![]()
28.01.2025 «Сұқбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасы өтті 2025 жылдың 28 қаңтарында Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментіне қарасты "Мансап" орталығының ұйымдастыруымен «Сұқбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасының алғашқы кезеңі өтті.
Бұл шара Алматы қаласы, Медеу ауданы, Қ.Қатықбаев атындағы №168 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – болашақ мамандарды жұмыс берушілермен сұқбаттасу дағдыларын үйрету және олардың мансаптық мүмкіндіктерін кеңейту. Жобаға 12 білім алушы қатысып, олардың ішінде болашақ кәсіби мамандар мен мансаптық бағыттағы жастарды қызықтыратын көптеген мәселелер қарастырылды. Шараның ашылуында мектеп директоры Б. Айткәрімов сұқбаттасу барысында жұмыс берушілердің назарын аударуға мүмкіндік беретін тиімді тәсілдер туралы мастер-класс өткізді.
Мастер-класс барысында білім алушылар жұмыс сұқбаттары кезінде кездесетін типтік сұрақтар мен оларға дұрыс жауап беру жолдары, сондай-ақ жұмыс берушінің талабына сай болу үшін қажетті дағдылар мен мінез-құлық мәселелерін меңгерді. Жоба нәтижесінде 1 білім алушы өз мансабын бастау үшін жұмысқа орналасты. Бұл жоба Алматы қаласының әртүрлі аудандарында жалғасатын болады.
2025 жылдың мамыр айына дейін әр аптаның сейсенбі күні Алматы қаласының 8 ауданында аталмыш шара өткізілмек. Бұл – жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған үлкен қадам және оларды болашақ жұмыс орнында табысты болуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылып отырған маңызды іс-шара.
|