![]()
28.02.2025 Ажинияз атындағы Нукус ұлттық педагогикалық институтының делегациясы Абай университетінде 2025 жылдың 27 ақпанында Абай атындағы ҚазҰПУ қабырғасында Өзбекстан делегациясымен кездесу өтті. Серіктестік қатынастарды дамытуға және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған іс-шара халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Кездесуге Ажинияз атындағы Нукус ұлттық педагогикалық институтының халықаралық бөлімінің директоры Қазим Утениязов, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Ырысты Құттымұратова, сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапаргалиева және Филология факультеті деканының орынбасары Бекболат Байкараев қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты - Абай атындағы ҚазҰПУ мен Ажинияз атындағы Нукус мемлекеттік педагогикалық институты арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау болды.
Келіссөздер барысында екі университет студенттеріне бірден екі оқу орнынан диплом алуға мүмкіндік беретін қос диплом бағдарламасын іске қосу идеясы талқыланды. Бұл жоба академиялық алмасуды тереңдетуге және халықаралық контексте студенттердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ оқытушылар мен зерттеушілердің бірлескен ғылыми жарияланымдарға белсенді қатысуы жоспарлануда. Қарастырылып отырған қадамдардың бірі - Ажинияз атындағы Нукус мемлекеттік педагогикалық институтының базасында филология факультетінің филиалын ашу. Бұл ұсыныс филология саласындағы білім беру процесі мен ғылыми зерттеулердің дамуына елеулі үлес қоса алады, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени және академиялық байланыстарды күшейте алады.
|