Пантеон-Сорбонна (Париж) университетінің өкілдерімен кездесу
2025 жылдың 25 ақпанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп Париж 1 Пантеон-Сорбонна университетінің (Paris-1 Pantheon Sorbonne) өкілдерімен кездесу өткізді.
Сорбонна-Қазақстан институты мен Париж 1 Пантеон-Сорбонна университеті арасындағы академиялық және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында өткен ресми кездесуге Париж 1 Пантеон-Сорбонна университетінің өкілдері, атап айтқанда Халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары Антуан Девуку Дю Бюйссон, тарих кафедрасының доценті, Халықаралық байланыстар жөніндегі деканның орынбасары Франсуа-Ксавье Нерар, Францияның Қазақстандағы елшілігінің университеттік және мәдени жобаларына жауапты Назерке Мұхтарқызы мен Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнур Сабитова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапаргалиева, Халықаралық бағдарламалар және ынтымақтастық бөлімінің бастығы Айгерим Тавылдиева, Сорбонна-Қазақстан институтының және Абай атындағы ҚазҰПУ базасындағы Лотарингия университеті филиалының француз тілі оқытушысы Светлана Бухина қатысты.
Кездесу барысында Сорбонна-Қазақстан институты мен Париж 1 Пантеон-Сорбонна университеті арасындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарлары қарастырылды. Сонымен қатар екі жақтың мамандарының қатысуымен білім беру курстарын өткізу, өнер және мәдени алмасу саласындағы ынтымақтастық, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске қосу және экономикалық, әлеуметтік даму, туризм, философия және өнер саласындағы ғылыми тағылымдамалар мен практикадан өту үшін магистранттар мен докторанттарды тарту, қос дипломды бағдарламаларды әзірлеу және енгізу жұмыстары талқыланды.
Бұл сапар халықаралық білім мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, екі беделді оқу орнының байланысын нығайтып, ғылым мен білім саласының жан-жақты дамуына септігін тигізеді деп сенеміз.




