Абай университетінің студенті XVII Республикалық пәндік олимпиада жүлдегері атанды
2025 жылғы 12-13 мамыр күндері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Музыка мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша «Музыканы оқыту әдістемесі» пәнінен XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.
Аталған пәндік олимпиадаға еліміздің 11 жоғары оқу орнынан 17 өтінім қабылданып, байқауға музыкалық білім саласындағы үздік студенттер қатысты. Қатысушылар қатарында М.Х Дулати атындағы Тараз университеті, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Ж.Тәшенов атындағы университет, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті және басқа да оқу орындарының студенттері болды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен «6В01402 - Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының 4 курс студенті Арзигүл Адилжанова қатысып, шығармашылық және заманауи тәсілдермен ерекшеленген оқу жобасын ұсынды. Ол 6-сыныпқа арналған «Кино және музыка» тақырыбындағы сабақ үлгісінде интерактивті әдістерді, интернет-ресурстарды және жасанды интеллектті қолданудың мүмкіндіктерін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Арзигүл Адилжанова III орын иеленіп, ақшалай сыйлық пен естелік сыйлықтармен марапатталды. Ғылыми жетекшісі - педагогика ғылымдарының кандидаты, «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының профессор м.а. Лаура Какимова білім алушыны жоғары кәсіби деңгейде дайындағаны үшін арнайы дипломмен марапатталды.
Айта кетейік, қазылар алқасының құрамында Атырау университетінің доценті, ардагер ұстаз (қазылар алқасының төрайымы) Тамара Суинғарина, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қауымдастырылған профессор Мұхадас Ғабдиев, өнертану кандидаты Бақыт Тұрмағамбетовамен қатар Абай университетінің атынан профессор м.а. Лаура Какимова болды.






