![]()
10.12.2024 Қысқы сессияға дайындық жөніндегі семинар 2024 жылдың 10 желтоқсанында Абай атындағы ҚазҰПУ-да 2024-2025 оқу жылының қысқы сессиясын жоғары деңгейде өткізу мақсатында арнайы семинар өтті. Семинарға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, аудитория және дәліз кезекшілері қатысты. Семинар барысында тест түрінде өтетін емтихандардың өткізілу тәртібі және кезекшілердің міндеттері талқыланды.
Іс-шараға Тестілеу орталығының басшысы Смагулова А.З., «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс» қызметінің басшысы Мәдиев Қ.Қ., сондай-ақ «Академиялық мәселелер жөніндегі департамент» директорының орынбасары Балахметова Г.Қ. қатысты. Мәдиев Қ.Қ. кезекшілердің өз міндеттерін жүйелі атқаруының маңыздылығын атап өтіп, жыл соңында «Студенттер оқытушылар көзімен» атты сауалнама жүргізілетінін хабарлады. Өз кезегінде Смагулова А.З. сессияның сапалы өтуіне қойылатын талаптарды нақтылап, емтихан кезіндегі тәртіп пен жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, «Сынақты сүйемелдеу және талдау» бөлімінің бастығы Ақаев Т.З. өз баяндамасында тестілеу үрдісін ұйымдастырудағы жүйелі тәсілдер туралы айтты. Семинар барысында Абай атындағы ҚазҰПУ аралық аттестация кезінде тестілеуді ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық пен «Академиялық адалдық» принциптері басты назарға алынды. Сондай-ақ, 2024-2025 оқу жылының академиялық күнтізбесі таныстырылды. Кезекшілер арнайы «міндеттеме» толтырып, академиялық адалдық қағидаларына байланысты тест сұрақтарына жауап берді. Семинарға қатысушылар көтерілген мәселелерді толық түсініп, тиімді кері байланыс берді.
Университеттің қысқы сессиясын ұйымдастырудағы бұл бастама білім сапасын арттырып, академиялық адалдықты сақтауға бағытталған маңызды қадам болды.
|