Абай университеті мен «Dostyq School» арасындағы онлайн кездесу
2024 жылдың 6 желтоқсанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен «Dostyq School» мекемесінің арасында Zoom платформасы арқылы бакалавриат білім алушыларына арналған онлайн кездесу өтті. Бұл шара университеттің Мансап орталығының жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты: Мектеп пен университет арасындағы тәжірибе алмасуды күшейту, инновациялық білім беру бағдарламаларын дамыту, болашақ мұғалімдерді даярлау үдерісін жетілдіру, сондай-ақ студенттерге кәсіби бағдар беру.
Кездесу барысында талқыланған негізгі тақырыптар: Жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктері; Инновациялық білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу; Бос жұмыс орындары мен студенттердің практикадан өту мүмкіндіктері; Оқушылар мен студенттерге арналған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру; педагогикалық кадрлардың кәсіби дамуын қолдау. Кездесуде "Dostyq School" мектептерінің академиялық координаторы - Алсейтов Нұрболат Дүйсенбекұлы спикер ретінде қатысып, мектептердегі бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріп, студенттерге практикалық тәжірибе жинақтау мүмкіндіктері жөнінде баяндама жасады. Оның кәсіби кеңестері мен ұсыныстары студенттер үшін құнды ақпарат көзіне айналды. Кездесуге Абай атындағы ҚазҰПУ-нің 60 бакалавриат студенті қатысты. Кездесу соңында тараптар бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға және білім беру саласын дамытуға бағытталған нақты қадамдарды айқындады. Студенттер бос жұмыс орындары мен практикадан өту мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алды.
Бұл кездесу еліміздің білім беру саласына тың серпін беріп, болашақ педагогтарды даярлауда жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім артады.
