Қазақстандағы Ұлт саулығы экономикасын (1920-2020) пәнаралық зерттеу: әлеуметтік ғылымдарда модельдеу мен сандық деректерді талдау
Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география факультетінде экономика ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Спанкулованың «Қазақстандағы Ұлт саулығы экономикасын (1920-2020) пәнаралық зерттеу: әлеуметтік ғылымдарда модельдеу мен сандық деректерді талдау» тақырыбындағы дәрісі өтті.
Академиялық кездесуге қатысушылар үшін бұл шара маңызды әрі мазмұнды болды. Лаззат Спанкулова өз баяндамасында Қазақстандағы ұлт саулығының экономикалық негіздерін зерттеудің өзектілігін жан-жақты түсіндіріп, бұл мәселеге экономикалық, медициналық, білім беру, қоршаған орта және әлеуметтік саясат тұрғысынан қарау қажеттілігін атап өтті.
Дәріс барысында сандық деректерді талдау мен модельдеу әдістерінің тиімділігі кеңінен талқыланды. Профессор Big Data технологияларының мүмкіндіктеріне ерекше тоқталып, үлкен көлемдегі деректерді дұрыс қолдану арқылы халықтың денсаулығын жақсарту жолдарын анықтауға болатынын жеткізді.
Сонымен қатар дәрістің пәнаралық сипаты тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Экономика мен денсаулық саласын біріктіре зерттеу арқылы жаңа әрі тиімді шешімдерге қол жеткізуге болатыны көрсетілді.
Бұл кездесу қатысушылардың ғылыми көзқарасын кеңейтіп, сандық талдау мен модельдеудің зерттеу жұмыстарындағы маңызды рөлін түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай дәрістер болашақ зерттеулерге жаңа серпін беріп, заманауи әдістерді қолдану арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізеді. Қатысқан тыңдаушылар, жас зерттеушілер, магистранттар, докторанттар осы әдістертерді өз зерттеулерінде қолданады деп күтілуде.
Белгілі ғалым дәрісін тыңдауға ҚР Ұлттық Ғылым Академиясынан, ҚызПУ, Тұран университетінен ғалымдар мен зерттеушілер келді.




