Шағын жинақталған мектептер: бүгіні мен болашағы
2025 жылғы 17 наурыз күні сағат 15.00-де онлайн ЗУМ платформасында Филология факультеті Шетел тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды және Көктем шағын жинақталған мектептері ұжымына арналған онлайн вебинар өтті.
Вебинардың негізгі мақсаты шағын жинақталған мектептердің мұғалімдері мен жоғары оқу орнының педагог-ғалымдары арасында пікір алмасу алаңын құру, педагогикалық тәжірибе бөлісу және мұғалімдердің ғылыми әлеуетін арттыру болатын, мақсат өз мәресіне жетті.
Осы мақсатқа жету үшін вебинарымызды ашып берген Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы А.В.Танжарикова және кафедра меңгерушісі, PhD доктор С.К.Иватовтар шағын жинақталған мектептердің оқу-әдістемелік тәжірибесін жетілдіру қажеттілігін атап өтіп, өз пікірлерін ортаға салды.
Вебинар барысында модератор филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор м.а. Г.Р.Нурекешова«Ғылыми мақала жазудың алғышарттары» тақырыбында баяндама жасау үшін Академик С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Е.Т.Оспановке және «Академиялық жазылым ғылыми мақаланы құрылымдаудың мәселесі» тақырыбында аға оқытушы, Phd Қ.Е.Молдабаеваға сөз берді. Баяндамашылар жасанды интеллекттің тіл үйрену процесіне әсерін, көптілділіктің когнитивтік дамуға ықпалын анықтауға және нейрожелі негізінде жасалған аударма жүйелері адам аудармасымен салыстырғанда бірқатар шектеулерге ие екенін баяндап, мақала жазудың алғышарттарымен таныстырды.
Вебинар қорытындысы бойынша қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесіп жүргізу және жариялау бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі.

