Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер факультетінің магистранттары Сиань қаласында шетелдік тағылымдамадан өтті
2025 жылғы 17-30 қараша аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетінің магистранттарынан құралған делегация Қытай Халық Республикасындағы Сиань шетел тілдер университетінің Өнер факультетінде шетелдік тағылымдамадан өтті. Тағылымдама жетекшісі - Өнер факультетінің көркемдік білім беру бағыты бойынша профессоры Лю Вэньбин. Тағылымдаманың негізгі мақсаты - болашақ мамандардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық құзыреттерін дамыту, көркемдік білім беру саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ қазақстан-қытай академиялық ынтымақтастығын нығайту болды.
Сиань қаласына барғаннан кейін магистранттар университет кампусына орналастырылып, оқу орнының инфрақұрылымымен және білім беру ортасымен танысты. Сонымен қатар оларға тұрмыстық және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша, соның ішінде мобильді байланыс, көлік жүйесі және қала өміріне бейімделу жөнінде кеңестер берілді.
Оқу-ғылыми бағдарламаға Чанъань кампусындағы ресми қарсы алу кездесуі, университет мұражайы мен кампусын аралау, сондай-ақ Сиань шетел тілдер университеті басшылығы, екі университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студенттері қатысқан бірқатар ғылыми семинарлар енді. Пленарлық отырыста Өнер факультетінің деканы, профессор Ли Джие және Өнер факультетінің көркемдік білім беру профессоры Лю Вэньбин құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай жастары үшін көркемдік білім мен мәдениетаралық диалогтың маңызын атап өтті.
Ғылыми семинар барысында Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер факультетінің магистранттары өнер мен білімнің интеграциясы, халықтың мәдени мұрасын сақтау, заманауи дизайн, кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнерді дамыту тақырыптарында баяндамалар жасады. Баяндамалар мазмұнды пікірталас туғызып, қытайлық әріптестер тарапынан оң баға алды.
Тағылымдаманың практикалық бөлігінде қытай халық биі, дәстүрлі қолөнер, қытай театрының негіздері, каллиграфия және кескіндеме бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Сабақтардың қорытындысы ретінде магистранттар қазақстандық көркемдік мектептің ерекшеліктері мен қытай мәдени дәстүрінің элементтерін үйлестірген шығармашылық жұмыстар топтамасын дайындады.
2025 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер факультетінде ARTFUSION стартап-жобасы іске асырылуда. Осы жоба аясында Сиань шетел тілдер университетінің Өнер факультетінде графикалық жұмыстар көрмесі ұйымдастырылды. Көрме Өнер факультетінің шығармашылық әлеуетін көрсететін маңызды алаңға айналып, академиялық білім беру, халықаралық тағылымдамалар мен стартап-жобалардың бір-бірін өзара толықтырып, күшейтетінін айқын көрсетті.
Тағылымдама бағдарламасының шарықтау шегі магистранттардың Қазақстан мен Қытай жастарының мәдени және көркем алмасуына арналған «Ұлы Жібек жолының жүректері - өнерде бірге» («Силу Тунсинь, И Ци Тунсинь») атты фестивальге қатысуы болды. Сонымен бірге олар бағдарлама қатысушыларының шығармалары ұсынылған музыкалық-би қойылымына және кескіндеме көрмесіне қатысты.
Сиань қаласында өткен шетелдік тағылымдама Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер факультеті магистранттарының кәсіби және тұлғалық дамуына елеулі серпін берді. Тағылымдама олардың дүниетанымын кеңейтуге, зерттеу және шығармашылық дағдыларын нығайтуға, бірегей мәдениетаралық тәжірибе жинақтауға, сондай-ақ қытайлық серіктестермен бірлескен жобалардың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.











