қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
25.11.2024

Гонконг-Қазақстан білім академиясын құру


2024 жылдың 23 қарашасында Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға қатысу үшін Гонконг (Қытай) қаласына арнайы іссапармен барды. Гонконг білім беру университеті (EdUHK) - Гонконгтағы педагогика мен білім беруді зерттеуге бағытталған жетекші университеттердің бірі. EdUHK -  өзінің инновациялық оқыту тәсілдерімен, оқытудың жоғары деңгейімен және білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесімен танымал. Оның 30 жылдық мерейтойы әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші стейкхолдерлер мен білім беру мекемелерінің өкілдерін жинаған маңызды оқиға болды.


2024 жылдың 25 қарашасында Гонконг-Қазақстан білім Академиясын құру туралы келісімге қол қойылды. EdUHK, Абай атындағы ҚазҰПУ және ҚазҰҚызПУ өкілдері екі ел арасында ғылым, білім беру және тәжірибе алмасу саласындағы озық зерттеулерді ілгерілету алаңына айналатын білім академиясын құрды.

 

Академия өзінің өршіл мақсаттарын үш негізгі функция арқылы жүзеге асырмақ:
1. Озық зерттеулерді ілгерілету: Академия оқытудың жаңа әдістемелері мен тәсілдерін дамытуға ықпал ете отырып, «Жасанды интеллект және инклюзивті білім беру», «Білім берудегі көшбасшылық және STEM білім беру» салаларында пәнаралық және инновациялық зерттеулер жүргізуге жәрдемдесетін болады.


2. Қазақстанның білім беру секторын қолдау: Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастықта Академия өңірлік университеттер консорциумы (Альянс) арқылы елдің шалғай өңірлеріндегі білім беру секторына қолдау көрсетуге ниетті. Бұл халықтың барлық топтары үшін сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


3. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту: Академия Орталық Азияда ерекше назар аудара отырып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысатын басқа елдермен академиялық алмасуды кеңейтуге ықпал ететін болады. Мақсаты-өңірдегі білім беру жүйелерін жақсарту және Қазақстанды Орталық Азияның жетекші білім беру орталығына айналдыру.


Гонконг-Қазақстан білім академиясын құру - білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама тұрақты білім беру тәжірибелері туралы жаһандық пікірталастарға елеулі үлес қоса отырып, екі елде де тәжірибе алмасуға, инновациялық әдістемелерді дамытуға және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.

 

Ректордың ресми іссапары университеттер арасындағы өзара келісімді дамытудағы айтарлықтай ерекше қадам болды және ынтымақтастық туралы маңызды шартқа қол қоюмен ерекшеленді.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=