![]()
28.01.2025 Аbai university: Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілдерімен кездесу өтті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, Басқарма Төрағасы-ректор Жанар Темірбекова және Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлүр арнайы келді. Қонақтарды университетіміздің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп пен зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан қарсы алып, Абай университеті мен Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында ынтымақтастықты одан әрі арттыру жөнінде келісімге келді.
Кездесу барысында Абай университетінің ректоры Болат Анапияұлы жоғары оқу орындарының қоғамдағы рөліне тоқталып, көзқарасын білдірді. «Әлемнің дамыған елдерінде университеттер білім мен ғылымның қозғаушы күші ретінде саналады. Жоғары оқу орындары қоғамның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырып, жаңа буын мамандарын даярлайды және ғылым мен білімнің үздіксіз жаңаруын қамтамасыз етеді» – деді Болат Тілеп.
Мәртебелі меймандар Абай мұражайы, Нобель сыйлығының лауреаттары мен әлемдік деңгейдегі ғалымдар және зерттеушілердің еңбектері ұсынылған «Abai Library» кітапханасы сондай-ақ «Abai LABS» ғылыми-инновациялық паркінің зертхана жұмысымен танысты. Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек мырза «Университеттің қоғам дамуындағы маңызы» тақырыбында университетіміздің білім алушыларына дәріс оқыды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың баспасөз қызметі
|