қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
13.04.2018

Қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы

 


 

Өткен ғасырдың 20-жылдарында Кеңес Одағы құрамындағы қазақ жерінде жоғары оқу орындарының ашылуы заман талабына айнала бастады. Қашан да ізгі баста­малардың алғы шебінен табылған Алаштың арыстары: Алматыда ұлтымыздың алғашқы жоғары оқу орны - Қазақ мемлекеттік университетін ашуды ұсынды. Нақтырақ айтсақ, Қазақ (ол кезде Қырғыз) АКСР Халық Комиссарлары кеңесінің 1927 жылғы 23 наурыздағы қаулысы негізінде тұңғыш университет 1928 жылы қазан айында ашылды.


Бастапқы жоспарға сәйкес жоғары оқу қабырғасында педагогикалық, ауыл­шаруашылық және медициналық фа­культеттер құрылуы тиіс болатын. Сол замандағы еліміздің қоғамдық-әлеуметтік жағдайы ескеріліп, ұстаздарды даярлаудың маңыздылығы бірінші шепке шықты. Осылайша, құрылған Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты қадамын фи­зика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерінен құралған жалғыз факультетінен бастады.


Алғашқы күндерінен бастап Алаштың арыстары мен ұлтымыздың аяулы перзенттері адал еңбектерін аяған жоқ. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы студент­терге тіл білімінен дәріс оқыды. Сонымен қатар ұлы ұстаз-ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл -құрал», «Әде­биеттанытқыш», Жүсіпбек Аймауытов - «Психология» («Жантану»), Мағжан Жұмабаев «Педа­гогика» оқулықтарын жазды. Ұлтымыздың мақтаныштары Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов дәріс беріп, ұлттық кадрларды даярлауда өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаздар қатарында болды.


Алғашқы жоғары оқу орнының бірінші ректоры Санжар Асфендияров болды. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген дарынды ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері С.Асфендияров оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, профессорлық - оқы­тушы құрамын толықтыруға, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты 1930 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты атанып, ал 1935 жылы алғашқы жоғары оқу орнына ұлы ойшыл, философ әрі ақын Абайдың есімі берілді. Ол - бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.


Бүгінде университеттің құрамындағы 7 институт, 39 кафедра, ондаған зертхана, магистратура, докторантурада еліміз үшін аса қажетті мамандар мен ғылыми кадр­ларды даярлануда. Ұлағатты көшті 883 профессор-оқытушы жүргізуде, оның 526-сы - білікті ғалымдар. Атап айтқанда, 157 ғылым докторы, профессор, 344 ғылым кандидаты, доцент, 25 РhD док­торы. Сонымен қатар аталған ға­лымдардың 14-і - ҰҒА-ның академиктері мен коррес­пондент-мүшелері, ал 45-і - ғалым басқа академиялардың ака­демиктері. Білім алушылардың саны 7 мыңнан асады.


2014 жылы 8 ғасырдан астам тари­хы бар, әлемнің жетекші университет­терінің бірі Сорбонна-Париж универ­ситетінің филиалы «Сорбонна - Қазақ­стан» институтының ашылған баршамызға мәлім. Сол жылы 6 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция президенті Франсуа Олланд осы институттың меморалды тақтасын ашты.


Бұл институттағы білім берудің ерек­шелігі - бакалавриат пен магис­тратураның қосарланған диплом бағдарламасы бойынша жүргізілуі, яғни Еуропалық үлгіде білім алуы. Сонымен, 2016 жылдың жазынан бастап университетіміздің түлектері Сорбонна - Париж универ­ситетінің дипломын қатар алып, еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қосуда.


ҚазҰПУ өткен оқу жылында әлемнің үздік 500 университетінің қатарына және QS World University Ranking рейтингіне енді. Шығыс Еуропа және Орталық Азия арнаулы саралауында 30 елдің 200 алдыңғы қатарлы университеті арасында 91-орынды иеленді. Web of Science ақпараттар базасында импакт-факторлы журналдарда жарияланған мақалалар саны бойынша, педагогикалық жоғары оқу орындары ішінде 1-орын алды. Ұлт­тық рейтингі бойынша да универ­си­тетіміз жоғары оқу орындары арасында - алдыңғы орында.


Келтірілген фактілер кездейсоқ емес, қайта ғылымға, соның ішінде ғылыми зерттеулерге көңілді терең бұрғанның салдары екеніне бірер мысал келтірелік. 2015-2017 жылдарда мемлекеттік тапсы­рыс шеңберінде 18 ғылыми-зерттеу жобасы жүргізілді. Ғылым қорының тапсырысымен 2 бағдарламалық арнайы қаржыландыру жұмысы, оған қоса 6 шар­уашылық келісім бойынша зерттеулері атқарылды. Ал 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бағдарламасы негізінде университетіміздің ғалымдары 23 жоба және 2 бағдарламалық арнайы қаржыландыру жобасын жеңіп алды. Қаржыландыру сомасы да екі еседен асты. Осы жобалардың орындаушы­ларының 30 пайыздан астамы - жас ғалымдар.


