оқытуды ұйымдастыруда тәжірибе алмасу бойынша келіссөздер жүргізілді.

 

Марина Романова, Юлия Серебренникова, Анна Калинченко және басқа да Мәскеу қалалық педагогикалық университеті Педагогика және психология институтының көптеген педагогтары институт директоры профессор Александр Савенковтың басшылығымен күн сайын біздің әріптестеріміз бен студенттерімізге көп уақыт бөлді. Жоғары деңгейдегі мамандар, педагогика, психология және оқыту әдістемесі бойынша танымал еңбектердің авторлары өздерінің идеялары және тәжірибелерімен бөлісті. Біздің оқытушылар мен студенттеріміз Педагогика және психология институтында өткен түрлі іс-шараларға қатысты.

 

Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің жұмыс берушісі - Мәскеу қаласындағы орталық мектептердің бірінің базасында өткен пәнаралық іс-шараның тәжірибесін БОПӘ кафедрасының жұмысына енгізу туралы шешім қабылданды. МҚПУ-нің Педагогика және психология институтының 3-курс студенттері бастауыш сынып оқушыларына арналған STEM фестиваль ұйымдастырды. Олар ғылым, технология, инжиниринг, математика сияқты тақырыптық бекеттер (станциялар) үшін балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, қызықты тапсырмалар мен ойындар таңдайды. Балалар топтарға бөлініп, әр бекетке барады. Бір бекетке 10 минуттан, барлығы бір сабақ уақытын алады. Балалар бұл жұмысқа үлкен қызығушылықпен кіріседі.МҚПУ-дегі әріптестерімізге жақсы идея үшін алғыс айтамыз!


2019 жылдың 11 сәуірінде Педагогика және психология институтында «Абай атындағы ҚазҰПУ-да ғылым күндері» аясында 2-3 курс студенттері ұйымдастыратын «STEM» фестивалі өтеді. Сондай-ақ 1-2 курс магистранттарымен «STEM - білім беру және бастауыш сынып оқушылары» дөңгелек үстелі болады.

 

Сонымен қатар, МҚПУ-нің бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының төменгі курс студенттері үшін оқу практикасын жүргізу тәжірибесін өзімізге енгіземіз. Алматы қаласының мұражайлары мен кітапханаларын зерттеп білуді қамтитын практиканың мазмұны әзірленді.

 

Кафедраның мәжілісінде іс-сапардың мақсаты сәтті жүзеге асырылып, Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің Педагогика және психология институтымен одан әрі ынтымақтастық жолдары белгіленді.

 

   

 

   

 

   




Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler