қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
23.09.2020

Ыстық қайрат, нұрлы ақылды ұштастырған

 


 

Қазақ топырағындағы тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздің білім беру, ғылым мен мәдениет салаларындағы даңқты дәстүрлерін жалғастыра отырып, Қазақстан жоғары мектебінің алғы шебінде келеді. С.Асфендияров, Б.Алманов, С.Толыбеков, Х.Әділгереев, А.Ысқақов, А.Закарин, М.Ғабдуллин, Ж.Жүнісбеков, Қ.Қасымов, Т.Садықов, С.Пірәлиев секілді көрнекті тұлғалар басқарған оқу орнының тізгінін 2017 жылғы маусымда белгілі педагог-ғалым Такир Оспанұлы Балықбаев ұстаған еді. Бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығының ­директоры, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, Қазақ технология және бизнес университетінің ректоры, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, ҚР Білім және ғылым вице-министрі сияқты ­лауазымды қызметтерде шыңдалған Такир Оспанұлы қара шаңырақ білім ордасының абырой-беделін одан әрі асқақтату үшін білімі мен өмірлік тәжірибесін аянбай жұмылдырды.

 

Жаңа ректор бірден оқу-тәрбие үдерісін жолға қою, білім беру сапасын арттыру, профессор-оқытушылар мен студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту ісіне білек сыбана кірісіп кетті. Бұрынғы жеке-жеке факультеттер кеңейтіліп, институттарға айналдырылды.


Профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен қоян-қолтық араласып жұмыс істейтін қызмет стилі ерекше назар аудартты. Институттарды, жатақханаларды жиі аралап, көпшіліктің жағдайын өз көзімен көріп, қордаланған мәселелерді шешіп те берді. Университет сайтында ашылған «Ректор блогы» арқылы студенттер мен ата-аналардың өтініш-тілектерін, арыз-шағымдарын уақытылы қарап, дер кезінде жауап қайтарып отыруды дағдыға айналдырды. Университетте «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Шапағат» орталығын ашу арқылы білім алушылардың құжат дайындауға және басқа да мәселелерге жұмсалатын уақытын үнемдеп, олардың алаңсыз білім алуына жағ­дай жасады. Оқу орнында «Парасат» және «Ізгілік елшісі» орталықтары ашылды. Ай сайын «Денсаулық күні» аясында про­фессор-оқытушылар мен студенттердің спорт­тық жарыстарға қатысуына мүмкіндік туғызды.


2016 жылы Мәскеу мемлекеттік педаго­гикалық университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығының ­бастамасымен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің педагогикалық жоғары оқу орындарының Қауымдастығы құрылып, бір мәжіліс өткізген соң, оның жұмысы қозғаусыз тұрып қалған-ды. Осы Қауымдас­тық­тың жұмысын әрі қарай жылжыту үшін ректор Т.Балықбаев мәскеулік әріптесі А.Лубков екеуі кеңесе келе құра­мында 44 педа­гогикалық жоғары оқу орны бар қауым­дастықтың жұмысын жаңа арнаға бұрды.


Қытайда, Вьетнамда, Түркияда және Польшада ашылған Абай орталықтарының жұмысына жаңа тыныс берген Т.Балықбаев Мәскеу педагогикалық университетінде Абай орталығын ашуға өзі мұрындық болды.


2018 жыл ректор Такир Балықбаев үшін қарбаласқа толы қым-қуыт жыл болды. Оқу орнының 90 жылдық мерейтойын қазан айында халықаралық деңгейде атап өту жөнінде Байқау кеңесі жыл басында шешім қабылдап қойған еді. Күзде өтетін мерейтойға шетелдік жүзден астам әріптес оқу орындарынан қонақтар келмек. Еуразиялық одақ мемлекеттеріне қарайтын 44 педагогикалық университеттің делегациясы қатысады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде филиалы ашылған Францияның «Сорбонна Париж сити» университеттер кешенінен жетпістен аса оқу орны басшылары мен ғалымдары келетіні белгілі болды. Қазақстандағы барлық ЖОО-лардың басшылары, республика Үкіметі мен Парламентінің, тиісті министрліктердің өкілдері шақыртылмақ. 90 жылдыққа тура он күн қалғанда мерейтойлық онкүндік аса жауапты іс-шаралармен басталды. Алдымен оқу орнын 21 жыл басқарған академик Т.Садықовтың 80 жылдығына арналған екі күндік «Садықов оқулары - V» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.


Университет мерейтойына арналған онкүндік аясында өткен «Математикалық модельдеу мен ақпараттық технологиялар - білімде және ғылымда» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.


2014 жылы Абай университеті базасында Францияның ежелгі Париж сити университетінің филиалы болып ашылған «Сорбонна-Қазақстан» институтының даму стратегиясына арналған Қазақ-Француз ­форумына 70-тен астам франциялық қонақтар және өз еліміздің оқытушылары мен профессорлары қатысты.


Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдық мерейтойы 2018 жылғы 5 қазанда Алматыдағы Республика сарайында өткен салтанатты жиынмен қорытындыланды. Мерейтойдан кейін көп ұзамай ректор Т.Балықбаевты Парижге, франкофондық университтер ректорларының форумына шақыртты. Әлемнің 100 мемлекетінен 600-ден астам ректорлар қатысқан бұл ­жиынды Француз Республикасының Премьер-министрі Эдуард-Шарль Филипп ашып, шетелдерде француз тілін оқытудың қазіргі жайы, Францияға шетелдерден студенттерді көптеп тарту туралы сөз етті. Осы ­форумда Абай университетінің «Сорбонна-Қазақ­стан» институты туралы көрмесі әлем деле­гацияларының, әсіресе француз әріптес­тердің ерекше қызығушылығын туғызды. ­Премьер-министр Эдуард-Шарль Филипп пен Такир Балықбаевтың арасында жарасымды әңгіме өрбіді. ­Премьер-министр дүниежүзінде - екінші, ал Орталық Азияда бірінші болып Париж сити университетінің филиа­лын ашып, оны дамытып, Қазақстан мен Франция арасында алтын арқау тартқан қазақ еліне және ректор Т.Балықбаевқа алғыс айтты. Форумнан кейін Т.Балықбаев Францияның және басқа да шетелдердің ЖОО-ларының басшыларымен әріптестік байланыстар орнату жөнінде келісімшарт жасасты.


Ректор Т.Балықбаев күнделікті өз қыз­­метінде білім сапасын жақсарту, әлемдік бәсекеге қабілетті мамандар даяр­­лау мәселесін басты назарға алып отырады. 2018-2019 оқу жылында оқу орнының 76 қызметкері біліктілік арттыру курстарынан өтті, оның 5-еуі шетелдік, қалған 71-і өз еліміздегі «Өрлеу» ұлттық білік­тілік жетілдіру орталығында, Назарбаев зияткерлік мектептері базасында арнау­лы курстарда оқыды. «Қысқы мектеп» пен «Жазғы мектепте» 790 тыңдаушы 28 курстан өтті. Олардың 728-і университет профессор-оқытушылары, 33-і университет кітапханасының қызметкерлері. Ресеймен әріптестік қызмет аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 108 қызметкері «Педаго­гикалық қызмет - цифрлы экономика жағдайында» тақырыбында өткен біліктілік жетілдіру курсына қатысты. Жазғы мектепте А.Комиссарова курстары онлайн-режимінде өтті.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­калық университетінде жаңа білім бағдарламалары мамандықтардың Ұлттық шеңберіне сәйкес жасалды.


Университеттің білім бағдарламаларына «Рухани жаңғыру» «Артбілімберу», «Ұлттық тәрбие технологиясы», «Түрік-латын қарі­­пінің негіздері» сияқты қоғамдық пәндер қосылып отыр. Т.Балықбаевтың баста­масымен бітіруші курс үшін үздіксіз педа­гогикалық практиканың (дуальды оқыту­дың) 15 кредит көлемінде жаңа түрі енгізілді. Яғни студент аптасына 4 күн мектепте практикада болып, 2 күн теориялық білім алумен айналысады. Осының нәтижесінде өткен оқу жылында 108 бітіруші өздері практикада болған мектептерде жұмыста қалды. Жаңа оқу жылында бұл дәстүр жалғасын тауып, 2-курс студенттері аптасына 5 күн оқып, бір күн практикада болмақ. Ал бітіретін курс жыл бойы практикалық жұмыспен тиянақты айналысады.


Қашықтан білім беру 61 оқу бағдарла­масы бойынша жүзеге асырылады. Оның 29-ы педагогикалық мамандықтарға ар­налған. Оқытудың бұл түрі Moodle платформасы бойынша ұйымдастырылды. Биылғы әлемдік індетке байланысты университеттегі барлық білім беру жүйесі қашықтан оқытуға көшті. Бейнеконференциялар мен вебинарлар Zoom, Google Meet, Microsoft Feams, G-suit, Microsoftb Classroom, Scype сияқты сервистердің көмегімен өткізіліп жатыр.


