![]()
11.02.2025 «Оқыту процесінің нейропсихологиялық аспектілері» танымдық дәрісі
2025 жылдың 10 ақпанында Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының ұйымдастыруымен білім алушыларға арнайы танымдық дәріс өткізілді.
Дәрісті психология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Мұқан Перленбетов оқыды. Іс-шараны кафедраның философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор м.а. Асем Булшекбаева ұйымдастырды.
Танымдық дәріс «Мектепке дейінгі психология практикумы», «Әлеуметтік психология» пәндерінің аясында өткізілді. Іс-шараның мақсаты – білім алушыларға оқыту процесінің нейропсихологиялық негіздері туралы кешенді түсінік беру, білім беру тәжірибесінде нейропсихологияның рөлін ашу, танымдық процестерді дамыту жолдарын көрсету және болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру.
Дәріс барысында оқыту процесінің нейропсихологиялық аспектілері, когнитивті процестерді жетілдіру, оқытудың нейробиологиялық негіздері және заманауи педагогикалық технологиялар талқыланды. Лектор Мұқан Перленбетов білім алушыларға нейропсихология ғылымының негіздері, ми қызметінің оқу процесіндегі рөлі, танымдық дағдыларды дамыту жолдары туралы ғылыми-тәжірибелік ақпарат берді. Сонымен қатар, білім алушыларға практикалық мысалдар келтіріліп, оқыту әдістемелеріне қатысты сұрақтар талқыланды.
Танымдық дәріске кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлбосын Қыяқбаева, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Қатысушылар нейропсихологияның заманауи білім беру жүйесіндегі маңызы туралы пікір алмасып, дәрістің мазмұны бойынша өз сұрақтарын қойды. Дәріс соңында білім алушылар мен оқытушылар өз әсерлерімен бөлісіп, оқытудағы нейропсихологиялық тәсілдерді болашақта білім беру тәжірибесінде қолданудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай танымдық шаралар білім алушылардың ғылыми-зерттеушілік қызығушылығын арттыруға, олардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға ықпал етеді.
|