қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
30.10.2018

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

 

Ағымдағы жылдың 29 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аға буын ұрпақтың өмірлік тәжірибесі мен ақыл кеңестерін, жас ұрпаққа өнеге етіп, оларға құрмет көрсету мақсатында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған ардагер-ұстаздарымызды ұлықтауға арналған «Халықаралық қарттар» мерекелік шара өтті. Іс-шара ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен Университеттің ардагерлер кеңесінің және кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткізілді.  


Шара барысында университетіміздің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов ардагер-ұстаздарды құттықтап, 49 ардагерді білім ордамыздың 90 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен марапаттады. Соның ішінде 3 ҰОС ардагері, 43 тыл және еңбек майданы ардагерлері және 3 ауған соғысының ардагерлері марапатқа ие болды.


Одан әрі шара университет өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласып, барша ардагерлерімізге мерекелік көңіл сыйлады. Ардагер-ұстаздарымыз өз кезегінде өмірлік жолындағы естеліктерімен бөлісіп, қонақтарға жылы лебіздерін білдірді.


Іс-шара соңында Ұлы Отан Соғысының ардагері, 95 жастағы қариямыз Абдрахман Ишмухамедов ақ батасын берді. Университет басшылығының атынан барша ардагерлерге сыйлықтар тарқатылды.


Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбектерін аямаған тәуелсіз еліміздің берекелі бірлігін бекемдейтін ардақты ардагерлеріміздің дендеріне саулық тілейміз!

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

жастар саясаты департаменті