қазақша · русский · english
 
 
 
19.09.2017

 

Латынға көшу - рухани тәуелсіздіктің бір терезесі ме?

      2017 жылдың 18 қыркүйек күні университетіміздің Жаратылыстану және география институтының «Елтану және туризм» кафедрасының доценті Сарқытқан Қастердің ұйымдастыруымен ел болашағының бағытын айқындар жолда өзектілікке ие боп отырған латын әліпбиіне көшу мәселесін алға тартып, 6М011600-география мамандығының 2-курс магистранттарына ««Таза ауа жұтам деген адам терезені ашады» немесе латынға көшу - рухани тәуелсіздіктің бір терезесі ме? - жастар жанарымен» тақырыбында ашық есік жағдайында сабақ өткізілді.

          Еліміздің ғылым-білім саласымен қатар халқымыздың тарихы мен әдебиетіне, мәдениеті мен өркениетіне, бастысы қазіргі қоғамның санасына ықпал етер латын әліпбиіне көшу мәселесінің түп төркінінде саяси, рухани тәуелсіздігіміз бен тіл тазалығы сынды себепті «сылтаулар» жатқаны белгілі. Сондықтан осы ғасырдың басында елбасы тарапынан ұсынылып, кейін тартыс тудырған тың әліпбиге көшу бағытында соңғы жылдары нақтылы шешімдер қабылданып, 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу қажеттігі туындап отыр.

        Аталмыш шараға профессор, г.ғ.д. Бахадурхан Шарипович бастаған «Елтану және туризм» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен қатар ел ертеңі үшін еңбегі елге сіңген, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы қатысып, осы тақырып төңірегінде өткір ойларын ортаға салды.

         Сабақ барысында Қастер ағайымыз магистранттарға тіл дегеніміздің түпкі мағынасын түсіндіре отырып, қазақ тілінің мәртебесіне, қазақ халқының жазу тарихына қысқаша тоқталып, латынға көшудегі заман талабы мен көлденең кездесетін қиындықтарды көрсетті.

             Латын әліпбиін қолдайтындығын ашық білдірген 1-курс магистранты Айсана Саматқызы күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген жазулардың басым бөлігі латын әліпбиіне негізделгендігін нақтылап, мысалдар келтіре отырып, қоғамның жаңа әліпбиді қабылдауында қиындықтар туындамайтындығын айтты. Осы пікірді қолдаушы өзге де магистранттар нақтылы мысалдармен өз ойларын көпшілікке ұсынды.

          Аталмыш ой-пікірлерге профессор-оқытушылар құрамынан Д.Джангельдина, С.Әбілмәжінова пікір білдіріп, әліпбиге көшудің саясатпен тікелей байланысына мысалдар келтіріп, тарихта бұл әліпбидің қолданыста болғандығын алға тартып, қоғам үшін қиындық тудырмайтындығын тағы айтты.

          Сабақты Қастер Сарқытқан қорытындылап, ғылым мен білімді қатар ұстаған ойлары озық 2-курс магистранттарының қоғамға аса қажет пікірі мен құнды ойларының маңыздылығын тағы бір мәрте ескертіп, латынға көшуді қолдауға бір ауыздан шешім қабылданды.

          Сабақ барысында бірнеше мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жыр жинағын топ магистранты Әйгерім Төлегенге тапсырды.  

 

             Ал, топ магистранты Нұрдаулет Нұрмахамбетұлы аталмыш игі бастаманы жалғастыруды әлеуметтік желілер арқылы өзге білім ордаларының жастарына ұсынды.

 




Кері оралу