Сонымен қатар кезекте жас ғалымдар арасында ғылыми-зерттеу жобаларына конкурс жариялауды жоспарлаудамыз. Осы маңызды мәселені Ғылыми кеңесте талқыға салып, жастарды ғылымға бау­лудың жолдарын жетілдіруді көздеп отыр­мыз. Оған қоса, жоғары импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақа­лаларын жариялап, отандық ғылымды әлемдік ғылым кеңістігіне интеграциялауда үлес қосып жүрген ғалымдарымызды қаржылай қолдау жолын іздестірудеміз. Сондықтан сәйкес ереженің жобасын профессорлық-оқытушылар құрамына бағыттадық. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» үшін ереженің жобасын ашық және жа­риялық принциптеріне негізделген. Оған қоса ереже міндетті түрде Ғылыми кеңес­те бекітілетін болады.


Ғылымды насихаттау және ғылыми-зерттеу нәтижелерін жариялау мақсатында университетімізде 18 ғылыми журнал жарық көреді. Оның 8-і БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау коми­тетінің тізіміне, 12-сі қазақстандық сілтемелер базасына енеді. Осы журнал­дардағы мақалалардың саны мен сапасын арттыру жолында да бірнеше маңызды қадам жасалды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес шаралар жүргізіле бастады. Атап айтсақ, барлық журналдардың редакторлар алқасы құрамына шетелдік жетекші ғалымдар енгізілді. Осы қадам біздің журналдардағы шетелдік ғалымдардың еңбектерін жариялауға және шет тіліндегі мақалалардың сапасын арттыратыны анық.


Ұлы ойшыл Абай «ақыл жастан...» дегендей, университет қабырғасында Жас ғалымдар кеңесі өз жұмысын жүргізуде. Әр жеті институттан өкілдері сайланған жас ғалымдар өздерінің жұмыстарын студенттермен тығыз байланыстырған. Яғни, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыс­тары - жүйелі жүргізілуінің айғағы болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстардың интеграциялық көрсеткішті келтіру жөн болар. 2015-2017 жылдар аралығында университетіміздің 77 білім алушысы - халықаралық, ал 459 білім алушы республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары атанды.


Университетіміздің беделді құрылым­дарының бірі - Ғылыми-инновациялық паркі. Құрамында «Хакім Абай», «Ай­тылған тарих», «Авторлық ауызша әдебиет», М.Ғабдуллин атындағы «Тұл­ғатану», «Педагогикалық білім беруді дамыту», «Қазақстан жоғары оқу орын­дарында инклюзивті білім берудің ресурстық кеңес беру және тұлға психологиясы», «Интеллектуалды ұлт», «Функционалды технология және қолданбалы зерттеулер» ғылыми орта­лықтары кіреді. Аталған парктің тек ҚазҰПУ ғылымына ғана емес, отандық ғылыми-зерттеулерді әлемге танытатын ізденестері әлі алда екендігіне күмәнім жоқ.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» Жолдауынан туындайтын міндет­терге байланысты ҚазҰПУ-ды «Цифрлы университетке» айналдыру мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Олардың бір бөлігі үлкен (халықаралық) және кіші (ғылыми) семинарлар аясында жүргізілуде. Алғашқы қадамы ретінде ақпандағы «Цифрлы университет» халықаралық Қазақстан-Ресей семинарын атауға болады. Әзірге аралық нәтижесі ретінде цифрландыру жөніндегі болашағы ашық Халықаралық ғылыми зертхана жұмысын бастағаны зерттеушілерге мәлім.


Кіші ғылыми семинарларда жетекші ғалымдарымыз университет қабыр­ғасындағы жас ғалымдарға, магистранттар мен докторанттарға әлемдік деңгейдегі жаңа ғылыми жетістіктерді баяндаумен қатар, өздерінің қосып келе жатқан үлес­терін жеткізуде. Жас ғалымдар аталған семинарларда өздерінің жетіс­тіктерімен, ғылыми мақалалары мен зерттеулерінің нәтижелерімен бөліседі. Ұстаздары мен әріптестерінің сұрақтарына жауап іздеп, пікір алмасады. Сонымен қатар жас ғалымдарға жоғары импакт-факторлы журналдардағы шет тілдегі мақалалар таратылып, оларды түсінуге уақыт беріледі. Бекітілген тәртіп бойынша жас ғалымдар тапсырылған мақалаларға талдау жасап, семинарларда баяндайды. Мақаланың мақсаты мен ондағы қол­данылған әдістер мен тәсілдерді меңгеру жас ғалымдардың ой-өрісі мен біліктілігін арттыратыны сөзсіз. Жоғарыда аталған жас ғалымдар арасындағы ғылыми жобалардың жеңімпаздарын кіші семинарларда баяндама жасау қажеттілігін айтпаса да түсінікті.


Авторы: Саябек Сахиев
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылым департаментінің басшысы,
физика-математика ғылымдарының докторы

13.04.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz



275

Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler