қазақша · русский · english
 
 
  Главная / СМИ о нас
21.04.2018

Физикадағы «Алматы құпиясы»

 

Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының коррес­пондент-мүшесі, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, физика-математика ғылымының докторы, профессор Әбіл Жет­баев тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді.

 

Негізі, Әбіл Жетбаев 1938 жылы 16 сәуірде Ресейдің Астрахан облысында дүниеге келді. ҚазМУ-ді 1961 жылы бітіріп, ҰҒА Ядролық физика институтына жұмысқа орналасады. Мұнда 40 жыл қызмет етіп, аға лаборанттан институт бас директорына дейін көтеріледі. Бұл ретте Әбіл Қуанғалиұлы әу бастан институтта жұмыс істеуде жаңа заманауи тәсілдерді меңгеруге мән берді. Оның ішінде ядролық физикалық әдістерді меңгеруге баса көңіл бөлді. Сосын, атомдық реактор мен изохрондық циклотонның іске қосылуына үлес қосты. Зертхана меңгерушісі, профессор Дүйсен Қайыповтың жетекші­лігімен 1968 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Диссертациясы «Мессбауэр эффек­тісімен» байланысты болды. Мессбауэр эффектісі (ядролық гамма-резонанс) құбылысын 1958 жылы неміс ғалымы Мессбауэр ашты. Осы жаңалығы үшін 30 жастағы Рудольф Мессбауэрға 1961 жылы физикадан Нобель сыйлығы берілген еді.

 

Бұл жұмыс әлемнің барлық ғылыми орталығында жолға қойылады. Әсіресе, М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінде көп жұмыстар жасалды. Мысалы, профессор В.Шпинель алғаш эксперимент түрінде өз зертханасында ядролық гамма-резонанс құбылысын темірдің 57 және қалайының 119 изотоп­тарында сынады. Бұл содан соң Кеңестер Одағының ірі ғылыми орталықтарында ізденіске түсті. Осы орайда М.Ломоносов атындағы ММУ-де тәжірибе алуға Әбіл Қуанғалиұлы жарты жылға іссапарға жіберіледі. Онда жас ғалымдар профессор В.Шпинельдің жетекшілігімен бірнеше сынақтар жүргізді. Ал Әбекең ядролық гамма-резонанс құбылысын жетік түсініп, сынақ базасын толық меңгереді.

 

Іссапардан кейін Ядролық физика институтында «Мессбауэр эффектісі құбылысын» жолға қоюға терең кіріседі. Сөйтіп, болашақ зертхананың негізі қаланды. Ал КСРО Ғылым академиясы шешімімен 1975 жылы осы ғылыми топ негізінде нейтронография зертханасын құрады. Кейін ол «Ядролық гамма-резонанс спектрос­копиялық зертханасы» аталды. Зертханаға басшылық ету институттың ғылыми хатшысы Әбіл Жетбаевқа жүктеледі. Сөйтіп, Әбіл Қуанғалиұлы маңайына жас мамандарды тартады. Олар Мессбауэр ғылыми тобында Әбекеңмен бірге жұмыс бастаған М.Верещак, Қ.Сәтбаев, жас мамандар Т.Досмағанбетов, А.Озерной, Ә.Шоқанов, Т.Жантикин, Қ.Дөнбаев, З.Серікбаева, М.Мұқышева және басқалар болды.

 

Зертханаға институт директоры Ш.Ибрагимов үлкен талап қойды. Өйткені, зертхананың ғылыми бағыты бойынша радиациялық бөлшектердің металдар мен олардың қоспаларына әсерлері зерттелді. Сөйтіп, Әбіл Жетбаевтың жетекшілігімен 1978-1996 жылдары 2 ғылым докторы мен 13 ғылым кандидаты диссертация қорғады. Олар «Мессбауэр эффектісі және оның қатты денелер радиация физикасы саласында қолданылуы» деп аталды. Бұл ретте біраз жұмыс металдардағы және оның қоспаларындағы радиациялық ақауларды зерттеуге арналды. Нәтижесінде зертхананың сынақ базасы құрылып, Мессбауэр спектрометрлер қондырғылары қолдан жасалып, іске қосылды. Сосын зертхана жаңа қондырғымен жабдықталып, нейтронография және нейтрондық радиография саласының жұмыстары басталады.

 

Содан зертханада сұйық гелий тем­пературасында (-2680С) сынақ жұмыстары жүргізілді. Бұрын-соңды болмаған жаңа эффектілер ашылды. Мысалы, гематитте (Fe2O3) Морин температуралық фазалық ауысудан төменгі температурада, оны ядролық бөлшектермен атқылағанда жаңадан екі фазалық ауысу ашылды. Бұл ауысу кейбір ғалымдар «Жетбаев-Дөңбаев фазалық ауысуы» деп атады. Сосын металдарды сәулелендіргенде түрлі радиациялық құрылымдар түзілді. Мысалы, болаттан радиациалық атқылау нәтижесінде цементиттің бөлінуі байқалып, металдарда радиация әсерінен ядролық бөлшектермен атқылау нәтижесінде нүктелік ақаулар пайда болды. Олардың электрондық күйі мен құрылысы көрсетілді. Алғаш рет тантал-181 изотопында ядролық гамма-резонанс құбылысы байқалды. Үш компонентті қоспаларда, олардың әр түрлі фазалық құрылымы мен электрондық күйі зерттелді. Бұл қоспалар құрылысы өзгерісіне үдетілген бөлшектердің және радиацияның әсері анықталды. Сөйтіп, зертхана 1992 жылы ядролық гамма-резонанс спектроскопия зертханасы болып өзгерді.

