Абай университетінің жас ғалымдарына пәтер сертификаты табысталды
2025 жылдың 26 ақпанында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жас ғалымдары, атап айтқанда, Химия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Даурен Байсейтов пен Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының оқытушысы Гүлістан Елубайға пәтер сертификатын табыстады.
Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың 2024 жылғы лауреаттарын салтанатты марапаттау шарасы «Ғылым ордасы» ғимаратында өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев, ҒЗИ және ЖОО басшылары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде Мемлекет басшысының ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру саясатының арқасында оң өзгерістер орын алғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі ұлғайтылды, жас ғалымдарды қолдау шаралары күшейтілді, ғылымды дамыту және технологиялық саясатты іске асыруға бағытталған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң қабылданып, ғылыми ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары артты, Ұлттық Ғылым академиясының институционалдық рөлі нығайды.
Жас ғалымдарды пәтермен қамтамасыз ету - еліміздегі ғылым мен білімді қолдаудың жарқын үлгісі. Бұл бастама - жас зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың ғылымға деген ынтасын арттырады. Баспанамен қамтамасыз ету - тек әлеуметтік қолдау ғана емес, елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Осы орайда, мемлекет тарапынан жас ғалымдарға көрсетілген қолдау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне және Ғылым және жоғары білім министріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз!
Жас ғалымдарды лайықты марапаттарымен құттықтай отырып, ғылыми-зерттеу жолындағы жетістіктері еселеніп, нәтижелі жобаларды жүзеге асыруда табыстар тілейміз!



