қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
04.03.2025

«Студент және сахна» ІІІ республикалық студенттік театрлар байқауы мәресіне жетті


2025 жылдың 3 наурызында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Еңбек адамы жылына» орай студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту және жастарды ұлттық әрі рухани құндылықтарға баулу мақсатында республикалық «Студент және сахна» III студенттік театрлар конкурсы ұйымдастырылды.

 

Конкурсқа 20-ға жуық студенттік театр қатысты. Нәтижесінде Алматы, Астана, Шымкент, Семей және Қызылорда қалаларындағы жоғары оқу орындарының театр ұжымдары финалдық кезеңге жолдама алды. Республикалық деңгейдегі конкурс Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театрында өтті.

 

Конкурсқа арнайы әділ төрелік еткен қазылар құрамына М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ ұлттық академиялық балалар мен жасөспірімдер театры директорының орынбасары Мақсат Камалов, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы Салтанат Бакаева, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ ұлттық академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Аида Жантілеуова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетінің аға оқытушысы, драматург Шоқан Құттыбаев шақырылды.


Финалдық кезеңде Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» студенттік театры, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Думан» студенттік театры, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Жауқазын» студенттік театры, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің «Қаракөз» студент-жастар театры, Алматы қаласынан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Дебют» студенттік театры және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Үркер» студенттік театры бақ сынады.

 

Конкурс ережесіне сәйкес, студенттік театр ұжымдары қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді, әйел тағдырын және оның рөлін терең әрі шынайы сахналап, жас актерлер өз өнерлерін шеберлікпен көрсетті. Олар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

Байқау қорытындысы бойынша: I дәрежелі дипломды «Қаракөз» студент-жастар театры «Қарагөз» қойылымымен жеңіп алды. II дәрежелі дипломмен «Думан» студенттік театры («Ақымақтың қойын дәптері» спектакілі) марапатталды. III дәрежелі дипломды «Шаңырақ» («Танакөз» спектаклі) және «Үркер» («Абай - Тоғжан» спектаклі) студенттік театрлары иеленді. «Көрермен көзайымы» номинациясы «Жауқазын» студенттік театрына берілді.

 

Конкурс жеңімпаздарына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілептің арнайы Алғыс хаттары, сертификаттары және брендтік сыйлықтары табысталды.

 

Республикалық «Студент және сахна» студенттік театрлар конкурсы жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жас өнерпаздардың қабілеттерін танытуына үлкен жол ашуда.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=