 

Айтылған, ғылыми саладағы істелген жұмыстар көптеген шетелдік ғылыми журналда басылды. Бұл мақалаларға көптеген сілтемелер жасалды. Содан да ядролық гамма-резонанс спектроскопиясы зерханасында Мессбауэр эффектісі көмегімен жасалған ғылыми жұмыстар әлемге әйгілі болды.

 

1983 жылы Мәскеудегі И.Курчатов атындағы Атомдық энергетика институтында Әбіл Жетбаев саладағы докторлық диссертациясын қорғады. Диссертация кеңесінің төрағасы, дүние жүзіне белгілі ғалым, Кеңес Одағының үш дүркін Еңбек Ері, ядролық физика саласындағы көшбасшы белгілі тұлға, дара маман И.Кикоин диссертациялық жұмысқа жоғары баға берді. Ол кезде мен жас ғылыми қызметкер едім. Осы диссертацияда талданған мәселелерді естіп, диссертация кеңсесінде Әбекеңнең даналығы мен болашақ Қазақстан ғылымына сенетінін байқадым. Сарапшылар, ғылыми кеңес мүшелері бұл диссертацияны эксперименттік ядро физика саласының алдыңғы қатардағы жұмысы екенін атап айтты. Әрі Қазақстандағы Ядролық физика институтында орындалған бұл ғылыми жұмысқа теңдесі жоқ, халықаралық деңгейде жасалған деген баға берілді. Сөйтіп, бұл диссертациялық жұмыс ядролық гамма-резонанс саласында зертхананың дәрежесін көтеріп қана қоймай, сонымен бірге Ядролық физика институты деңгейін жоғары көтеріп тастады.

 

«Мессбауэр эффектісі және оның қолданылуы» атты Халықаралық ғылыми конференция КСРО Ғылым академиясы төралқасы шешімімен 1983 жылы Кеңестер Одағында алғаш рет Алматыда өтті. Сөйтіп, Халықаралық конференция 1962 жылдан бері екі жылда бір рет әр елде өтіп келеді. Осы істердің басында Әбіл Жетбаев болды. Тіпті, Мессбауэрдың өзі осы конференцияға арнайы ұшып келіп, қатысты. Осыдан кейін ТМД-дағы екінші конференция екі жыл бұрын Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтті.

 

Мессбауэрдың өмірден озғанына биыл 4 жыл болды. Өзінің бір естелігінде ол «Алматыда ядролық гамма-резонанс құбылысы қалай ашылғаны» жайлы терең толғаныпты. Оны ғалымдар қазір «Алматы құпиясы» деп атап жүр. Сонда Рудольф Мессбауэр баяндамасын бір сағаттан асатындай етіп еркін жасады. Сонда ғалым «Ғылыми ортада, физиктер арасында, ядролық гамма-резонанстың болуы мүмкін емес деген ұғым қалыптасқанын» айта келіп, осы мәселені қалай шешкенін ашып берді. Сөйтіп, бір сағаттан аса ғылымдағы ғажайып құбылыстарға тоқтала келіп, жас ғалым ядролық гамма-резонанс құбылысын алуға болатынын сеніммен дәлелдеп, істелген жұмыстың барлық құпиясын ашып салған еді. Бұл құпия басқа жерде ешқашан айтыл­ған емес деп шетелдік әріптестерім айтады. Мұны 2015 жылы Опатияда (Хорватия) өткен Халықаралық «Мессбауэр эффектісі және оның қолдануы» конференциясында естіп, кейін ақпараттан оқыдым.

 

Әбекеңнің ұйымдаструшылық қасиеті, білім саласындағы бағыттарды болжап, ұжым алдына мақсат қоя білуі Институт директоры (1986 ж.) кезінде анық байқалды. Сөйтіп, институт ұжымы 1988 жылы бір ауыздан Әбіл Қуанғалиұлын директор сайлады. Сосын Кеңес өкіметі құлап, ескі формацияның жоққа шығару заманы келді. Сонда да Әбекең институтты сақтап қалды. Әрі ғылыми бағытты ары қарай дамытып, үлкен-үлкен келісім шарттарға көңіл бөлді, шет ел компанияларымен жұмыстар жүргізді. Институтың ғылыми жұмысын іргелі жүйеден ақырындап қолданбалы бағытқа бұрды. Сосын көптеген өндірістерден тапсырма алып, ұжымды жұмыспен қамтамасыз етті. Институт тұрған қалашықтың инфроқұрылымын дұрыстады. Осылай Әбекең 10 жылдан аса осы институт директоры болып еңбек етті. Соңғы кезде институттың бас ғылыми қызметкері болды.

 

Қазір Әбекеңнің мұрасын насихаттап, еңбектері қазақтың рухани игілігіне айналуы жолында шәкірттері еңбек етуде. Бұл ретте шәкірті Тимур Мифтахұлы атом энергетика агенттігін 15 жылдай басқарса, Тынысбек Досмағанбекұлы көп жылдар бойы Астанада университет ректоры болды. Ал Қалдыбек Дөңбаев қазір Геофизикалық ҒЗИ бас директоры.

 

Әбекеңнің өмірден өткеніне 19 жыл болды. Көзін көргендер оның адамгер­шіліктері туралы жиі айтады. «Парасатты, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілікті бір бойына жиған асыл жан еді» деп, қимас­тықпен еске алады.

 

Авторы: Әділхан Шоқанов

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры,

«Ядролық физика институты дамуына қосқан үлесі үшін» медалінің иегері

21.04.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz

 

 



109

Вернуться назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler