қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
20.05.2024

Шетелдік ғалымдардың іссапары

 

Джокьякарта мемлекеттік университетінің (Universitas Negeri Yogyakarta, Индонезия) ғалымдары Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология факультетінің «Бастауыш білім беру» кафедрасына ресми сапармен келді. Бұл іссапар екі ЖОО арасында жоспарланған тәжірибе алмасу аясында өтті. Доктор Фери Мухамад Фирдаус (Fery Muhamad Firdaus), доктор Сетиаван Еди Уибово (Setiawan Edi Wibowo), Еви Нур Рокма (Evy Nur Rochmah) және Дзул Фадли Рахман (Dzul fadli Rahman) өз университеті - Джокьякартаның жетекші мемлекеттік жоғары оқу орны туралы бейнематериалды және «Оқытушылар, білім алушылар мен ата-аналар арасында медиа білім беруді дамыту» ғылыми жобасын ұсынды. Жобаның мақсаттарының бірі қазақстандық және индонезиялық білім алушылар мен оқытушылардың жоба шеңберінде әзірленген сайт туралы пікірлеріне салыстырмалы талдау жүргізу.


Ғалымдар қазақстандық мектептерде функционалдық сауаттылықты дамыту мәселелеріне қызығушылық танытты. Осыған байланысты кафедра меңгерушісі Жұмабаева Азия Елеупанқызы «Әліппе» оқулығын, жұмыс дәптерлерін және олармен жұмыс істеуге арналған әдістемелік еңбектермен таныстырды. Аға оқытушы Сәрсенбаева Гүлназ Хамидоллақызы Қазақстанның бастауыш білім беру жүйесі туралы баяндады. Шетелдік ғалымдар үшін «6В01303 - АКТ-мен бастауыш білім беру» мамандығының бірінші курс студенттері аға оқытушы Маханова Аскен Қабдрахманқызының жетекшілігімен «Қайырлы таң» (музыка Е. Өміров, сөздері А. Тойшанұлы) және «Рыжый пес» (музыкасы Г.Струве, сөздері В.Степанова) әндерін орындады. Сонымен қатар, аға оқытушы Камза Гауһар Баймырзақызы қазақтың «Ерке сылқым» және «Тепенкөк» күйлерін орындады.


Джокьякарта мемлекеттік университетінен келген делегацияның бұл іссапары Абай атындағы ҚазҰПУ-дың білім және ғылым саласындағы шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнату саясатын нығайтудағы маңызды қадамдарының бірі болып табылады.

 

  alt=  

  alt=