Такир Оспанұлы оқу үдерісіне жаңа инновацияларды, ғылым жаңалықтарын енгізуге құлшынып жүретін басшы. Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің көмегімен университет базасында Пе­дагоги­калық STEM-парк ашуы оның осы ізденісі­нің жемісі. Соның арқасында оқу үдерісіне информатика, ­электротехника, радиоэлектроника және робототехника бойынша білім бағдарламасы енгізілді. «Білім беру мехатроникасы мен робототехника» курсына арналған оқу-әдістемелік кешені әзірленді. STEM-парктің көмегімен жоғары коммерциализациялық әлеуеті бар ғылыми жобалар жүзеге асырылып, мектеп оқушылары мен студенттердің робототехника, мехатроника және техникалық шығармашылықтың басқа да түрлері ­бойынша олимпиадалар өткізілді. STEM-парктің базасында электронды оқыту платформасының орталығы ашылды. Академиялық адалдық кодексі студент­тердің де, оқытушылардың да еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Оқу орнында бірнеше мамандық бойынша көптілді білім беретін 11 топ жұмыс істейді. Қазір бұл топтарда 352 адам оқиды.


Оқу орнында инклюзивті білім беру жақсы жолға қойылған. Өткен оқу ­жылында ерекше білім беруді қажет ететін 44 ­студент оқыды. Оның 31-і көз кемістігі бар, 3-і есту қабілеті төмен, 81-і қозғалу тірек аппаратында кемшілігі бар балалар. Білім алушылардың бұл категориясы үшін арнау­лы қондырғылар жұмыс істейді. ­Мысалы, көзі мен құлағында кемістігі барлар үшін «SARACE» «оқитын машина», цифрлы сөйлейтін DAYSY- плейері, Джойси NVDA экрандық бағдарлама, веб-камералар осы үшін пайдаланылады. Оқу үдерісі кезінде психологиялық-педагогикалық, ақпараттық-адаптивтік қолдау әдістері жиі пайдаланылады. Ерекше білім беруді қажет ететін студенттерге оқу ғимараттарына, аудиторияларға кедергісіз кіріп-шығуға және т.б. толық мүмкіндік жасалған.


Университеттің көпқырлы жұмысының бір қыры білім беруді интернализациялау, шетелдік әріптес оқу орындарымен бірлесе отырып бәсекеге қабілетті қос дипломды мамандар даярлау. Бүгінде қос дипломды 12 бағдарлама бойынша (оның 4-і бакалавриатта, 8-і магистратурада) дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен ­«Педагогика және психология» мамандықтары бойын­ша, Польшадағы Помор академиясымен ағылшынша оқытатын орыс филологиясы бойынша, ИНАЛКО, Пуатье, Лотарингин, Страсбург (Франция) университеттерімен қос дипломды білім беру жүзеге ­асырылады. Бүгінге дейін 72 түлек осы бағдарлама ­аясында білім алып, екі мемлекеттің ­дипломын алып шықты.


Абай университетінде педагогика, ­филология, тарих, философия, әлеуметтік және физика-математикалық, жаратылыстану ғылымдары бойынша ғылыми мектептер қалыптасқан. Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырысы және университетішілік ­гранттар бойынша «Мәңгілік Елдің» ғылыми негіздері - ХХІ ғасыр білімі, гуманитарлық ғылым­дар саласындағы іргелі және қолдан­балы зерттеу­лер, жаратылыстану саласындағы ғылыми зерттеулер, табиғи ресурстар­ды тиімді пайдалану, ақпараттық телеком­муникациялық және ғарыштық технология жөнінде ғылыми жобалар жүзеге асырылды.


Бүгінгі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ 32 шетелдік университетпен 160 халықаралық келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде 20 шарт әлем университеттері ТОП-500 Академиялық рейтингісіне енетін жоғары оқу орындарымен жасалған. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқу орнының 75 білім алушысы шетелдік әріптес оқу орындарында оқып келді. Абай университетінде шетелдерден 406 студент білім алып жүр. Соңғы 2 жылда ғана 984 магистрант шетелдік университеттерде тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ 167 докторант шетелдерде ғылыми-зерттеу, экспериментальдік жұмыс атқарып, инновациялық технологиялармен танысып қайтты. Шетелдерден 53 профессор келіп дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізсе, оның екісіне ҚазҰПУ-дың 111 оқытушысы шетелдерде дәрістер оқыды. Әрине, мұның бәрі университеттің қыруар жұмысын іскерлікпен ұйымдастырып отырған ректор Т.Балықбаев еңбегінің жемісі.


Хакім Абайдың: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, /әуре етеді ішіне қулық сақтап, /өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ­/ақы­лың мен қайратың екі жақтап» ­деген өсиетін берік ұстанып, өмір бойы өзіне, өзінің білімі мен тәжірибесіне, ­күш-қайратына, ақыл-парасатына сеніп еңбек етіп келе жатқан Такир Оспанұлының бойындағы адами қасиеттер ізгіліктермен үйлесіп, оның аза­маттық, ұстаздық келбетін айшықтай түседі.

 

Авторы: Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен
байланыс бөлімінің басшысы

23.09.2020 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz