Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Жаратылыстану-география» факультетінде, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті
Жақында «Жаратылыстану-география» факультетінің деканаты мен факультет ардагерлер кеңесі бірлесе ұйымдастыруымен, Жеңістің 80 жылдығы аясында «Даңқты ерліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіз - ұрпақ жадында мәңгілік!» атты мерекелік іс-шара өтіп, бұған тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері мен оқытушы-ұстаздар және студент жастар қатысты. Аталмыш шара, ҚР-ның Әнұранының асқақ әуенімен және майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алуменен басталды. Салтанатты іс-шараны ашқан факультет деканы, профессор К.Д.Каймулдинова - қатысушыларды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтау барысында: салихалы тарихы терең біздің оқу орнымыз үшін бұл айтулы күнді жастардың санасына сіңдіріп, отансүйгіштікке баулуға, батыр бабалар жолын ұмытпауға тәрбиелеуіміз керек деп, осы орайда біздің жерімізде бейбітшілікті бағалаудың, достық пен тыныштықты сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік жиын, факультеттің 2-ші курс студенттерінің арнайы дайындаған мәдени бағдарламасымен жалғасын тапты. Олар «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес!» бейнеролигін дайындап, осы орайда факультетте ұстаздық қызмет атқарған және оның түлектері арасынан шыққан майдангерлер мен тыл еңбеккерлері жайлы олардың аты-жөндері жазылып және суреттерімен безендірілген төрт фотостендтен тұратын ақпараттық бұрыш әзірледі. Және де университетіміздің архивінен алынған тың деректерді пайдаланып даярланған фотоальбомда, олар жайлы мәліметтер берілген. Сонымен қатар іс-шара кезінде батыр тұлғаларымыз, «География» мамандығының түлектері: «Кеңестер Одағының батыры» - Қанаш Қамзин мен «Халық Қаһарманы» - Мөрдін Таипов, тыл ардагері - академик Ә.С.Бейсенова және соғыс жылдары Алматыға эвакуацияланған, оқу орнымыздың «Экономикалық география және географияны оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі болған - академик Н.Н.Баранский туралы қысқаша баяндама жасалды. Әсіресе көрермен қауымға ерекше әсер сыйлаған, ол өнерлі білімгерлеріміздің музыкалық қойылымдары болды. Атап айтсақ: «География-тарих» мамандығы студенттерінің «Мәңгілік ұмытылмас ерлік» атты сахналық көрінісі мен осы топтың қыздарының орындауындағы «Катюша» биі және т.б.
Мерекелік іс-шараға арнайы шақырылған: тыл ардагері - профессор К.С.Сағатов, еңбек ардагерлері - Т.Қ.Хамзина, К.Д.Дөненбаева, Ж.Б.Шілдебаев және соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ұрпақтарына (Жазылбек Л.И, Бектенов Н.Ә., Абилмажинова С.Ә., Омаров Қ.М. және т.б.) сөз беріліп, олар тылдағы өздері мен әкелерінің өміржолдарына тоқталды. Бұл шараға қатысқан университетіміздің ақсақалдар алқасының төрағасы - Б.А.Альмухамбетов және Абай атындағы ҚазҰПУ түлектері қауымдастығының жетекшісі - Б.Б.Нұрбатыров құттықтау сөз сөйлеп, батыр бабаларымыздың ерлігі мен тылдағы қажырлы еңбектерінің маңызын атап өтті. Салтанатты жиын соңында, факультет ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.О.Увалиев өз сөзінде - тыл еңбеккерлеріне және ардагерлердің ұрпақтарына алғыс айтып, оларға естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ факультеттің ұстаздары мен білімгерлеріне аталмыш іс-шараға белсенді қатысқандары үшін өз ризашылығын білдіре отырып, алдағы уақытта да факультет ұжымындағы осындай тағылымды іс-шараларда кездесе беруге ниетті екенін жеткізді.







