қазақша · русский · english
 
 
 
16.04.2019

ЖОО аралық конференциясы


2019 жылдың 12 сәуірінде университетіміздің Жаратылыстану және география институтының биология кафедрасының профессоры Зина Тұңғышбаеваның жетекшілігімен «6М011300-Биология» мамандығының 1 курс магистранттары ұйымдастырған «Онтогенез барысындағы клеткалық механизмдер» тақырыбында университетаралық, атап айтсақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақстан Ресей медициналық университеті арасында ғылыми конференция өткізілді.

 

Конференциядағы баяндамаларда онтогенез барысындағы клеткалық механизмдердің түрлері қарастырылып, сол механизмдердің ауытқуы кезінде дамитын ақаулықтар мен оған себеп болатын факторлар да баяндалды. Ғылым мен білімді қатар ұстаған ойлары озық 1 курс магистранттары тың бастаманы қолға алып, күні кеше игі шара өткізді. Аталмыш шараға профессор-оқытушылар құрамымен қатар интитуттың халықаралық қатынастар жөніндегі директордың ғылыми істер орынбасары Қалампыр Жұмағұлова және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Манапов қатысты.

 

Ғылыми конференция барысында қос университет атынан бірнеше студенттер мен магистранттар қазіргі таңдағы өзекті тақырыптар бойынша тың мәліметтер беру арқылы өз жұмыстарын жоғары деңгейде баяндап шықты. Аталмыш конференцияда ғылыми жұмысқа бет бұрған жастардың ана тілімізбен қатар ағылшын және орыс тілдерінде еш қиындықсыз еркін сөйлей алатындары байқалды.

 

Конференция барысында әділ қазылар мен көрермендер тарапынан әр түрлі сұрақтар қойылды. Әсіресе, профессор Амантай Қонақбаев және доцент Комус Батырова сыртқы орта факторларының онтогенез барысындағы клеткалық механизмдерге тигізетін әсеріне қатысты мәліметтерді ортаға салып, білім алушылардың қызығушылығын арттыра түсті.

 

Конференция соңында Биология кафедрасының меңгерушісі Мұрат Жақсыбаев сөз сөйлеп, іс-шарадан алған әсерін жеткізумен қатар университетаралық ғылыми конференцияның пайдалы тұстарын айтып, магистранттарды ғылыми жұмыстармен айналысуға шақырды. Осыдан кейін конференцияда үздік нәтиже көрсеткен студенттер мен магистранттар диплом, алғыс хаттармен марапатталды.

 

Ал, топ магистранттары аталмыш игі бастамадан алған әсерлерін әлеуметтік желілер арқылы ҚазҰУ, ҚазҰМУ, ҚазҰТУ, КИМЭП және т.б. білім ордаларының жастарымен бөлісті.

 

   

 

   

 

  




Кері оралу